Бала жанының бағбаны

0 240

Біз бүгін бір отбасын ғана емес, тұтас мектепті аялы алақанымен тербеткен, шәкірттерінің арқасүйер тірегі, рухани қолдаушысына айнала алған Ләззат Әлиева жайлы сөз етеміз. Ләззат Нұрқалыққызы – еліміздің ең үздік педагогы, «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясын дайындауға үлес қосқан қарымды қаламгер. Жоғары сыныптарға арналған география оқулықтарының авторы.

Бүгінде Ләззат Әлиева елордадағы Республикалық физика-математикалық мектепте сабақ береді. Ұстаздық жолда 33 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан абзал жанның басты ұстанымы – балалардың жанын түсіне білу. «Мен үшін әр оқушы – қалыптасып келе жатқан жеке тұлға. Олардың да өз ойлары, пікірі бар. Қазіргі балалар өте ақылды, жан-жақты дамыған. Өздері қызыққан мәселелер туралы интернеттен, қосымша деректерден біліп алады. Сабақта сыни тұрғысынан ойланатындай сұрақ қойсақ, жоғары деңгейде жауаптар аламыз. Оларға патриоттық және экологиялық тәрбие беруіміз қажет» деді ұстаз. Өз саласының білікті маманы шәкірттерін жиі туристік-өлкетану үйірмелерге қатыстырып, түрлі жорықтар мен экспедицияларға алып шығады екен. Бұл – балалардың география пәнінен алған теориялық білімдерін практика жүзінде зерттеуге, табиғатқа қамқорлық жасауға, еңбексүйгіштікке бау­литын керемет бастама. Тіпті Ләззат Алиева 23 оқушымен 12 күн бойы палаткалы турис­тік лагерьде бірге демалып қайтыпты.
Шәкірті десе жанын үзіп беруге дайын ұстаздың еңбегіне қайран қалмау мүмкін емес. Үздік педагогтың әңгімесін тыңдап отырып: «Мұғалім болмағанда кім болар едіңіз?» деп сұрадым. Ол көп ойланған жоқ. «Елестете алмаймын. Мен балаларды, географияны, саяхатты жақсы көремін. Мүмкін шығармашылықпен айналысатын бір мамандық иесі болар ма едім… Мүмкін жер туралы, ондағы құбылыстар, үдерістер, елдер, халықтар туралы қызықты, ғылыми-танымдылық документті фильмдер шығаратын режиссер болар ма едім» деді.
Ләззат Нұрқалыққызының ұстаздық жолды таңдауына бірден-бір себеп болған мектептегі мұғалімдері. «Балалық шағым Алатаудың баурайындағы мөлдір бұлақты, шөбі шүйгін, ауасы таза Қайназар ауылында өтті. Ауылым аудан орталығы Есік қаласына жақын орналасқан. Бұл жер – бүкіл қазақты әлемге әйгілеген, Отандық қана емес, әлемдік тарихқа жаңалық әкелген сақ ханзадасы – «Алтын адам» жәдігері табылған киелі мекен. Осындай қасиетті жерде туғанымды, тұрғанымды мақтаныш етемін. Мектепте өте жақсы оқыдым, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым, кітап оқығанды ұнататын едім. Орыс тілінен, неміс тілінен сабақ беретін мұғалімдерімді қатты жақсы көретінмін. Сол ұстаздарымның терең білімдері, сабақ беру әдістері, өздерін ұстауы, оқушылармен қарым-қатынасы, өмірге көзқарастары әсер етті ме, солар сияқты болуға ұмтылатынмын. Ол уақытта ұстаздардың беделі жоғары еді, бүкіл халық ұстаздарды ерекше құрметтейтін» деп балалық шағын есіне алды кейіпкеріміз.
Ұстаздық – әйел затының табиғатымен үндес мамандық. Әйел – ана, баланы анадан артық кім түсінеді? Сонау 90-жылдары ер адамдар мектепті тастап, отбасын асырау үшін қара жұмысқа жегілгенде әйел адамдар бар ауыртпалықты көтеріп, бүкіл еліміздің мектептерін ұстап қалды. Ләззат Әлиева – отбасында асыл жар, аяулы ана. «Арқасүйер жолдасым да елімізге белгілі ғалым, саяхатшы. Үш ұл тәрбиелеп, барлығын қанаттандырдық. Әрине, үйде қыз бала болмағандықтан, бәріне үлгеру қиындау болды. Оның үстіне шығармашылықпен айналысып, оқулық жазу деген өте қиын. Бірнеше жыл бойы еңбек демалысымда бір күн де демалмай кітап жазып өткізгемін» деді ұстаз.
Үздік педагогтың айтуынша ұстаз болу – үлкен жауапкершілікті, табандылықты, сабырлық пен шыдамдылықты қажет ететін, қиындығы мол, қасиетті мамандық. Шәкірттерге тек білім беріп қана қоймай, тәрбие де беру керек. Тәрбиені сөйлеген сөзіңмен, істеген ісіңмен үлгі болатындай беру. «Жас балалар енді ғана қалыптасып келе жатқанда ермексазды (пластилинді) қалай илейсің, солай қалыптасады. Сондықтан оқушыларыма рухани адамгершілік, мейірімділік, қайырымдылық, сүйіспеншілік жайында үнемі айтып отырамын. Ұстаздардың жұмысы, әсіресе, мына карантин уақытында тіпті қиындап кетті. Уақытпен санас­пай, түнгі 3-4-ке дейін отырып, сабақ жоспарын құрастырып, презентация жасау, оқушылардың тапсырмаларын тексеріп, бағаларын электронды журналға қою күнделікті әдетке айналды. Соңғы жылдарда елімізде «Мұғалімдердің мәртебесін» көтеретін заңның шығуы, педагогтардың жалақысының көбеюі, ер мұғалімдердің санының артып жатқаны – қуантарлық жағдай» деді Ләззат Әлиева.
Ләззат Нұрқалыққызының «Үздік мұғалім» атануына сабақ беруден бөлек, шығармашылық жұмыспен айналысуы, түрлі қалалық, республикалық педагогикалық конкурстарға, фестивальдерге қатысып жүлделі орындар алуы көп әсер еткен. Айталық, «Жас өлкетанушылар мектебі» деген қолданбалы курс бағдарламасының авторы, «Қазақстан» қазақ ұлттық энциклопедиясының 5-10 томдарында 278 мақала жариялаған. Халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен басылымдарға шыққан мақалалары да жетерлік.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four + 18 =