БАЛАЛАР БАЛАБАҚШАМЕН ҚАНШАЛЫҚТЫ ҚАМТЫЛҒАН?

0 13

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында 2016-2020 жылдарға арналған қаланы дамыту бағдарламасы талқыланды. Соның ішінде білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салалары бойынша егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Қалыптасып отырған жағдаймен қаланың Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сейітқұлов таныстырды.

Тиісті бағдарламаға сәйкес 3-6 жасар балаларды балабақшамен қамту осы уақытта 100 пайызға жетуі керек еді. Алайда іс жүзінде бұл көрсеткіш 98,4 пайыз болып отыр. Баяндамашы мұны кезекте тұрған балдырғандардың көптігімен, соған сәйкес балабақшалардағы орындардың тапшылығымен түсіндірді. Оның айтуынша, қазір балабақша кезегінде 42 мыңнан аса бала тұр. Соның бір себебін, елордаға көшіп келіп жатқан халықтың нөпірімен де түсіндіруге болады.
Білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова биыл мәслихат депутаттары қол­дауының арқасында осы салаға қомақты қаржы бөлінгенін айтып өтті. Соның ішінде жекеменшік балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастыруға бөлінген қаржы аз емес. Кәсіпкерлермен бұл тараптағы жұмыс жалғасады.
Мәслихат депутаты Зейнолла Шібкенов 98,4 пайыздың өзі күмән тудыратынын айтып, бұл көрсеткіш жалған емес пе деп сұрады.
– Бес жыл бұрын балабақша кезегінде 6 мыңнан 12 мыңға дейін балдырған болды. Одан кейін 17 мыңға жетті. Енді 42 мыңнан асты деп отырсыздар. Онда 98,4 пайыз қайдан болады? – деді депутат.
Басқарма басшысының сөзінше, қазір ата-аналар сәби туа салысымен оны тиісті порталда балабақша кезегіне қояды. 42 мың содан шығып тұр. Бұл жерде 0-6 жасар балдырғандар есептелген.
Депутаттар әу бастан 2020 жылы балабақшамен қамту 100 пайызға жететініне күмәнмен қарағандарын айтып өтті. «Бала туу көрсеткіші мен ішкі миграцияға қарап, қала тиісті межеге жетпейтінін болжауға болар еді» деді депутат Рамзия Өмірбаева.
– Бағдарламаға түзету енгізу керек сияқты. Жақында біз «Жағалау» тұрғын үй кешенінде пайдалануға берілген білім нысандарын араладық. Соның ішінде 75 балаға арналған балабақшаны да көрдік. Бұл – жақсы тәжірибе. Тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында білім нысандарын ашу туралы ұсыныс хат дайындаймыз, – деді қалалық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Мәжит Шайдаров.
Оған жауап берген Ш.Қадырова балабақшамен қамту бойынша 100 пайыздық жоспар «Балапан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жасалғанын атап өтті. Оның айтуынша, барлық жағдайларды ескеріп, келесі жылғы меже 99 пайыз болып белгіленді.
«Ильинка» тұрғын алабында белгілі бір ауруларға маманданған дәрігерлер жетіспейді. Сол себептен ата-аналар екі-үш автобус ауыстырып, балаларды Қарағанды тасжолының бойындағы ауруханаға апаруға мәжбүр. Әлеуметтік желі арқылы Алла Кужатаевадан келіп түскен бұл сауалға Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов жауап берді.
– Қала әкімдігі 87 резидентті оқыту туралы шешімге келді. Олардың арасында белгілі бір ауруға маманданған 70 дәрігер бар. Ал «Ильинка» тұрғын алабында бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығын ашу жоспарланған. Онда белгілі бір ауруға маманданған дәрігерлер қарастырылмаған, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, қазір қалада көз бен құлақ дәрігерлері, невропатологтар, педиатрлар жетіспейді.
«Ильинка» тұрғын алабында тұрғындар ерекше қажеттілігі бар балаларды бейімдеу орталығын ашуды да сұрап отыр. Бұл сауалға жауап берген Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы ­Сәуле Нұрғожина қалада осындай орталықтар ашылғанын, қала әкімінің тапсырмасымен мұндай орталықты сол жағалауда ашу жоспарланып отырғанын жеткізді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 12 =