Балалар құқығы барынша қорғалады

0 134

Балалар – қоғамымыздың ең әлсіз, қорғансыз бөлігі және олар құқықсыз болуға тиіс емес. Елбасы Жолдауында әрбір сәбидің құқығы қорғалуын талап ететінін атап айтты.

Иә, қандай жағдайда болсын, еліміздің жеткіншектері заңмен қорғалуға тиіс. Заң алдында бәрінің құқығы бірдей.

Бүгінгі таңда АИТВ (ВИЧ) ин­фек­циясын жұқтырғандар көбейіп келе жатқаны белгілі. Осы дертті жұқтырған адамдардың басым көп­шілігі оны мойындағысы келмейді. Шынтуайтында, қоғамнан шеттетіліп қалудан қорқады. Оған сырқат жан­дардың өз құқығын білмеуі себеп болып отыр.

Жалпы, осы індетке шалдыққан еліміздің азаматтары заңнамалармен қорғалған. Мәселен, оларды бала­бақ­ша, мектеп, ЖОО және тағы да басқа оқу орындарына қабылдамауға, жұмыстан шығаруға, не қызметке қабы­лдаудан бас тартуға, тұрғын үй кезегіне тұрғызбауға және өзге де құқықтарын шектеуге жол беріл­мейді.

Сонымен қоса, заңнамаға сәйкес, бала 18 жасқа толғанға дейін жұмыс істейтін ата-аналардың біріне (асы­рау­­шысына) айына төленетін 4 демалыс күні берілуі тиіс. Мүгедек сәбиі бар аналар өздеріне баласы 16 жасқа толғанға дейін жартылай жұмыс күнін немесе толық емес жұмыс аптасын ұйымдастыруды сұрай алады. Кез келген ата-ананың АИТВ жұқтырған 15 жасқа дейінгі баласымен бірге ауруханаға жатуға құқығы бар. Оған аурухана анықтамасы да беріліп, төленуге тиіс.

АИТВ жұқпасы – оны жұқтырған бала үшін үкім емес! Оларды шет­қақ­пайлауға ешкімнің құқысы жоқ. Ата-анасы да баласының тілін тауып, осы жөнінде көбірек түсін­дір­гені жөн. Емдеудің заманауи әдіс­тері­нің арқасында АИТВ-мен туған балалардың арасында бүгінде есейіп, АИТВ жұқпасы жоқ сәбилерді дүниеге әкелген ата-ана атанып отырғандар баршылық.

АИТВ жұқтырған әйелдер арасында ана атануға бел буғандар саны көбейіп келеді. 2010 жылы ана бақы­тын 256 әйел сезінсе, былтыр олардың саны 311-ді құрады. Астана қаласында өткен жылы осы жұқпалы сырқатты жұқтырған 11 әйел құрсақ көтерді. Олардың баласы АИТВ жұқпасын жұқтырып алмаудың қамын денсаулық сақтау мекемелері барынша жасап жатыр. Дертке шалдыққан әйел құр­сақ көтергеннен кейін дәрігер­лердің жіті бақылауына алынады.

АИТВ инфекциясы медициналық зарарсыздандырылмаған құралдарды қолданғанда, қан құйғанда және донорлық ағзаны алмастырғанда да жұғуы ықтимал. Қуаныштысы, Астана қаласында АИТВ инфекциясын осы жолмен жұқтырған жағдай бүгінге дейін тіркелген емес.

Сырқат балаларды түрлі ауруларға қарсы егу жөнінде міндетті түрде дәрігермен кеңескен дұрыс екендігін да айта кету керек. Себебі, АИТВ статусы бар балаларға туберкулезге, полиомиелитке, сары қызбаға қарсы тірі екпе салуға болмайды. Бірақ, қызамық пен қызылшаға қарсы екпелер міндетті түрде қажет.

АИТВ инфекциясымен өмір сүретін баланың денсаулығы, оның өмір сүру стилі мен тәрбиесі үшін ата-ананың жауапкершілігі сау баламен салыстырғанда екі есеге жоғары. Бала есейген сайын өзінің сырқаты жөнінде білгені дұрыс. АИТВ-ға шал­дыққан жеткіншектердің сырт­қы түр-келбеті дені сау балалардан ерекшеленбегенімен, олар құр­­бы­ластарының кемсітушілігіне ұшы­рауы мүмкін. Осы жағдайды болдыр­мас үшін әр ата-ана балаларының құқығын білгені ләзім.

Майра ӘБУҒАЛИЕВА,
Астана қалалық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының эпидемиолог-дәрігері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 1 =