Балабақша баласының ермегі не?

0 37

Еліміздегі тәрбие мекемелерінің карантин кезіндегі жұмыс режимі қалай өтіп жатыр? Бүгінгі таңда республика бойынша 10314 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 3749-ы – жеке балабақша. Осы тәрбие орындарында 880,8 мың бала қамтылған, 307,3 мың бала жекеменшік мектепке дейінгі ұйымға барады.19 наурыздан бастап төтенше жағдайға байланысты Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында карантин енгізіліп, жабылған нысандардың қатарына балабақшалар да енгізілген еді. Кейін күшейтілген режимге көшіп, еліміз бойынша барлық тәрбие орындарын жабуға мәжбүр болды. Осы жерде тәрбиешілердің жұмысы және жалақысы туралы мәселе туындағаны рас. Бұған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов былай деп жауап берді:
– Мектеп мұғалімдері, колледж бен университет оқытушылары қашықтан жұмыс жасауды жалғастыруда. Олардың жалақысы сақталады. Негізінен, жалақысының қалай төленетініне алаңдап отырған – тәрбиешілер. Өйткені балабақшалар жабық. Бірақ олардың да жалақылары сақталып төленеді. Сондай-ақ жекеменшік балабақшалардың басшыларына да төтенше жағдай режимінде тәрбиешілердің жалақысын шегермеуді ұсындық. Егер жеке бақшаға мемлекеттік тапсырыс болса, онда біз қаржыландыруды тоқтатпаймыз. Жалақы бәріне төленеді.
Министрдің айтуынша, елі­міздегі 91,4 пайыз балабақша қызметкерлеріне және 95 пайыз қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақылы еңбек демалысы берілген.
Балалардың қауіпсіздігі үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жабылғанмен, тәрбие ұжымдары қазір қол қусырып отырған жоқ. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында 377 мектепке дейінгі ұйым жұмыс жасайды. Оның ішінде 94 мемлекеттік, 237 жекеменшік балабақша, 3 ведомстволық және 43 шағын орталық бар. Осы ұйымдарда 55708 бала тәрбиеленіп келеді. Карантин салдарынан үйде отырған тәрбиеленушілерге кей балабақша тәрбиешілері сергіту сәті сияқты ойындар ұйымдастыруда. Сондай-ақ «Абайды оқы, таңырқа», «Дәрігерлерге алғыс айтамын» челлендждерін өткізді. «Ата-анамен бірге баланың игі істері» атауымен шараларға отбасының қатысуына мүмкіндік жасаған.

***

Сәрсенгүл БӘДЕНОВА,
елорда тұрғыны:

– «Алматы 95» балабақшасына барады ұлым. Қазір елімізде карантин. Оны үлкендер түсінгенмен, кішкентайлар түсінбей әлек. Бір күн емес, бір ай бойы ойын баласына үйден шықпай отыру оңай емес. Өйткені мектепке, балабақшаға барып жүрген балаға орта керек, достарын сағынады. Балабақша ұжымы «Ата-анамен бірге баланың игі істері» деген шара ұйымдастырып, оған біз балаларымызбен бірге үйде отырып қатыс­тық.

ЛАУРА, бес баланың анасы:

– Ортаншы қызым «Тұрсын Астана» шағын орталығына барады. Бірақ ол орталықтан ешқандай шараға қашықтан қатысу туралы хабар алған жоқпыз. Балалар үйде «Балапан», «Карусель» телеарналарынан мультфильмдер қарайды. Бір-біріне мұғалім боп сабақ «үйретеді». Әрине, сырт­қа шыққысы келеді. Бірақ қазіргі жағдайға байланысты тәртіпті сақтауымыз керек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 × five =