Балалар әдебиеті апталығы басталды

0 44

Мәдениет және спорт министрлігі 2021 жылды «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Осының аясында кеше Ұлттық академиялық кітапханада балалар әдебиеті апталығы басталды. Бұл шара әлемде жыл сайын атап өтілетін Халықаралық балалар кітабы күнімен сәйкес келді. Аталмыш мереке әйгілі ертегіші Ганс Христиан Андерсеннің туған күніне орайластырылған.

Апталықтың бірінші күні белгілі ақын, балалар әдебиеті бағытында көп еңбектенген Жеңіс Қашқыновтың шығармашылығына арналды. Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы Қуаныш ауылында туған ақын бастауышты аяқтағаннан кейін Алматыға барып, немере ағасы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы Әсет Болғанбайұлының үйінде жатып оқыды. Сондағы №12 қазақ орта мектебін бітірді. Одан кейін ҚазМУ-дың тіл және әдебиет факультетін тәмамдады. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде, Қазақ радиосында, «Мектеп» баспасында қызмет істеді.
Ақынның алғашқы өлеңдері «Пионер» (бүгінгі «Ақ желкен») журналы мен «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінде жарық көрді. «Кешкі күн», «Тұлпарлар», «Алыптар мен арыстар», «Атыңнан айналайын, атамекен», т.б. жинақтары, жалпы алғанда, жиырмаға жуық кітабы шықты.
«Жеңіс Қашқыновтың оннан астам жинағы балаларға арналған. Негізінен, балалар ақыны ретінде жұртқа танылды. Өзі де балажан, бала сияқты сенгіш адам еді. Әдебиетке келуіне Әсет Болғанбайұлының әсері мол болды. Жастайынан Тайыр Жароков, Ғафу Қайырбеков, Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Сапарғали Бегалин, Тұманбай
Молдағалиев сынды көрнекті қаламгерлермен араласты. Сол да ықпал етті. Ғафу Қайырбековтың «Жеңіс келеді. Жеңіс келеді дегенше, жырдан жеміс береді» деген сөзі бар» деді апталықтың ашылуына қатысқан ақынның ұрпағы Ернат Қашқынов. Ол әкесінің шығармашылығы
туралы әңгімелеп, әулет қолындағы ақын мұрасы мен жәдігерлермен таныстырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + two =