«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бала денсаулығы бәрінен қымбат

0 9

Кеше елордада Балалар жылы аясында №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында бүлдіршіндерге арналған ашық есік күні шарасы ұйымдастырылды. Бұл күні мамандар ата-аналарға нақты кеңестер берумен бірге, балалардағы жұқпалы патологиялардың себептерін және осы мәселелерді шешудің жолдарын түсіндірді.

DSC_7922коп

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми мәліметі бойынша соңғы кезде балалар арасында тараған инфекциялар, жұқпалы респираторлық вирустық инфекциялар және жұқпалы ішек аурулары көп. Осы инфекциялар біздің елімізде де жиі кездеседі. Сондықтан бас қаладағы бүлдіршіндерге жұқпалы патология және пульмонология мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсету мақсатында балалар ауруханасында ашық есік күні өтті.

Шара барысында медицина ғылымдарының докторы, профессор, «Астана» медицина университетінің балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Д.Баешева, профессор-педиатр Қ.Абдрахманов, пульмонолог Л.Рамазанова, жоғары санатты балалар инфекционисті А.Омарова, Нұр-Сұлтан қаласының штаттан тыс балалар инфекционисті Г.Нұртазина және жоғары санатты балалар инфекционистері мен стационар бөлімшелерінің меңгерушілері қабылдау жүргізді.

Ашық есік күніне келгендерге кеңес беру сол күні сағат 10.00-ден басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасты. Осы уақыт аралығында сала мамандары барлығы 50-ден астам науқасты қабылдап, тегін қызмет көрсетті.

Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының №3 инфекция­лық бөлімшесінің меңгерушісі Жанар Сәмбетқызының қабылдауына келген пациенттердің бірі гельминтоз, яғни ішек құрттары бойынша кеңес алды. Дәрігердің айтуынша, науқас арнайы есепте тұрмайды, тек бауырында артық ет (киста) болғандықтан, учаскелік педиатр ішек құрттарына талдау жасатқан. Соның бір көрсеткіші шыққаннан кейін маман кеңесін алуға жіберген. Жалпы науқастың жағдайы жақсы, ешқандай ауытқу жоқ. Дәрігер екінші талдаудың қорытындысы шыққаннан кейін қайта келуге кеңес берді.

– Қазіргі таңда біздің ауруханада әртүрлі диагнозбен 300-ден астам науқас ем қабылдап жатыр. Оның ішінде 100-ден астамы ішек жұқпалы инфекцияларымен, 60-қа жуығы ауа арқылы жұғатын менингит, энцефалит, ангина, сондай-ақ пневмония, фарингит, бронхит деген диагноздармен де жатқан науқастар бар. Ауруының түріне және созылмалылығына қарай әр науқасқа тиісті ем жүргізілуде, – деді Ж.Бөкенова.

Балаларда жиі кездесетін бірқатар ауру түрлері, олардың алдын алу шаралары туралы айта отырып, бөлімше меңгерушісі ауруды жұқтырмаудың жолдарын, ал жұқтырып алған жағдайда оны уақытылы емдеу керектігін атап өтті. Бұл ретте баланың денсаулығына ерте жасынан дұрыс көңіл бөліп, әрқашан аурудың алдын алу шараларын орындау және ауруды дер кезінде емдеу керек. Мамандардың мәлімдеуінше, жұқпалы ішек құрттары пайда болмас үшін алдымен одан сақтану, яғни аурудың алдын алу қажет.

Кеңес алуға келген елорда тұрғыны Ботакөз Бейбітханның баласы әлі бірге толмаған. Бірақ дүниеге келген сәтінен бері пульмонологтың бақылауында есепте тұрған нәресте үнемі маманның кеңесіне зәру. Ол ашық есік күнінің өтетіні туралы өзі қаралып жүрген педиатр дәрігерден естіген екен.

– Арнайы маманның кеңесін алуға мені мұнда учаскелік ­педиатрым жіберді. Пульмонолог дәрігерлер қарады, тексерді. Жағдайымыз қалыпты. Балам іште жатқанда өкпесі дамымай, мерзімінен бұрын, жүктіліктің 26-аптасында дүниеге келген болатын. Туысымен оған бронхиалды-өкпе дисплазиясы диагнозы қойылды. Бүгінгі таңда, Аллаға шүкір, бәрі жақсы, бірақ балам жиі ауырады. Қазір ол 8 айлық, салмағы 5 келі 200 грамм, – деді Б.Бейбітхан.

Әрине, кез келген ата-ана үшін баласының денсаулығы бәрінен маңызды. Дегенмен қазіргі кезде әртүрлі патологиясы бар балалардың арнайы маманға тегін қаралуы қиын. Мемлекеттік емханаларда, әсіресе пульмонологқа жазылу бір қиямет көрінеді. Ал бала қатты ауырып, тез арада көмек керек болғанда, ақылы негізде көрінуге тура келеді. Сондықтан кеңес алуға келген ата-аналар осындай ашық есік күндерінің көптеп ұйымдастырылуын қолдайтынын жеткізді. Бұл өз кезегінде балаларды дәрігерлерге тегін қаратуға мүмкіндік тудырып отыр.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды