Балабақшаға неге бара алмайды?

0 40

Елімізде 500 мыңнан аса сәби бала бақшаға бара алмай жүр. Кезегі келген жоқ. Бүгінгі таңда елордада 94 мемлекеттік, 270 жекеменшік балабақша бар. Бірақ орын әлі де тапшы, 14 мыңнан аса бала кезекте тұр. Бұл мәселе қалай шешімін табады?

Қазақстанда 10 мыңнан аса балабақшаға 906 мыңға жуық бала барса,оның ішінде 55 935 елордалық бүлдіршін мектепке дейінгі ұйыммен қамтылған. Соған қарамастан республика бойынша, балабақшадан орын тиіп қалар ма деп, 500 мыңнан аса бүлдіршін кезегін күтіп жүр. Мұндай мәселе әсіресе халқы көп Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында әлі де өзекті боп тұр.

Тағы да сол балабақша мәселесі. Сар­ғая күткен кезек. Ата-ана наразылығы. Бақша­дан бір орын бұйырмаған бала. Бұған бірінші­ден, еліміздің демографиясының өсуі себеп болса, екіншіден, көші-қон мәселесі, ауылдық жер­лерден қалаға қарай қоныс аударғандар әсерінен балабақшаға бала кезегі көбеймесе азаяр емес. 2017 жылдың 20 ақпан күні ҚР Білім және ғылым министрлігі «Электронды жүйеге көшу сыбайлас жемқорлыққа итермелейтін жағдайларға тосқауыл қояды» деген еді.
Содан бері мектепке дейінгі ұйымдардағы кезек автоматтандыру арқылы басқарылып отыр. Әр ата ана үйде отырып, ешкімнің араласуынсыз баласын кезекке тұрғызып, жолдама ала алады. Бұрынғыдай білім бөлімінің табалдырығын тоздырып тіркеу, кезек сұрау жойылды. Бірақ балабақша кезегінің мәселесін бұл жүйе де толық шеше алмай тұр.

Электронды кезекте де кедергі көп

Елорда тұрғыны Гүлмираның екі баласы бар. Өзі дүкенде сатушы. Тұңғышы 2016 жылғы. Балабақшаға кезекке тіркелген. 2019 жылы кезегі 12 мыңның шамасында болса, қазір алға жылжыпты. Бірақ, электронды кезек 8757-і орынды көрсетіп тұр. Гүлмираның айтуынша өмірге кейін келген көршінің баласы қазір мемлекеттік балабақшаға барып жүргенін айтады. Электронды кезектің кереметін көре алмай отырмыз деп қынжылады.
Ал тағы бір елорда тұрғыны бұған дейін балаларын кезектің жай жылжуынан жекеменшік балабақшаға беріп келген, енді кенжесін 2017 жылы кезекке тіркеген, бүгінде кезегі 2217-ге жеткен. Бала қазір төрт жаста. Келер жылы беске толады. Оған дейін кезегі келе ме, жоқ па ол да неғайбыл. Осы мәселе туралы қалалық білім басқармасына сауал жолдаған едік. Егер бұл тұрғын 2017 жылғы кезегіне қарамастан, жеке балабақшаға барып, қайтадан 2018 жылы кезекке тұрса, кезек жылдам жылжыр еді деген жауап алдық. Осылай деген білім басқармасының бөлім басшысы Айгүл Қайратқызы сондай-ақ кезек баланың туған күніне емес, тіркелуіне байланысты. Балабақша кезегі тұрғындардың қашан өтініш бергеніне байланысты, бірақ берілген өтініш өмірге келгеннен бастап емес, екі жастан бастап қаралады дейді. Ал енді кезегі келген балалар үшін, күн сайын таңғы жетіде тұрып, жарияланған бос орынды басып қалу үшін де бағың жанып тұру керек. Шынымен бұл электронды кезекті қарпып қалу үшін жылдамдық керек дейді. Әрине, ата-аналар мұндай әдістің де айла шарғысы бар деп күдіктенеді.
Ал білім басқармасы мамандары балабақша кезегінің кері жылжып кеткені немесе басқалай түсініксіз жағдай болса, Халыққа қызмет ету орталығына барып, дәлелдейтін анықтаманы немесе кезектің скриншотын алу керек, Білім басқармасына келіп, мәселенің анық-қанығын білуіңізге болады дейді. Ал кезекке бақылап отырып қол жеткізуде ешқандай қитұрқылық жоқ дейді. Автоматтандырылған жүйеге ешкім қол сұға алмайды дегенді алға тартты.
Қош, мемлекеттік балабақшаның жайы мен кезегі келіспегендер жекеменшік балабақшаны жағалайды. Онда балаларға арналған түрлі бағдарламаны көрсетіп қызықтырғанымен, бағасы ұшып тұр. Ең арзаны 40 мыңнан басталып, 150 мыңға дейін жетіп жығылады. Әрине, мұндай бағаны кез келген ата ананың қалтасы көтермейтіні анық.
Елордада жалпы саны 410 мектепке дейінгі ұйым бар. Оның 94-і – мемлекеттік, 270-і жеке балабақша болса, 43 шағын-орталық пен 3 ведомостволық тәрбие орны бар. Биыл жыл басынан бері 20 мыңнан аса бағаға жолдама берілген. Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту бөлімінің бас маманы Рената Тынбаеваның айтуынша бұдан бөлек бақылау департаментіне тіркелмей заңсыз жұмыс істеп отырған балабақша бар екенін растады. Яғни, мұндай балабақшалар көп жағдайда кәдімгі пәтерлерде орналасқан. Ешқандай талаптарға сай емес. Елордада осындай 20-ға жуық бала қалдыратын орын бар екен.Балабақшалар салынып жатыр

Министрлік 2017 жылы балаларды толық балабақшамен қамту үшін 2020 жылға дейін қадамдық жоспарлар әзірлеп, бұл мәселені 100% шешу үшін тек елордада 32,4 мың орындық 276 балабақша салынуы керек деп талап қойған еді. Биыл жоспар бойынша 6919 орынға арналған мектепке дейінгі ұйымдар желісін ашу көзделген. Соның ішінде 566 орындық 6 ұйым ашылса, жыл аяғына дейін 450 орындық балабақша ашу жоспарланған. Оның сыртында 5800 орынға арналған жеке мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылды, – дейді Рената Тынбаева. Қазір елордада бүлдіршіндердің 36 пайызы жекеменшік балабақшаға баратынын ескерсек, бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен қосымша 7 млрд теңге бөлінген.
Ал балабақшаға орналастыруда кезектің мардымсыз жылжуына тағы бір себеп, кейбір санаттағы қызметкерлердің балаларына кезексіз жеңілдік бар екен. Мысалы, бұған дейін мұндай жеңілдік тек әскери қызметшілерге жасалып келді. Бұдан басқа, көпбалалы отбасынан шыққан, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар да кезекті көп күтпейтін, енді оған педагогтардың балалары қосылмақ.
Түйін: Балабақша кезегі қашан қысқарады деген сауалға жуық маңда ешкім жауап бере алмай отыр. Бұл мәселені мемлекет пен жеке әріптестік негізінде балабақшалар салумен шешу мүмкін болмай тұр. Өмірге келген әр сәбидің несібесі бар дейміз. Сол несібенің бірі балабақша десек, талай бала балабақша көрмей-ақ мектеп табалдырығын аттағанына кімді кінәлаймыз?

АНЫҚТАМА ҮШІН

– 1 маусымнан бастап жұмыс істеп жатқан МКҚК «№92 «Жауқазын» балабақшасында» 50 орынға арналған екінші ғимарат ашылды;
– МКҚК «№92 Жауқазын» балабақшасына пайдалануға екінші ғимарат 50 орындық, тұрғын үй кешенінің 1 қабатында берілді;
– МКҚК №86 «Зияткер» балабақшасына пайдалануға екінші ғимарат 75 орындық, тұрғын үй кешенінің 1 қабатында берілді;
– МКҚК №86 «Зияткер» балабақшасына пайдалануға екінші ғимарат 112 орындық және 12 орындық түзету тобы, тұрғын үй кешенінің 1 қабатында берілді;
– МКҚК №27 «Балауса» балабақшасына пайдалануға екінші ғимарат 127 орындық және 12 орындық түзету тобы, тұрғын үй кешенінің 1 қабатында берілді;
– МКҚК «№50 Жұлдыз» балабақшасына пайдалануға екінші ғимарат 140 орындық, тұрғын үй кешенінің 1 қабатында берілді;
– көру қабілеті төмен балаларға арналған 90 орындық балабақша ғимаратын пайдалануға беру жоспарлануда;
– 2020-2021 жылдар аралығында МЖӘ аясында 360 орындық балабақша ашу жоспарлануда;
– 5800 орынға арналған жеке мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + 2 =