«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Балалар әдебиеті қандай күйде?

0 936

Өмірден ерте озған дарынды балалар жазушысы Сейітқұл Оспанов өзінің күнделігіне: «Қазақ балалар әдебиетінің мүлде үні шықпай қалды ғой. Өліп қалды ма? Қанша дертке шалдықса да, төсектен басын көтеретін уақыты болды емес пе? Мына жаңа заман, жаңа қоғамның алдында мүлде қауқарсыз болғаны ма… Ал бұған дейін қазақ балалар әдебиеті тәп-тәуір-ақ еді…» деп жазыпты. Осы жазба мені терең ойға қалдырды. Шындығында, біздің балғын күнімізде балалар әдебиетінің дәуірлеген шағы болды. Түкпірдегі ауылға дейін балаларға арналған кітаптар келетін. Соларды қызығып оқып, қанаттанатын едік. Қазір ол кезең жоқ. Бірақ балалар әдебиеті де тоқырап қалды деп айта алмаймыз. Жақсы дүниелер жазылып жатыр. Қордаланып қалған мәселелер де жоқ емес. Сондықтан осы әдеби жанрдың жағдайы қалай, ілгері даму бар ма деген са­уалмен белгілі қаламгерлердің пікірін алған едік.

Серік АСЫЛБЕКҰЛЫ, жазушы:

МЕМЛЕКЕТТІК ҚАМҚОРЛЫҚ ҚАЖЕТ

– Біраз жылдан бері «ZHERSU» кор­порациясының президенті Бауыржан Оспановтың қолдауымен «Дарабоз» бәйгесі өтіп келеді. Осы байқау жарияланғаннан бері балалар әдебиетінде серпіліс пайда болды. Жазушылардың жазған дүниесі еленіп, жүлдегер атанды. Шамалы болса да авторға қаржылай сыйлық берілді. Сондықтан мұндай байқаудың балалар әдебиетінің жандануына әсері мол. Бірақ Білім және ғылым министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан осындай әдеби конкурс ұйымдастырылғанын естіген емеспін. Негізі, шет елдерде балалар әдебиетіне қатты көңіл бөледі. Бірнеше байқаулар ұйымдастырады. Олардың жеңімпаздары қомақты қаржы иеленеді. Содан кейін қаламгерлерді ынталандыру пайда болады. Ертеректе, 1970-80 жылдары «Жалын» атты жасөспірімдер мен балаларға арналған республикалық байқау өтетін. Соның арқасында әдебиетке қаншама қарымды сөз зергерлері келді. Мысалы, сол конкурстың жеңімпаздары Қарауылбек Қазиев, Тынымбай Нұрмағамбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Марат Қабанбаевтың есімдері жалпақ жұртқа танылды.
Менің ойымша, балалар әдебиетін, ең алдымен, мемлекет қамқорлығына алу қажет. Содан соң шетелдегі мықты деген балалар шығармаларын қазақшаға аударылса дейміз. Тәржімашылардың да еңбегі «инемен құдық қазғандай». Оған да демеу керек. Жасыратыны жоқ, қазір бәрі де материалдық қолдауға байланысты. Соған дұрыс ниет бұрылса, балалар әдебиеті алға дамиды.

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ, жазушы:

БЕЗЕНДІРУ КӨҢІЛІМНЕН ШЫҚПАЙДЫ

– Қазір балалар әдебиеті туралы мәселелер көтеріліп жатыр. Алдағы 7-8 маусымда бас қалада халықаралық балалар әдебиетінің форумы өтеді. Сонда біраз ойлар қозғалады деп сенемін. Бүгінде жеткіншектерге арналған кітаптар қолға түсе бермейді. Алысқа бармай-ақ елордадағы «Абай», «Астана», «Меломан» және т.б. кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі балалар жинақтары өте аз. Саусақпен санарлық. Биылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік түрлерін басып шығару» бағдарламасы аясында жаңа кітаптарды бес мың данамен шығарып жатыр. Шындығын айтқанда, бұл да мардымсыз. Олардың дені дүкендерге бармайды. Кітап оқыған баланың санасы сәулеленіп, рухтанады. Балалар әдебиетінің дамуына үлес қосып жүрген бірталай қаламгерлер бар. Бір қызығы, көбісі тұрақтап қалмайды.
Одан кейін тағы бір мәселе бар. Біздегі балалар кітаптарының безендіруі көңілімнен шықпайды. Мәселен, Ресей баспаларынан шыққан жинақтары қандай әдемі?! Қарап тұрып көзіңіз тояды. Оған балалар түгіл, ересектердің өзі қызығады. Неге десеңіз, бала алдымен кітаптың сыртқы мұқабасына қарайды. Сосын барып мазмұнды оқиды. Бізде безендіру жағынан уақыт талабына жауап беретін – алпыс жылдық тарихы бар «Балдырған» журналы ғана. Осыдан баспалар үлгі алса болады. Журналдың он екі нөмірі – он екі кітап деп айтар едім. «Балдырғанға» ұқсаған форматы шағын кітаптар шықса артық болмайды.

Жолтай ЖҰМАТ-ӘЛМАШҰЛЫ, жазушы:

КИНО ТІЛІНЕ АЙНАЛСА…

– Жалпы, балалар әдебиеті туралы айтар болсақ, кешегі кеңестік дәуірдегі балалар әдебиеті мен жаңа ғасырдағы балалар әдебиетін салыстыра алмайсыз. Бүгінгі жеткіншектердің қолы ұзын. Ғаламтор арқылы кез келген елдің көркем әдебиетімен танысады. Әлемдік деңгейдегі балалар әдебиеті де 180 градусқа өзгерген. Олардың бағыты өзгеше өріс алды. Абстракциялық, фантастикалық секілді неше түрлі әдеби элементтерді қолдану арқылы тосын оқиғалар табу, шытырман жағдайларға бару көбірек кездеседі. Бір жағынан, бұл дұрыс шығар. Екінші мәселе, әлемдік деңгейдегі балалар әдебиеті тек қана көркем шығарма түрінде қалмай, кино тіліне айналып жатыр. Қазір Гарри Поттерді білмейтін бала жоқ. Бұл туралы кітап жазылды, кино түсірілді. Сосын дүние жүзіне тез таралды.
Бізде де осы жанрда жазылған тәуір туындылар жетерлік. Солар әлемдік деңгейдегідей киноға немесе драма тіліне айналса дейміз. Осындай түрлі әдістерге барып, жеткіншектерге жеткізу жағын ойластырған жөн. Ең бастысы, көркем әдебиет балаларды адамгершілікке тәрбиелеуге, имандылыққа баулуға бағытталу керек. Бала – біздің бола­шағымыз. Олар жақсы азамат болып өссе, онда елдің келешегі бар. Ал тәрбиесіздеу болып ержетсе, ертеңіміз күңгірт. Сондықтан балалар әдебиетіне ерекше көңіл бөлу керек.

Дайындаған Азамат ЕСЕНЖОЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды