БАЛАЛАР МҰРАСЫ – БАЛАРҒА

0 344

бала мұрасы

Радио, теледидар, компьютер, ұялы телефон жоқ дәуірде қазақ баласы үлкендердің ертегілерін, ауылдағы немесе сырттан қонақтап келген өнерпаздардың ән-күйлерін, батырлық дастандары мен жырларын тыңдап, бесік жырымен уанып, ұлттық тамырдан ажырамай өсті.

Қазіргі инновациялық технологиялар заманында балаларымыз санамызға мүлде жат тәрбие жетегінде кетіп жатыр. Мұндайда не істеу керек? Әрине, ата-бабаларымыздың әдісімен өскелең ұрпақтың жан-жүрегіне рухани мұрамызды жаңа заманға бейімдеп құю қажет. Ол дегеніміз – бүгінгі әлемдік ғылыми-технологиялық жетістіктерді қазақы ұғымға сай келетіндей етіп қолдану.

Осыны білсек-тағы, істен гөрі сөзге жақынбыз. Қыдырәлі Болманов сынды бірен-саран азаматтарымызды ғана бұл іс алаңдататындай. Соның өзінде Қыдырәлінің «Бал-бала» фирмасы жасап шығаратын әнші-биші қуыршақтардың кейбірін сатып алуға қарапайым қазақ отбасының қалтасы көтермейді. Мәселен, «Қарақат» қуыршағының бағасы 100 мың теңгенің үстінде. Тіпті, одан да асып кетеді…

Ұлттық академиялық кітапханада тұсауы кесілген «Абайтану әліппесі», «Даналық әліппесі» және «Электронды қазақ үй» интерактивті өнімдерінің бағалары жоба авторларының айтуынша, қымбат болмайды. Солай болса екен дейміз, себебі, тұсаукесерде қоғам және мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков айтпақшы, қазақтың шекесі шылқып жүрген жоқ.

Мәдениет министрлігінің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында шығарылып отырған бұл өнімдерге тоқталар болсақ, «Абайтану әліппесі» кешені «Жақсы бала», «Жақсы ұстаз», «Жақсы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» деп аталатын 4 кітаптан тұрады. Ішіне жинақталған материалдар сөйлейтін қаламның көмегімен дыбысталады. Бір атап өтерлігі, бұл жобаға белгілі әдебиеттанушы-абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы атсалысқан.

12 кітаптан тұратын «Даналық әліппесі» оқу-тәрбие кешенінде де сөйлейтін қалам бар. Оған қобыз бен домбыра күйлері, бесік жыры, халық әндері мен аңыздары, ертегілер мен тағылымдар, жырлар мен мақал-мәтелдер, билер сөздері мен бабалар батасы енгізілген.

Көпшіліктің тарапынан қызығушылық тудырған «Электронды қазақ үй» жобасы бала түгілі үлкенге қажет өнім екен. Көп кешікпей Астанада сатылымға шығуы тиіс, «Ұлас-Электрон» ЖШС (авторлары Ғалымбек Қызырбекұлы мен Жарқын Сәленұлы) шығарған бұл өнімде барлығы 1200 шығарма топтастырылған. Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері –Айдос Бектемір мен Сауық Жақан оқыған ертігілермен ашылатын жоба әрі қарай балалар әндері, күйлермен, халық және халық композиторларының әндерімен, терме-толғаулармен, патриоттық әндермен, бесік жырларымен жалғасып, Абайдың «Қара сөздерімен» аяқталады.

Осыларға тереңірек тоқталғанды жөн көрдік. Біз қазір балалар әндері мен патриоттық әндер жоқ деп, аузымызды қу шөппен сүртіп жүр екенбіз. «Электронды қазақ үйді» қолыңызға түсірсеңіз, оның мол екеніне көз жеткізесіз. Онда барлығымызға бала кезден таныс «Ақ көгершін», «Айгөлек», «Қошақаным қайда екен?», «Жалқаубек», «Қуыр, қуыр, қуырмаш» әндерінен бөлек, өзге де жүздеген ән бар. Әсіресе, кейінгі кезде көрнекті композитор Әсет Бейсеуовтің балалар тақырыбына жазған әндерін естімей жүрген біз жоба ішінен оның ақын Серік Тұрғынбекұлымен бірлесіп жазған «Құралай» мен «Томпаңбай» әндерін көріп қуандық.

БЕДЕЛСӨЗ

мақсат сқақовМақсат СҚАҚОВ,
Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы:
Киіз үй форматындағы жобада 1200 шығарма бар. Белгілі қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыздың «Жүгіріп шығар белес көп, Алуға асқар шың қиын. Шал-шауқан болу оп-оңай, Ақсақал болу тым қиын» деген әдемі сөзі бар еді. Ұлтты тәрбиелейтін кешегі ақ жаулықты аналарымыз бен ақ сақалды аталар болатын. Бірақ, олар бүгінгі таңда азайып қалды. Үйінде ақсақалы мен әжесі жоқ балдырғандарымыз бар. Мына өнімдер солардың әрқайсысының жастығының басында тұрсын деген ниетпен жасалды. Қазақ айтады екен: «Баланы тәрбиелеп әуре болма, бәрібір өзіңе ұқсайды, өзіңді тәрбиеле» деп. Сондықтан, мұның барлығының Мәңгілік ел болуымыз үшін атқаратын ролі өте зор деп ойлаймын.
Мырзатай ЖолдасбековМырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері:
Құдайға тәуба, кейінгі кезде қазақтың эпостары, қазақтың мың күйі, қазақтың мың әні сияқты асыл мұраларымыз жарық көріп жатыр. Кезінде далада мектеп, университет, академия болған жоқ – осылардың бәрі біздің дала мектептеріміз, даланың ұлы университеттері, даланың ұлы академиясы еді. Өте сорақы, сойқан саясаттың салдарынан тарихымыздан, асыл мұраларымыздың барлығынан айырылуға шақ қалдық. Бұл нәрестені уызынан айырғанмен бірдей еді. Жынынан айырылған бақсыдай бола жаздадық. Бірақ, Құдайдың құдіретімен одан аман қалдық. Қазақ халқының рухы күшті екен…
«Абайтану әліппесін», «Даналық әліппесін» көргенде, үндерін тыңдағанда, өзім балаша қуандым. Алла көп көрмесін, менің екі шөберем бар. Біреуі – 12-ден, біреуі – 8-ден асты. Олар таңертеңнен кешке дейін айпад дейді, анау дейді, мынау дейді… телефон… орындарынан тұрмай жер-дүниенің машақатын көреді ғой. Соның ішінде қазақша жоқ. Телефонға міндетті түрде салу керек.
Екі-үш жыл бұрын бір балалар менің кабинетіме келіп, осы киіз үйдің жобасын көрсетіп, батамды алып еді. «Мыналарың рас па, ертегі емес пе?» дегенмін. Олар: «Жоқ, аға, мұны жүзеге асырамыз» деген. Құдайға тәуба, мұны да көрдік. Менің енді бір өтінішім: бұл тек осы тұсаукесерде ғана жарқ етіп көрініп, жоқ болып кетпесін. Бұл халыққа жетуі, бағасы арзан болуы керек. Қазақтың жағдайын білесіңдер ғой – шекесі шылқып отырған жоқ. Қалада біз талтаңдап жүрміз, ауылдағылардың жағдайы белгілі. Сондықтан, бұлар алдымен ауылдағы қазақтарға қолжетімді болуы керек.
Нұрлан ОразалинНұрлан ОРАЗАЛИН,
Парламент Сенатының депутаты:
Қандай жаңалық болсын, қандай өзгеріс болсын, заманына сай болуы керек. Әсіресе, ұлттың өсуіне, ұлттың қанаттануына тікелей себеп болатын дүниелер. Қазақ үйі деген қандай жақсы! Оның тетігін баса қалсаң, қазақша сөйлей жөнелетіні қуантады.
Экономикамыз бен саясатымыздың дамуы жаман емес. Біздің ендігі саяси тұтастығымызды шегелеп, этносты, ұлтты алға жетелейтін идеология деген сала. Ал, идеологияның алтын бауы, алтын қазығы ол – Мәдениет министрлігі. Жаңа министрдің жұмысы бала тәрбиесінен басталып отыр екен, ал баланың санасы сергек болса, бала – ұлтшыл болса, ол – ақылды болады. Ұрпақ ақылды болды деген сөз – ұлт ақылды болады деген сөз.
Үш мыңжылдық тарихы бар халықпыз. Не көрмедік біз? Қандай үлкен тарихи оқиғалардан, сүргіндерден өтпедік? Қалыптасу кезеңдерімізге қарасақ, уақыттың бізді сынап келе жатқанын көреміз. Сол сыннан сүріндірмей өткізетін жақсы ұрпақты тәрбиелеуге осы жасалған өнімдер қызмет етеді деп ойлаймын.
Оразкүл АсанғазыОразкүл АСАНҒАЗЫ,
Парламент Мәжілісінің депутаты:
«Бітер істің басына жақсы келер қасына» дейді. Мұхтар Шахановтың шырылдап айтатыны бар еді: «Үш ұлтты қойыпты. Біреуі – неміс, біреуі – ағылшын, біреу – француз. Әрқайсысы өз музыкасына қимылдапты» деп. Сондықтан, әр қазақтың үйінде тұратындай дүниелерді жасаған азаматтарға Алла риза болсын дегім келеді. Сәттілік тілеймін!
«Балаңды бесіктен түзе, келінді есіктен түзе» демекші, мына жобалардың ішінде балаға да, келінге де арналғаны бар екен. Бұлар әр қазақстандықтың үйіне жететіндей болып шықса деймін. Ол үшін осы жобалар бойынша Мәдениет, Білім және ғылым министрліктері бірігіп жұмыс істеуі керек.
Мен жақында ғана Ақтөбе облысының ең шалғай ауданында болдым. Соның балабақшасында Ресей ән-күйінің нотасымен шыққан жиырма кітап тұр. Сонау қазақтың шеткі ауылындағы балабақшадан сондайды көрдім. Біздің жарты кітабымыз да жоқ. Мектептің оқушысы «Ауырмайды жүрек» деп конкурсқа шығады. Бала кінәлі емес, бірде-бір мектепте ноталық қазақ әндері жоқ…
Әрбір министрге шығарған өнімдеріңізді көрсетіңіздер. Бір-біріне кәдесый ретінде таратсын. Қазақтың баласына «Кім боласың?» десең, «Министр боламын» деп жауап береді. Біздің министрлердің ішінде бір-екеуінен басқасы өзіміздің ұлтымыздың өкілі ғой, өзінің тілін үйренуге мүмкіншіліктері бар. Балаларына апарып берсінші. Өздері білмесе, енді мақұл, солардың орыс пен ағылшынша ән жаттап жүрген балаларына мынау таптырмайтын нәрсе. Кәдеге жарасын. Халқымыздың тілінің өз биігіне көтерілуіне ықпал етсін.

 

Патриоттық әндер Мемлекеттік Әнұранымызбен ашылады. Одан кейін Ескендір Хасанғалиевтың «Атамекенімен», Жанбота Тұяқбаевтың осы аттас әнімен, Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», «Саржайлау», «Алатау» әндерімен жалғасады. Мұхтар Шахановтың «Рух пен тіл», «Желтоқсан тағылымы» әндері де қисынды енгізілген. Сондай-ақ, «Қара бауыр қасқалдақ», «Көк тудың желбірегені» сынды сүйікті әндер табылады. Кейінгі шыққан туындылардан мұнда Ержан Серікбаевтың «Жаса, Қазақстан!», жас әнші-композитор Ибрагим Ескендірдің «Аманат», Руслан Мамытовтың «Жаса, қазағым!» әндері топтастырылған.

Халқымызда тек домбыра күйлері ғана емес, қобыз, сыбызғы күйлері де бар. Сонымен бірге сазсырнай мен жетіген, шаңқобыз, адырна, шертер сынды көне саз аспаптарында орындалатын болса, әуенділігі бұзылмайтын шығармалар да мол. Осылардың барлығын майталман күйшілер мен орындаушылар жеткізеді тыңдармандарға.

Халық және халық ком­позиторларының әндері бөлімі­нен жұртты сағындырған Кенен Әзірбаев, Жүсіпбек Елебеков, Дәнеш Рақышев, Жамал Омарова, Манарбек Ержанов, Жәнібек Кәрменов секілді дүлдүл әншілердің дауыстарын тыңдауға болады. Терме-толғаулар да ойландырмай қоймайды. Ал, белгілі актер Болат Әбділманов оқыған Абайдың «Қара сөздерін» тыңдап, терең ой құшағына батасыздар.

Жалпы алғанда аталған жобалардың қазақ баласына берері мол. Оған дуалы ауыздардан шыққан төмендегі пікірлер куә.

P.S.

Сол күні әдеттегіше автобуспен үйімізге қайттық. Жан-жағымыздағы жолаушылар қолымыздағы «Электронды қазақ үйіне» қызыққанын байқадық. Ақыры, бір апамыз шыдамай, не ұстап бара жатқанымызды, қайдан алғанымызды сұрады. Түсіндіріп айттық. Ол қораптың сыртындағы жобаны жасаған адамдардың телефондарын жазып алды.

Үйге келгенімізден кейін ішіндегі дүниелерді тыңдадық. Берілгеніміз сонша, күнде кешке көретін теледидарымыз далада қалды…

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 + seventeen =