БАЛАБАҚШАҒА БАРДЫҢ БА, ЖОЛДАМАҢДЫ АЛДЫҢ БА?

0 433

Астаналықтар үшін білім саласының биылғы жаңалығы – барлық мемлекеттік балабақшаларға жолдама берудің электронды жүйесі іске қосылды. Кеше білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әнуар Жанғозин баспасөз өкілдерімен арнайы кездесіп, электронды қызметтің қалай көрсетіліп жатқандығының егжей-тег­жейін түсіндірді.

«Іңгәлаған» елорда
Астанада күніне кем дегенде 100 бала кезекке қо­йылады. Демографиялық жағдайдың өсуі дем беріп отырғандықтан, кезекке тұрудың да қатары артып отыр. Қуанарлық жайт, әрине. Осы бала туу және көші-қон көрсеткіштерінің жоғарылауынан мектепке дейінгі жастағы балалардың саны көбейген. Мәселен, мұндай балалардың саны 2010 жылмен салыстыр­ғанда 7 есеге артқан. Осы балаларды балабақшаға қалай орналастырамыз? Мектепке дейінгі мекемелермен қалай қамтамасыз етеміз? Жауапкершілігі үлкен ма­ңызды мәселенің түйінін тарқату үшін білім саласының мамандары үздіксіз еңбек етуде. Бүгінде Астанада түрлі үлгідегі 261 мектепке дейінгі мекеме бар. Онда 48 154 бала тәрбие­ленеді. Оның ішінде мемлекеттік – 95, онда 27 193 бала, ведомстволық – 2, онда 383 бала, жекеменшік – 116, онда 14 854 бала, сондай- ақ, 95 мекемеде 8 949 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, мектепке дейінгі мекемеден орын алу кезегінде 3-тен 6 жасқа дейінгі 33 240 бала тіркелген.

3434324

Үйден шықпай-ақ электронды жолдама ала алады
Осыған дейін хабарлағанымыздай, www.e.astana.kz порталы арқылы өтініш жолдау және кезекті қарау мүмкіндігімен қатар жолдамаларды автоматты түрде беру жүйесі іске қосылды. Бұл жүйенің артықшылығы білім басқармасы мамандарының қатысуынсыз орындарды әділ түрде бөліп, жоспарлы жинақтау жұмыстарын күтпей-ақ, босаған орындарға жылдың ішінде жолдаманы алу мүмкіндігі туады. Әрбір ата-ананың кез келген уақытта жеке кабинет арқылы жүйеге кіріп, жедел түрде жолдамаларын ала алады. Бұған қоса, жүйе жолдаманың берілуі туралы хабарламаны автоматты түрде хабарлама арқылы немесе электрондық пошта арқылы жолдайды. Одан кейін ата-­аналар жолдаманы өздеріне жүктеп, көшіріп алады. 10 сәуірден бастап Астананың барлық мемлекеттік балабақшаларына жолдамалар электрондық түрде берілуде. Ескеретін жайт, балалардың мектепке дейінгі мекемелерге жолдама алуы тек туған жылына ғана емес, кезекке қай күні қойылғанына да байланысты. Бүгінде балабақшаға кезекте 2016 жылы туған 19 239, 2015 жылғы 21 615, 2014 жылғы 20 491, 2013 жылғы 15 047, 2012 жылғы 13 245, 2011 жылғы 4902, 2010 жылы дүниеге келген 46 бала тіркелген. Басқарма басшысының айтуынша, биыл 2015 жылы дүниеге келген балаларды да балабақшаға алу алғаш рет қолға алынған.

43564364
Биыл елордалық мемлекеттік балабақшаларда 6310 орын босайды. Оның барлығы тек кезекке сәйкес бөлінеді. Дәлірек айтсақ, 1240 жолдама 2015 жылы, 2233- і – 2014 жылы, 1340-ы – 2013 жылы, 1111-і – 2012 жылы, 386-сы 2011 жылы туылған балаларға беріледі. Сондай-ақ, әр жылы дүниеге келген балалардың жолдама алатын уақыттары нақты белгіленген. Егер өтініш берушілердің балалары 2015 жылы дүниеге келсе, олар үшін 10 сәуірден, тиісінше 2014 жылғылар – 12 сәуірден, 2013 жылғылар – 18 сәуірден, 2012 жылғылар – 21 сәуірден, 2011 жылғылар – 25 сәуірден бастап жолдама алады. Жолдама берілген күннен бастап 5 күн ішінде мектепке дейінгі ұйымға ұсынылуы тиіс екендігін қаперден шығармаған абзал. Дер кезінде тапсырылмаса, мерзімі өтіп кетеді. Бос орындарды бөлу жұмыстары аяқталған соң, кезектің жылжу барысын Астана қаласы әкімдігінің www.e.astana.kz ресми сайтындағы электрондық қызметтерден қарауға болады.Мектепке дейінгі мекемелерге электронды жолдама беру жайында ақыл-кеңес беру үшін 1 және 8 сәуірде қаланың үш алаңында – Оқушылар сарайында, М.Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында және №61 орта мектепте ашық есік күндері өткізілді. Келушілердің жалпы саны 5000 адамнан асты.

2017 жылдың со­ңына дейін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында ұлттық компаниялар 720 орындық 3 балабақшаның құрылысын аяқ­тау­ды жоспарлап отыр

Шағын орталықтар мектепке дайындайды
Егер бала үш жасқа толып, мектепке дейінгі мекемеге кезегі келмесе, онда ата-аналар баланы төрт жастан бастап қысқа уақытқа арналған шағын орталықтарға немесе бала үш жасқа толған кезде орын бөлінетін мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшаларға бере алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясын кеңейту кәсіпкерлікті дамытуға зор мүмкіндік беретіні баса айтылған. Оның арқасында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 100 пайыз қамтуға жол ашылады.
Елордада былтыр кәсіпкерлерді осы жұмысқа тікелей тарту арқылы 44 жекеменшік балабақша ашылды. Онда 3949 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша балалар орналастырылған. Бүгінде мемлекеттік балабақшалардың ішінде даярлық бағдарламасы бар 1360 орынға арналған 23 шағын орталық та жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында өткен жылы 680 орынға шақталған 3 балабақша қолданысқа берілді.

2543543
Жекеменшік балабақшаларда ата-аналардың төлемақысы 23 000 теңгеден 20 800 теңгеге дейін төмендетілді. Яғни мемлекеттік балабақшалар мен жекеменшік балабақшаларға төленетін ақыны теңестіру арқылы да мәселе шешімін тауып келеді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды әлеуметтік тұрғыдан бейімдеу үшін жағдай жасау мақсатында қаламыз бойынша 5 арнайы балабақша қызмет етеді. Онда 662 бала тәрбиеленеді. 12 балабақшада 321 бала үшін арнайы коррекциялық мақсатында топтар ұйымдастырылған. 13 балабақшада жалпы 210 балаға арналған түзеу кабинеттері жұмыс жасайды. Бүгінде қала бойынша мектепке дейінгі жастағы 1193 бала арнайы коррекциялық білім берумен қамтылған. Қазіргі таңда 225 бала аталмыш балабақшалардан орын алу кезегінде тұр.

Бос орындар бірінші кезекте кімдерге тиесілі?
Айта кетерлігі, жолдамалар әуелі бірінші кезектегі санатқа беріледі. Оларға заңды өкілдері мүмкіндігі шектеулі жандар саналатын балалар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар, жетім балалар, көп балалы отбасылардан шыққан балалар, әскери қызметшілердің балалары, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің, оның iшiнде қызмет өткеру кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабар-ошарсыз кеткен қызметкерлердің балалары жатады.

32534
Бала үш жасқа толған кезде ата-аналардың мемлекеттік тапсырысы бар жекеменшік балабақшадан, төрт жастан бастап шағын орталықтардан орын алуына болады. Жекеменшік балабақшалардың және шағын орталықтардың мекенжайлары мен телефондары туралы барлық ақпарат Астана қаласы Білім басқармасының bilim.astana.kz ресми сайтында «инфографика» бөлімінде көрсетілген.Балалар қысқа уақыт болатын шағын орталықтарда сабақтар тегін түрде өткізіледі. Алайда шағын орталықтарда оларды тамақтандыру қарас­тырылмаған. Бұл тек балаларды мектепке даярлау үшін ғана қолжетімді болып табылады. Жекеменшік балабақшалардан және шағын орталықтардан орын алуға ниет білдірген тұрғындар www.e.astana.kz жүйесінен электронды-сандық қолтаңба арқылы электронды жолдаманы қолға алуы тиіс.

Гүлжан РАХМАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − four =