Балалар емханасы ашылды

0 155

Кеше Астанада №1 қалалық балалар ауруханасының базасында 125 келушіні қабылдай алатын мамандандырылған клиникалық–диагностикалық екінші балалар емханасы ашылды. 

 

Аталмыш мекеме Сарыарқа ауданында тұратын 80 мыңнан астам балаға меди­ци­на­лық қызмет көрсетуге қауқарлы. 40 орынды күндізгі стационары бар. Онда эндокринолог, кардиоревматолог, логопед, аллерголог, хирург, нефролог, сурдолог, гематолог, неанотолог, гастроэнтеролог, травматолог секілді мамандар қабылдау жүргізе алады.

Емхана заманауи медициналық құрыл­ғы­лармен жабдықталған. Мұнда функционалды диагностикалық кабинет, ультра-дыбыстық тексеру, рентгенологиялық зерттеу, физиотерапиялық емдеу кабинеті және меди­циналық әлеуметтік көмек көрсететін бөлімдер бар.

Айта кетерлігі, №1 қалалық балалар­ ауру­ханасы Астана қаласы Медицина­ универ­си­те­тінің педиатрия бойынша негізгі клини­ка­лық базасы болып табылады. Оның бес кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы балаларға медициналық көмек көр­се­тіп қана қоймай, сапалы қызмет көрсетуді жоғарылатуда дәрігер-мамандарды үздіксіз оқытып келеді.

–Астана қаласының мерейтойы қар­са­ңын­да ашылған мекеме – елордалықтар үшін аса маңызды әлеуметтік нысан. Осы уақытқа дейін Ас­та­надағы №2 қалалық бала­лар ауру­ханасы жанында балаларға арнал­ған жал­ғыз 20 орындық күндізгі стацио­нар­лы маман­дандырылған клиникалық-диаг­нос­ти­­калық емхана үш есе жүктемемен жұмыс жасап келді. Жаңа емхананың ашылуы қала­ның кішкентай тұрғындарына дер кезінде маман­дан­дырылған көмек көрсетіп, сапаны жоғарылатуға мүмкіндік береді, – дейді емхана жұмысымен таныстырған Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айгүл Сегізбаева.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

fifteen + eleven =