Бала тәрбиесіне бейқамдық өкінішке ұрындырады

0 158

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, 5-тен 15 жасқа дейінгі балалардың мүгедек болып қалуы мен өліміне 90 пайыз жағдайда төтенше оқиғалар кінәлі екен. Жыл сайын әлемде 260 мың бала – жол апатынан, 175 мың бала – суға батудан, 96 мың бала – күйік шалудан, 47 мың бала – биіктен құлаудан, 45 мың бала тамақтан уланудан қайтыс болады.

015

Сақтықта қорлық жоқ

Біздің Астананың өзінде мұндай жайттар жиі орын алуда. Әсіресе, жаздың күндері балалардың көп қабатты үйдің терезесінен құлап кету фактілері көп тіркеліп жатыр.
– Былтыр мұндай себеппен бөлімшемізге 23 бала келіп түскен-ді. Биылғы көрсеткіш 20-дан асты. Бір жағынан, мұндай құбылыстың белең алуын халық санының өсуімен де түсіндіруге болады. Онымен қоса, жазда өзге өңірлердің балалары Астанаға қыдырып келеді. Әрине, аталмыш жайттар ең әуелі ата-ананың жауапсыздығынан болатыны белгілі, – дейді қаладағы №2 балалар ауруханасының травматологы Жарылғасын Бектасов.
Осы орайда Төтенше жағдай департаментінің мамандары ата-аналарға мынадай кеңес береді:
– пәтерде кішкентай балалар бар болса, терезені ашық қалдырмаңыз;
– баланың терезе алдында тұруына рұқсат бермеңіз;
– терезенің жанына ешқандай жиһаз қоймаңыз;
– балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
– терезедегі торға сенім артпаңыз! Керісінше, бала өзін қауіпсіз сезініп, соған сүйенуі мүмкін.
– терезені белгілі бір сантиметрге ғана ашық қалдыратын арнайы бекіткішті орнатыңыз.
Әлбетте, ең үлкен сақтық – ана-атаның сәбилерді назардан тыс қалдырмауы екенін ескеру керек.
– Мұндай жайттар көбінесе маргиналды өмір салтын ұстанатын жайсыз отбасыларда болады. Ондай отбасыларда ата-ана өз басының қамымен ғана жүріп, балаларына көңіл бөлмейді. Балаларын көршілері мен таныстарына табыстай салады, – дейді бұл туралы елордалық психолог Светлана Жұбанова.
Сондай-ақ, ол кейінгі уақытта кейбір ата-аналардың «бала күтушісі» ретінде бейнекамера немесе радиоқұрылғыларға тым қатты сеніп кеткендерін қынжыла жеткізді. Былайғы күндері қолды ұзартқанмен, тілі жоқ техника баланы қауіптен аман алып қалуға қауқарсыз екені анық.

Жауапсыздық қалай жазаланады?

Заңға сүйенер болсақ, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін тәптіштеп тұрып түсіндіріп беретін бірнеше бап бар. Оның ең негізгісі ретінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 27-бабын айтуға болады. Онда «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi» делінген. Біздің сөз қылып отырған мәселеміз қауіпсіздікке қатысты болғандықтан, заңнамаға осы тұрғыдан ойысайық.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Заңның 70-бабы былай дейді: «Ата-аналар өз балаларының денсаулығына қамқорлық жасауға міндетті. Бала тәрбиелеушi ата-аналар оның дене бітімі, психикалық, адамгершілік жағынан және рухани дамуына қажеттi өмiр сүру жағдайларын қамтамасыз ету үшін жауаптылықта болады».
Бұл жолдар ата-ананы бала тәрбиесіне бейжай қарамай, оның бақытсыздыққа ұшырамауын, оқыс оқиғаларға ұрын­бауын қадағалауға шақырады. Осы міндеттер түпкілікті орындалмаған жағдайда, ата-ана Қазақстан Республи­касының Қылмыстық кодексі бойын­ша жауапкершілікке тартылады. Жоғарыдағы проблема, яғни балалардың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi тиісінше орындамау туралы аталмыш заңның 141-бабында былайша көрсетілген: «1. Жас баланың өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi қызметi бо­йынша осындай мiндеттер жүктелген адамның не осы мiндеттердi арнайы тапсырма бойынша орындайтын немесе мұндай мiндеттердi өзiне ерiктi түрде алған адамның тиісінше орындамауы, егер бұл жас баланың денсаулығына абайсызда ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соқса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айы­ра отырып немесе онсыз, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. 2. Абайсызда жас баланың өліміне әкеп соққан дәл сол іс-әрекет белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, бес жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады».

P.S. Біз мұнымен ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігін тағы бір еске сала кетуді жөн көрдік. Бауыр етің, көз қуанышың болып өсіп келе жатқан сәбиіңнің сау жүргені әр адамға бақыт емес пе?!

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 6 =