Балабақша тапшылығы қашан шешіледі?

0 54

Нұр-Сұлтан қалалық мәслихаттың Zoom сервисінің бейнеконференцбайланыс платформасында әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде Нұр-Сұлтан қаласында мектепке дейінгі тәрбие мен білім беруді дамыту мәселесі көтерілді. Негізгі мәселе бойынша қала әкімдігінің Білім басқармасының басшысы Шәкәрім Сейсенбай баяндама жасады. Оның айтуынша бүгінгі таңда балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 99 пайызды құрайды. «Қазір елордада 52 307 бала контингенті бар түрлі типтегі 419 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, оның ішінде балабақшалардың 100-і мемлекеттік, жеке меншік – 272, шағын орталықтар – 44. 2020 жылмен салыстырғанда – мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны 42-ге ұлғайды. 2020 жылы 60-қа жуық жаңа жекеменшік балабақшаға 5 800 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, 3-6 жастан бастап балаларды қамту көрсеткіші 99 пайызға жетті. Бүгінгі таңда электрондық «INDIGO: электрондық балабақша» жүйесінде 0-6 жастан бастап кезекке 62 405 бала тіркелген», деді Шәкәрім Сейсенбай.
Елордада балабақшадағы орындардың тапшылығын шешу үшін 2021 жылы жекеменшік балабақшаларда 3 200 орындық мемлекеттік тапсырысты орналастыру жоспарлануда. Сондай-ақ тұрғын үй кешендерінің 1-қабатында 500 орындық мектепке дейінгі ұйымдардың 4 филиалын ашу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін 90 орындық арнайы балабақша ашу да көзделген.
№ 34, № 89 балабақша базасында «Әрбір бала мектепке лайық» пилоттық жобасы басталды. Онда 10 бала қамтылып отыр. Осы жылы 25 балабақшада 86 баланы қамтитын ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған қосымша инклюзивті топтар құрылды. Көру және сөйлеу қабілеті бұзылған 90 орынға арналған арнайы балабақша ашылды. Жалпы, 2025 жылдың соңына дейін барлық балабақшада инклюзивті топтарда ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау жоспарлануда. «Жаңа оқу жылында педагогикалық ұжымдардың алдында үлкен міндет тұр, педагогикалық процесс – ойын қызметі («ойнай отырып оқыту») арқылы оқытудың жаңа моделін бейімдеу және енгізу. Бүгінгі күні жаңа моделін енгізу үшін педагогтарды оқыту басталды. Алайда, бірқатар балабақшалардың материалдық-техникалық базасы қазіргі заманауи талаптарға сәйкес келмейді, әсіресе бұл 2010 жылға дейін салынған балабақшаларға қатысты. Жан басына қаржыландыру әдістемесімен есептеуді пайдалану балабақшаларды қазіргі заманғы интерактивті жабдықтармен, жиһаздармен, ойыншықтармен толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарға олардың материалдық базасын, ғимараттың техникалық жай-күйін, технологиялық жабдықтың тозуын ескере отырып, трансферттер бөлуді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Елордада 5 817 педагог жұмыс істейді, оның ішінде мемлекеттік мекемеде 3 562, жекеменшік балабақшада 2 255 педагог жұмыс істейді. «Педагог мәртебесі туралы» заң шеңберінде 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру ұйымдары ұстаздарының жалақысы 25 пайызға өсті. Мәселен, бүгінгі таңда тәрбиешінің орташа жалақысы 75 324 теңгені құрайды, 2023 жылға қарай ол 2 есеге артады. Кадр мәселесінде бірқатар проблема бар. Мәселен, педагогтардың 32,6 пайызында арнайы мектепке дейінгі білімі жоқ. Кадр тапшылығын жою үшін әкімдік жыл сайын елорда колледждерінде мемлекеттік тапсырысты орналастырады, ағымдағы жылы ондай мемелкеттік тапсырыс 300 орынға бөлінді», деді білім басқармасының басшысы.
Баяндамадан кейін депутаттар педагогтардың басшылықтан қысым көруі, сауықтыру жәрдемақысын алмауы, өз айлығын мектептің қажетіне жұмсауға мәжбүр болуы сынды мәселелерді көтерді. «Индиго» жүйесіне ата-аналардың наразылығы өте көп. Уақыт жағынан ыңғайсыздық туғызатыны бір бөлек, балаларға балабақшада орын дұрыс бөлінбеген. Мәселен, 2018 жылы туған сәби балабалабақшаға бара алмай, 2019 жылы туғандар жолдама алып кеткен. Бұдан өзге, «Индиго» жүйесіне байланысты жекеменшік балабақшалардан да арыз түсіп жатыр. Қаржыландыру не кешіктіріледі, не мүлдем жүзеге асырылмайды. Сондықтан, бұл кезек күттірмейтін мәселелердің бірі деп санаймын. Балабақша қызметкерлерінің балаларын балабақшаға кезектен тыс орналастыру заңсыз болып табылады. Бұл да біраз жылдардан бері көпшіліктің наразылығын тудырып жүрген мәселе. Сондай-ақ, өте маңызды тағы бір мәселе жекеменшік балабақшалардағы бейнебақылау камерасының жайы. Мемлекеттік балабақшалардың бәрінде бейнебақылау камерасы орнатылған. Ата-аналар қажет кезде көре алады. Ал жекеменшік балабақшалардың біразында мұндай мүмкіндік жоқ. Ертеңгі күні бала зардап шегіп жатса, кінәліні қайдан табамыз? XXI ғасырда әлі бейнебақылау камерасының орнатылмағаны деген сұмдық қой!», деп депутаттық сауал жолдады Ләззат Разбекова.
Нұр-Сұлтан қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағымгүл Көптілеуова білім саласында орын алған кейбір мәселелер мен оларды шешу бойынша баяндама жасады. Жиынға қаладағы білім мекемелерінің басшылары да онлайн қатысып, ойларын ортаға салды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 11 =