Балалар денсаулығы – ұдайы назарда

0 54

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының кезекті сессиясында мектеп оқушыларының денсаулығын сақтауды қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен баяндама жасады.Қазіргі кезде елордада 117 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Былтыр­дан бері орта мектептердегі медициналық кабинеттер мен ондағы медицина қызметкерлері Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Орта білім беру ұйымдары аумақ бойынша емханаларға тіркелген.
Биылдан бастап Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан бір оқушыға 470,84 теңге бөлінеді. Осы жылдың төрт айының қорытындысы бойынша 55372 бала скринингтен өту керек еді. Қазірге дейін олардың 78 пайызы қамтылды.
Бұған қоса, оқушыларға екпе салу жұмысы жүргізілуде. Басымдық 9 және 11-сынып оқушыларына, сондай-ақ декреттелген жаста жоспарлы екпені алмаған балаларға беріледі.
– «2019-2022 жылдарға арналған елордадағы мектеп жасындағы балаларға медициналық қызмет көрсетудің» жол картасы жұмыс істеп жатыр. Мектептердегі бүкіл медицина кабинеттерін медициналық техникамен жабдықтау, «Мектеп медицинасы» циклы бойынша мектеп медицинасымен айналысатын дәрігерлерді оқыту, оларға осы жылдың екінші жартысында сертификат беруді ұйымдас­тыру – өзекті жұмыс. Скринингті тұрақты түрде және сапалы жүргізу аса маңызды. Мектеп оқушыларының денсаулығын тоқсан сайын тексеріп, бұл жұмысқа мониторинг жүргізіп отыру керек. Ауытқушылықтарды ерте кезден анықтап, сауықтыру жұмыстарын жүргізу қажет. Балалардың денсаулығын сақтауға аса зор жауапкершілікпен қараған жөн. Әсіресе, ерекше қажеттілігі бар балаларды ұмытпауымыз керек, – деді Б.Мәкен.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − one =