БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНЫҢ БАҒБАНДАРЫ

0 260

№2 ҚАЛАЛЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ  

Бала қарайтын дәрігерлердің бәрі бірдей тегін қызмет көрсететін мемлекеттік ұйымдардан табыла бермейді. Бірақ қаланың байырғы №2 балалар ауруханасы жаңа ғимаратқа көшкелі балаға қажетті барлық сала мамандарын жинақтап алыпты. Енді қала балалары ақылы қызметке жүгініп жатпай, өздері тіркелген емхананың электрондық жолдамасымен осында тегін қарала алады. Күллі шаһарға қызмет етіп келе жатқан аурухананың тыныс-тіршілігімен біз де танысып қайтқан едік.

Заманына қарай әдісі

Елорданың №2 қалалық балалар ауруханасы бұрын Тәуелсіздік (Манас көшесі деп аталған кезінде) даңғылында болған. 2012 жылдың 3 желтоқсанынан бастап, Р.Қошқарбаев даңғылындағы жаңа ғимаратқа көшірілді. Қазір бұл – 14 мамандандырылған стационарлық және 9 клиникалық бөлімшесі бар көпсалалы аурухана.  Осы емдеу мекемесінің соматикалық бөлімшесіне өзіміз де баламызбен бірге келгеніміз бар. Сол кезде дәрігерлерге кедергісіз кіріп, әп-сәттің ішінде несеп, қан талдауларын алып, диагноз қойғызып, ем-домымызды тағайындатып, разы болып қайтқанымыз есімізде. Соған дәндеп алған біздер кезегі көп емханадан гөрі осында келуді тәуір көретінімізді несін жасырайық.

Сөйтсек, біз ғана емес, кешкі сағат 18.00-ден кейін аурухананың қабылдау бөліміне келушілердің қарасы күрт көбейеді екен. Жұртшылыққа жұмыстан кейінгі уақытта осы аурухана ыңғайлы болса керек. Әрі кезек те аз. Асықпай отырып, баласын көрсете алады.

Қазіргі таңда бұл ауруханада баланы бастан-аяқ тексеретін барлық құрал-жабдықтар бар. Материалдық-техникалық базасы халықаралық стандартқа сай келеді. Бас дәрігер Расулбек Аиповтың айтуынша, ауруханадағы емдеу тәсілдері мен заманауи медициналық құрылғыларды көру үшін алыс­тан ат арытатындар баршылық екен. Жақында ғана Голландия мамандары келіп, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайтыпты.

Біз де «жақсыны көрмекке» бас дәрігердің емхана жұмыстары жөніндегі орынбасары Гүлнәр Абляевға ілесіп, аурухананы, бір мезгілде 250 адамды қабылдай алатын емханасымен қоса аралап шықтық.

Электрондық жолдама – емделу кепілі

№2 балалар ауруханасындағы 14 бөлімшенің күнделікті қарбалас жұмыс істейтіні – 11.

Алғашқы аяқ басқанымыз – емханалық бөлімше болды. Оған апаратын жол кіреберістегі тіркеу бөлімінен басталады. Осында келушілер тіркеу орнындағы медбикеге емханадан берілген электрондық жолдаманы көрсетуі тиіс. Осы құжат бойынша бала тіркеуге алынып, тиісті дәрігерге жіберіледі.

Биылғы қаңтар айынан бастап ауруханаларды қаржыландыру мәселесіне өзгеріс енгізілгені белгілі. Енді оларға қаржы бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарынан, яғни, емханалардан келіп түседі. Емханалар өздерінде белгілі бір саланың маманы болмаса, онда алдын ала жасалған келісімшарт негізінде балаға қажетті сала маманы бар емдеу мекемелеріне жолдама беруге тиіс. Ол үшін бала туралы, сырқаты, оның қай мекемеге, қандай дәрігерге жіберіліп жатқаны жайында мәліметтер амбулаториялық-емханалық көмек көрсету жөніндегі электрондық бағдарламаға енгізіліп, соны дәлелдейтін жолдама емделушінің қолына беріледі. Бұл мағлұматтар баланы қабылдайтын дәрігердің алдында дайын тұрады. Сырқатты қабылдаған кездегі қызмет ақысы да осы бағдарламада айқын көрсетіліп, ай соңында емхана сол қаржыны баланы емдеген мекемеге аударуға тиіс. Әлбетте, барлық сала маманы шоғырланғандықтан, осы ауруханаға келетіндер баршылық. «Егер қандай да бір емхананың бізбен келісімшарты болмай, сонда тіркеуден тұрған сырқат бізге келсе, оларды тек ақылы негізде қабылдауға мәжбүрміз. Себебі, әр науқасты емдеуден түскен қаржы арқылы біз қызметкерлерімізге жалақы төлеп отырмыз. Бірақ ауы­рып тұрған баланы көргенде дәтіміз шыдамай, келісімшартта көрсетілмесе де қабылдайтынымыз бар. Ондай кезде «келісімшартта көрсетілмеген қызмет түрі» дейді де қаржыны төлеуден бас тартатындар жоқ емес. Емханалармен келісімшарт бойынша жұмыс істейтінімізден ата-аналар да бейхабар. Мән-жайды түсіндіргенімізге қарамастан шағымданып кететіндер бар. Сондықтан, ата-аналарды сабылтпас үшін педиатрлар өздерінің емханасы өзгелермен қандай қызмет түрі бойынша келісімшарт жасасқанын біліп алғаны жөн» дейді Гүлнәр Рүстемқызы.

…Тіркеу терезесінде тұрғандардың қарасы көп емес. Тіркеушілер электрондық жолдама бойынша баланы тіркеп, дәрігердің қабылдауына алдын ала жазып жатыр. Әрине,  шұғыл медициналық көмекті қажет ететін балалар сарылып кезегін күтпейді. Бірден дәрігердің қабылдауына кіреді. Ал қандай да бір кеңес алуға келгендер бірер күн күтуге тура келеді. Есімізде,  бұрын аллерголог-дәрігердің қабылдауына ұзақ-сонар кезек болатын. Қазір ондай түйткіл жоқ. Төрт бірдей аллерголог-дәрігердің біріне бүгін жазылсаңыз, сол күні немесе ертеңінде-ақ  қабылдауына кіруге мүмкіндік бар.  «Біздің ауруханада 53 дәрігер мен 61 медбике жұмыс істейді. Ендігі жетіспей тұрғаны – невропатолог пен кардиолог мамандары. Өзіміздегі екі жүрек дәрігері күллі қалаға аздық етіп тұр. Жүйке жүйесі ауруларын емдейтін төрт дәрігерімізге де кезек көп. Қалалық мемлекеттік емдеу мекемелері бетіне қарап отырған жалғыз эпилептолог-маман да біздің ауруханада. Оған да кезек көп. Осы мамандардан басқасына ешқандай кедергісіз кіруге болады» дейді Гүлнәр Абляева.

Балалардың денсаулығы ата-аналарға да байланысты

Бұдан кейін ғимараттың екінші қабатында орналасқан емханалық бөлімшеге көтерілдік. Балаға қажетті барлық сала мамандары осында отырады екен. Психолог, сурдолог, гематолог, ревматолог дейсіз бе –  түгел осында.

Дәрігерлер отыратын бөлмелерді аралай жүріп, сурдолог отыратын кабинетке бас сұқтық. Өзін Болат Айтжанов деп таныстырған дәрігер балалардың есту қабілетіндегі өзгерістерді тексеретін аппараттардың бәрі осы жерден табылатынын жеткізді.

– Мұнда сурдологиямен айналысатын төрт бірдей кабинет бар. Қазіргі таңда сәби дүниеге келе салысымен перзентханада құлағына скринингтік тексеру жүргізіледі. Егер қандай да бір ақау табылса, онда бірден біздің ауруханаға жолдама береді. Біз нәрестені жан-жақты тексеруден өткізіп, сырқаттың қандай деңгейде екенін анықтаймыз. Нақты диагноз қоюымызға заманауи құрылғылардың көмегі көп. Мысалы, қысқа жиілікті толқынды аппарат жаңа туған сәбилердің құлағындағы кемшілікті дәлме-дәл анықтауға, аурудың қандай деңгейде екендігін білуге мүмкіндік береді, – дейді сурдолог-маман.

Жалпы, құлақ аурулары неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым тез жазылады екен. Тіпті, құлан-таза айығып кетуге болады. Бұл ата-аналарға тікелей байланысты. Екі жасқа жеткен баланың сөйлей алмауы ата-ананы ойлантуға тиіс дейді дәрігер. Аурудың туа бітті және жүре келе пайда болатын түрлері бар. Соңғысына вирустық  аурулар көп әсер етеді екен. Сондықтан, баланың ауруын асқынтпай, дер кезінде емдеткен дұрыс.

Қазіргі таңда мүлде құлағы естімейтін балаларға кохлеарлы имплант жасалады. Бұл дегеніңіз – операция жасау арқылы баланың құлағына арнайы техникалық құрылғы орнату деген сөз. Бүгінде осындай ота жасалған 43 жеткіншек осында есепте тұр.

Осыдан кейін невропатолог отырған кабинеттің есігін қақтық. Гүлнәр Абляеваның айтуынша, қаладағы кейбір емханаларда невропатолог-мамандардың болуына қарамастан, мұндағы дәрігерлерге кезек көп көрінеді. Ата-аналар тарапынан жоғары сұранысқа ие невропатолог – Айгүл Иманқұлова өзінде отыр екен. Екі жас шамасындағы балдырғанды қарап отырған дәрігерді сөзге тарттық.

– Айгүл Әбдіболатқызы, қазіргі балалар арасында қандай жүйке жүйесі аурулары кең тараған?

– Маған келетін балалардың көбінің тілі уақытында шықпаған. Мысалы, мына менің алдымда тұрған сәбидің дамуында тежелу бар. Тілі де дұрыс емес. Енді бұл сәбиді бақылауымызға алып, ем-дом жүргіземіз. Бірақ, бала дер уақытында келіп отыр. Сырқаттың құлан-таза айығып кетуіне мүмкіндік көп. Кейбір ата-аналар бізге кеш келеді. Әлбетте, ондай балалардың емделуі де күрделі.

– Балалардың уақытында сөйлемеуі неге байланысты?

Қазіргі ата-аналардың көпшілігі жұмысбасты. Жұмыс, жұмыс деп жүріп, балаларына қарауға уақыты жоқ. Кейбіреулер жан тыныштығын ойлап, балаларының қолына планшет, айпад ұстатып қояды. Бір мониторға телміріп, ешкіммен сөйлеспей өскен баланың тілі де кеш шығатынын ескерген жөн. Сондықтан баламен сөйлесе берген дұрыс.

– Баламен неше жастан бастап сөйлесу керек?

– Туғаннан бастап, әрине. Нәресте сөйлесе алмағанымен, сөздердің бәрін санасына тоқи береді. Ертеде ата-әжелеріміз балаға бесік жырын айтып беретін. Бұл әннің баланың дамуына пайдасы мол болған. Ал қазіргі жастар бесік жырын айтпақ түгілі, балаларымен дұрыс сөйлеспейді де. Сондықтан туа салысымен балаға көп көңіл бөліп, онымен сөйлесе берген жөн.

Өзіңіздің невропатолог-дәрігер болып жұмыс істегеніңізге қанша жыл болды?

– 11 жылдан асты. Оған дейін педиатр болғанмын.

Жұртшылықтың ризашылығына бөленген дәрігерге алғысымызды білдірдік те әрі қарай жылжыдық. Жолай стомотология бөлімшесіне кіре кеттік. Мұнда да су жаңа аппараттар тізіліп тұр. Ауыздағы 32 тісті, ауыз қуысымен қоса түгел тексеріп, түрлі-түсті сурет етіп шығарып беретін панорамалық құрылғының өзі неге тұрады?! Стоматология бөлімшесінің меңгерушісі Қоңырат Жұмабаеваның айтуынша, бөлімшеде 14 маман жұмыс істейді. Солардың ішінде ортодонт-дәрігердің орны бөлек. Себебі, қисық тістерді түзейтін мұндай маман жоғары  дәрежелі стоматологиялық клиникаларда ғана кездеседі екен. Оларды стоматология саласының элитасы деп те атайтындар бар. Міне, осындай тапшы маман ауруханадағы кішкентай науқастарға қызмет етіп жүр.

Емдеу мекемесі – шеберлік мектебі

Бас дәрігердің орынбасарымен бірге аурухананың бесінші қабатына көтерілдік. Мұнда күндізгі стационар орналасқан екен. Жолай әп-әдемі жасақталған  ойын алаңын көзіміз шалды.

Күндізгі стационар 20 орынға арналыпты. Емделушілердің диагнозы да әртүрлі. Хирургиялық операциялар мен инсульттан кейін келіп, ем алып жүргендер де, пневмония, бронх демікпесі сырқаттарымен жатқандар да бар.

Балалар мұнда ата-аналарымен келіп, 6-8 сағат бойы ем қабылдайды екен. Бөлімше меңгерушісі Дина Айгужинаның сөзінен білгеніміз, күндізгі стационар тек емдеп қана қоймай, ата-аналарға балаларының сырқаты бойынша арнайы дәрістер де өткізеді.  Айталық, баласы бронх астмасымен ауыратын ата-аналар ингаляция қалай жасау керектігін, оған қажетті дәрі мөлшері қандай болу қажеттігін меңгереді. Тіпті, балаға қандай тағамдар беріп, қайсысынан бас тарту керектігі де түсіндіріледі.

Осы қабатта физиокабинет те орналасыпты. Мұнда балалар массаж алып, түрлі емдеу-шынықтыру жаттығуларын жасайды. Қазіргі таңда ата-аналардың көбі балаларына массажды ақылы негізде алады. Ал егер емхана мен аурухана арасында келісімшарт жасалып, онда массаж, электрофорез, магниттік терапия шаралары енгізілген болса, онда электрондық жолдама арқылы мұның бәрі балаға тегін жасалатынын әр ата-ана біле жүргені жөн.

Мұнда массаж бен жаттығуларды тәжірибесі мол мамандар жасайды екен. Мысалы, майтабан, бой сколиозы секілді диагноздармен келген балаларға емдеу-шынықтыру жаттығуларын 40 жылдан астам тәжірибесі бар маман Бақыт Рахымжанова үйретеді. Өз маманының шебері зейнеткерлік жасқа жетсе де, әріптестері оны жібергісі жоқ.

Осында емделушілердің жасы 2,5 мен 15 жас аралығын құрайды. Төрт бірдей массажист-маманға кезек те көп. Бірақ, әдеттегідей массажға ерекше мұқтаж болып отырғандар кезексіз қабылданады.

Емделушілердің 80 пайызы – стационарда

«Біздің ауруханада емделушілердің 80 пайызы – стационарда жатқан шұғыл медициналық көмекке мұқтаж  жандар» дейді реанимация бөлімшесіне жол бастаған бас дәрігердің орынбасары Гүлнәр Абляева.

Дәрігердің ақ халаты мен қалпағын киіп, қолымызды арнайы сұйықтықпен зарарсыздандырғаннан кейін біз де реанимация бөлімшесіне кірдік.

Өмір мен өлім арасындағы науқастарды қабылдайтын бұл бөлімшеде тәртіп қатал. Барлығы 20 дәрігер мен 36 медбике ауысым бо­йынша тәулік бойы жұмыс істеп, ауыр халдегі науқастарды кірпік қақпай күзетеді. Олар қандай жағдайға да тас түйін отырады. Арнайы үстелде дәрі-дәрмек, зарарсыздандыру құралдары мен шұғыл кезде қажет болатын дефибриллятор аппараты секілді арнайы жабдықтардың бәрі дайын тұр. Дәрігерлік және медбике посттарындағы арнайы мониторды да көзіміз шалды. Осы экран арқылы ақхалаттылар бөлімшедегі әр науқастың жағдайын, жүрек соғысын, қан қысымын бақылап отырады екен. Егер емделушілердің бірінің жағдайы күрт нашарласа, онда монитордағы бағдарлама дабыл қағады. Айталық, мониторда жасыл түс жанса, онда науқастың жүрегі сыр берді деген сөз. Қызыл түс жанса, қан қысымының кенет көтеріліп немесе түсіп кетуінің белгісі.  Ал қызғылт сары түс – сырқаттанушының жалпы жағдайы күрт нашарлағанын білдіреді. Монитор дабыл қаққан жағдайда дәрігерлердің бәрі іске кірісіп, адамның өмірін сақтап қалу үшін жанталасады. «Жұмысымыз ауыр болғанымен оны жеңілдетуге арналған жағдайлардың бәрі бізде жасалған» дейді бөлімше меңгерушісі Жеңіс Сейітқалиев.

 Бөлімшедегі 18 төсектің бәрі де наркоздық-тыныс алдырту аппараттарымен жабдықталыпты. Мұнда келіп түскен ауыр халдегі науқастар төсегінде жатып-ақ, ЭКГ, рентген аппаратынан өте алады.  Қан, несеп сараптамалары 15 минуттың ішінде дайын болады. Ал биохимиялық күрделі сараптамалар 1-2 сағатта дәрігердің алдында тұрады.

Бөлімшедегі әр палатада жарық есептейтін құрылғы орнатылған. Науқастың өмірін қамтамасыз етіп тұрған аппараттар автономдық аккумуляторға қосылған екен. Егер алда-жалда жарық сөніп қалса, онда осы қондырғы автоматты түрде іске қосылады. Оған ток беріп тұрған генератордың 6-10 сағат бойы үздіксіз жұмыс істеуге қауқары бар. Демек, техникалық жағынан науқасқа төніп тұрған қауіп жоқ.

Бөлімшеге ауыр жағдайда келіп түсушілердің диагнозы да әртүрлі. «Жыл мезгілдеріне байланысты бізге келіп түсетіндердің сырқаты да бөлек. Мысалы, көктем-жаз айларында аллергиялық аурулармен, бронх демікпесімен келетіндер көп. Биіктен құлайтындар мен көлік апатына ұшыраған балалардың көбеюі де осы кез. Биыл мамыр айынан бастап, 10 бала терезеден құлап, ауыр халде бізге жеткізілді. Кішкентайлардың тамағына бөгде зат кептеліп қалатын оқиғалар да жиі кездеседі. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, үш жасқа толмаған сәбилерге магнит, батарея, тиын секілді заттарды бермегені жөн. Бұл бала өміріне қауіпті екенін ескерткіміз келеді» дейді бөлімше меңгерушісі.

Реанимация бөлімшесіне күніне 8-9 бала келіп түседі екен. Бақытқа орай, балалардың көпшілігі емделіп, жағдайы тұрақталғаннан кейін профильдік бөлімшеге ауыстырылады.

 

Осылайша, 14 маман­дандырылған стационарлық және 9 параклиникалық бөлімшесі бар көпсалалы аурухананың бірқатар бөлімін аралап шықтық. Мұнда 15 жасқа дейінгі балалардың денсаулығын түзеуге арналған емдеудің барлық түрі бар екеніне көз жеткіздік. Әрине, бөлімшелердегі дәрігерлердің біліктілігі, науқастарға деген қарымқатынасы, емдеу деңгейі қаншалықты екенін біз білмейміз. Мұны білуге тырысқанымен, балалардың әке-шешелері тарапынан рұқсат болу керек. Ойға түйгеніміз – аурухана ғимаратының мұнтаздай тазалығы мен жаңа екендігі. Әсіресе, ондағы медициналық құрылғылардың елде жоқ еректігі көңілімізге қонды. Бұрын республикалық клиникалардың материалдық-техникалық базасына қызыға қарайтын едік. Енді сондай керемет аппараттар астаналық емдеу мекемелерінде де орнатылып, балалардың денсаулығы үшін қызмет етіп жатқанына қуандық.

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − 9 =