«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балалар не жаттап жүр?

немесе Ермек Өтетілеуовті неге ұмыттық?

0 216

Бірде қызыма балабақшадағы тәрбиеші апайы үйден жаттап келуге төрт шумақ өлең беріпті. Шынымды айтсам, әлгі өлеңнің не мағынасы, не ұйқасы жоқ, шалдыр-шатпақ бірдеңе. Абай атамыздың «Сылдырлап өңкей келісімі» болмағаннан кейін оны жаттау түгіл, оқу да қиын екен. Амалсыздан оны өзім бала ұғымына лайықтап қайта жазып едім, қызым лезде жаттап алды. Содан балабақшаға барғанда тәрбиешіге осы жағдайды айтып бердім. Ол болса: «Аға, біз кейде балаларға жаттауға беретін лайықты өлең, тақпақ таба алмаймыз. Сосын жоқтан бар жасаймыз» деді. Бұл мені ойға қалдырды. Ертеңіне қаладағы «Абай» кітап дүкеніне барып, балалар әде­биетіне арналған сөрені шолып тұрғанда, көзіме бұрышта елеусіз тұрған «Ең күшті адам» деген кітап түсті. Авторы – Ермек Өтетілеуов. Жинақ көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев негізін қалаған «Балалар әдебиетінің алтын қоры» сериясымен «Раритет» баспасынан жарық көріпті. Оған автордың балғындарға арнаған өлеңдері, ойындары, санамақтары, жұмбақтары, ертегілері мен аңыздары енген. Осы кітапты алып, тәрбиешіге апарып беріп едім, ол кісі қуанып кетті. Кейін апайымыз үйге Ермек ағаның шуаққа толы өлеңдерін жаттауға беретін болды.

Былтыр тамаша балалар ақыны Ермек Өтетілеуовтің туғанына сексен жыл толды. Бұл кісі осы Ақмолада өмірге келген. Алматыдағы қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдаған соң туған жеріне келіп, Қорғалжын аудандық газетінде қызмет істейді. Бірақ көп ұзамай қайта Алатаудың етегіндегі әсем шаһарға оралып, сондағы республикалық «Балдырған» журналында, ке­йін «Жазушы», «Жалын», «Ба­лау­са» баспаларында еңбек етеді. 2006 жылы дүниеден озған.
Қаламгер шығармашылығы бірыңғай балаларға арналған. Ақын өлеңдерінде Отанымыздың ұлылығын, туған жердің табиғаты мен байлығын, балдырғандардың шат өмірін, оқуы мен көңілді демалысын қарапайым тілмен көркем жырлайды. Онда артық бояу, әсірелеу жоқ, сақаға құйған қорғасындай жұп-жұмыр болып келеді. Бала ұғымына да бірден қона кетеді.
Ауылдағы атам маған,
Атап берді бір құлын,
Түсіндіріп жатыр ағам,
Атаулардың түр-түрін.

Қуана өзің қабыл алған,
Еркек құлын жаңағы.
Күзде түгін қалыңдаған,
Аталады – жабағы.

Ал жасында бірден асқан,
Айта алады кез келген:
Тай болды деп күрен қасқаң,
Жал-құйрығы күйзелген, – дей келіп, жылқы атауын түгендеп береді. Бұл, бір жағынан, қалада жылқы көрмей өсіп жатқан қазақ балаларына ой салса, екіншіден, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды білуге дәріптейді.
Қаламгердің балалар әдебиетінің жанрын толық меңгергендігін оның кез келген дүниесінен байқайсыз. Ақынның балғындарға арналған санамақтары, жаңылтпаштары, аңыз-ертегілері де оймақтай, жинақы жазылған. Оқығанда есіңізде бірден қалып қояды. Айталық, мына санамақты оқиықшы:
Біз үйде нешеуміз?
Кел санайық екеуміз:

Бас бармағым – папам,
Балаң үйрек – апам,
Ортан терек – ағам,
Шылдыр шүмек – мен,
Титтей бөбек – сен.

Бір үйде біз нешеуміз?
Бір үйде біз бесеуміз.
Кезінде оның шығарма­шылығы туралы Мұзафар Әлімбаев: «Ермек Өтетілеуов осы заманғы кәсіби балалар поэзиясының озық нұсқаларын зерттеп, шеберлігін үйреніп қана қоймай, оны халық фольклорымен ұштастырып, поэтикалық балқыма қорытады» деп айтыпты. Сондай-ақ, ақын әлемдік балалар әдебиеті жүйріктерінің біраз шығармаларын тамаша тәржімалаған.
Бүгінде балалар әдебиетінің жағдайы да келісіп тұрған жоқ. Жеткіншектерге арнап жазып жүрген қаламгерлер де сирек. Осы жанрдың көрігін қыздырып, жоғары кәсіби деңгейге жеткізген бұрынғы ақын-жазушылардың шығармалары да кеңірек насихатталмайды. Қазір Ермек Өтеті­леуовтің есімі де ұмытылып барады. Өткен жылы туған қаласында сексен жылдық мерейтойы да атап өтілген жоқ. Бұл кісіге елордадан бір көше берсе де артық емес.
Бүгін – Халықаралық балаларды қорғау күні. Дәл осы күні балдырғандарға құнды мұра қалдырып кеткен бала жүрек ақын туралы ойладым. Айтпақшы, қазір қызым Ермек ағаның көп өлеңдерін жатқа айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды