БАЛА ҰРЛАУ НЕГЕ БАСЫЛМАЙ ТҰР?

0 457

бала урлау

Елімізде бала ұрлау оқиғасы жиілеп кетті. Ресми дерекке сүйенсек, бес мыңға жуық бала іс-түзсіз жоғалып кеткен. Олардың өлі-тірісі белгісіз. Тіпті, араларында осыдан 7-8 жыл бұрын ұшты-күйлі кеткендері де бар. Бұған қандай тосқауыл қою керек? Бала ұрлығы не себепті басылмай тұр? Осы сауал бойынша мамандарға сұрау салып едік.

Шавкат САБИРОВ,
Қазақстан интернет ассоциациясының президенті:

– Жақында біздің бастамамызбен осы мәселеге байланысты жаңа портал іске қосылады. Мұнда жоғалған балаларға қатысты бүкіл мәлімет жарияланады. Порталдың ең бас­ты артықшылығы, мұнда жоғалған адамның бет-бейнесін жасына қарай өзгерте алатын, яғни компьютерлік бағдарламаның көмегімен қазіргі кел­бетін айнытпай келтіріп беретін арнайы мамандар жұмыс істейді. Біз, ең алдымен, жоғалған балалар туралы деректі осы порталға енгіземіз. Сосын, көрші елдермен бірігіп, ортақ дерек қорын жасаймыз. Себебі, жоғалған немесе ұрланған бала басқа мемлекетке өтіп кетуі де мүмкін ғой. Порталда балаларға, ата-аналарға, мұғалімдерге арналған өзге қажетті ақпараттар жарияланады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетімен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Бұл құзырлы органдардың іздеу жұмысын біршама жеңілдетпек.

Айсұлу ҚАЛМАҒАНБЕТ, заңгер:

– Бізде бұл мәселені тек полиция мен туған-туысы шешеді деген түсінік бар. Бірақ, жоғалған балаларды іздеп табуда әлеуметтік желі пайдаланушыларының да орасан зор көмегі тиіп жатыр. Өйткені, желі арқылы тараған ақпа­рат желден де жылдам тарайды. Тіпті, бүгінде интернет беттерінде жоғалған балаларға іздеу жариялайтын арнайы парақшалар ашылған.
Жалпы, халықаралық құқық қорғау ұйымдары таратқан мәліметтерге сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде 70 мың бала, АҚШ-та 1,5 млн, Ресейде 15 мыңға жуық бала із-түссіз кетеді екен. Ал, ресми деректер бойынша Қазақстандағы жоғалған балалар саны 5 мың деген ақпарат тарауда. Сондықтан, бұл мәселеге қоғам болып тосқауыл қойған жөн.

Әділ АГИТАЕВ,
С.Ғылмани мешітінің найб имамы:

– Бала ұрлау оқиғасын тоқтату үшін әуелі иман керек. Екіншіден, заңды қатайту керек.
Мойындау керек, бүгінгі ата-аналардың басым көпшілігі жұмыста, ал балалары аулада, далада, тіпті қараусыз қалып жатады. Ата-аналар бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап қана қоймай, оларға ие болу керек. Жасөспірімдер мектептен қайт­қанда интернет желілерінде отырады. Оны қадағалап жатқан не ата-ана, не мектеп жоқ. Ал, мемлекет тарапынан балалардың бос уақытын тиімді өткізетін бағдарламалар қолға алынса деп ойлаймын.
Менің ойымша, бала ұрлығы өрші­месе, тоқтамайды. Өйткені, өзге елдерде дене мүшелерді сату бизнесі көбейіп кетті. Әлемде сау мүшеге деген сұраныс артуда, сондықтан сақ болғанымыз абзал.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − eight =