БАЛА СҮЮ – БАСТЫ БАҚЫТ

0 475

deti_semya-1

Елімізде жыл сайын 80 мыңға жуық түсік жасалады екен. Бедеуліктің белең алуының басты себебі де – осы. Қазақстандағы жұптардың 15-16 пайы­зы бала тууға қабілетсіз. Сондықтан, олар сәбилі болудың басқа жолдарын іздестіруге мәжбүр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде «Отбасылық құндылықтар және отбасын жоспарлау» тақырыбында өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің республикалық үйлестірушісі Гүл Омарова мәлімдеді.

Әрбір адамға отбасын құрып, артына ұрпақ қалдыру – парыз. Бақыттың төресі де – бала сүю. Өкінішке қарай, мұндай бақытқа қол жеткізе алмай жүрген жұптар аз емес. Жыл өткен сайын бедеулік пен белсіздік мәселесі ушығып бара жатқаны дабыл қағарлық. Алайда, сәбидің үніне зар болып жүрген отбасыларға мемлекет жанашырлықпен қарап, жыл сайын 600 отбасыға экстракорпоралды ұрықтандыру жасауға квота бөледі екен. Гүл Омарованың айтуынша, соңғы он жылда жасанды түсік жасату 3 есеге азайғанымен, бұл Еуропа елдерімен салыстырғанда  жоғары көрсеткіш. Айталық, шет елдердің дамыған елдерінде 1 мың әйелдің 3-6-уы ғана жасанды түсік жасату тәсіліне жүгінсе, елімізде мың әйелдің 18-і аборт жасатады екен.

Қазіргі бала туу жасындағы әйелдердің ден­саулығында да кінәрат көп. Ал, сау бала тек сау анадан ғана туады. Сондықтан,  ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі әйелдерді жүктілікке дейін жан-жақты тексеруден өткізу туралы шешім қабылдапты.

Брифингте әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен осындай жанұяда тәрбиеленіп жатқан балалардың мәселесі де сөз болды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің басқарма басшысы Гүлнаш Қошқарованың айтуынша, еліміздегі балалардың саны 5 миллионнан асады. Олардың 2 миллионы балабақша жасындағы балдырғандар болса, 2,5 миллионы – мектеп жасындағы жеткіншектер. Ал, 4 мыңға жуығы – оқитын жастар.

Бүгінде Ішкі істер органдарында 13 мың отбасы есепте тұр. Оларда 20 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр екен. Министрліктің басқарма басшысы мұндай балалардың ешқайсысы қараусыз еместігін, олармен тығыз жұмыс істеуді ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарында 3,5 мың әлеуметтік педагог, 7,5 мыңнан астам психолог және 1,5 мыңнан астам полиция инспекторы тартылғанын атап өтті.

 Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × 3 =