Бала болашағы ана құрсағында қаланады

0 284

Аналарымыздың ізін басқан жеңгелеріміз бойына бала біткенін дабыра етпеуші еді. Алтын құрсақ айналайындарымыз айы-күні жақындағанда тіпті көркем болып кететін. Күннен күнге толған айдай толықсып, мама қаздай балпаңдап жүргенінің өзі сүйкімді. Жүздерінен жылылық төгіліп, жолында кездескен жанның қабағын жадыратып сала беруші еді. Сол қалпынан айнымай, артынша араға екі жыл салып, ұлы мен қызын қатарынан дүниеге әкеліп жатушы еді. 

ЖҮКТІЛІК – ЖАУАПТЫ КЕЗЕҢ

Осы күні таң қаламын. Жас келіннің аяғы ауырласа, бір уайым басталатын сияқты. Әулеттің бір баласын емес, өзге планетаның белгісіз бір жаратылысын күткендей тоғызайлық әбігерлік басталады да кетеді. Жас келін әдеттегі тірлігінен қалып, екі аяғын көкке қойып, қимылсыз жатуға бейім. Айма-ай ізіне күйеуін салпақтатып, не енесін ертіп емханада жүреді. Осылайша, болашақ ананың жүктілікті табиғи жағдай ретінде қабылдай алмаған аянышты халі ойландырады. Кім біледі, дүниеге келер сәби ана құрсағында жатып-ақ дәрменсіздікті, мына тірлікке бейімсіздікті бойына жинап жатқан болар. Періште-сәбидің тар жерден жарық дүниеге талпынып шығатын жолын «кесеревамен» кесіп, қауқарсыз етіп жатырмыз ба, оны да кім ойлапты?! Табиғи сұрыпталу болмаған соң, жылдан жылға қазақтың баласының жаратылысының бір қасиеті кеміп бара жатыр-ау деп ойға қаламын.
Әйел өмірінің бір кезеңі – жүктілік табиғи құбылыс. Бұл – әйелге ана бақытын, шаңыраққа сәби сыйлайтын қайталанбас сәт. Қоғам өзгерді ме, адам санасы өзгерді ме, оны айта алмаймын. Бірақ, бұл жағдайға әйелдердің көзқарастары да әрқилы. Кейбіреулері өз жайына шектен тыс мән беріп: «маған мынау жақпайды, мынау болмайды» деп түрлі тыйымдарды ойлап табады. Керісінше, енді біреулері тіпті, денсаулығына зияны келсе де, алаңсыз жүре береді. Бұл табиғи құбылыс ретінде жүктілік әйелдің қалыпты өміріне ешқандай кедергі келтірмеуі керек. (Егер дәрігер болашақ ана денсаулығының ақаулығына қарай ұсыныс бермесе). Дегенмен, қалыпты, табиғи жағдайды күрделілендіруге көп мән беріліп келе жатқанын айту керек сияқ­ты.
Ал жастарымыздың жүктілікке дайындықсыз, салғырт қарауы, бұл жайдан кейде мүлдем бейхабар болуы жауапкершіліктің кемдігі дер едім. Сәбиді уақытша арқалатып жіберген жүк сияқты қарайтындары да бар. Сайып келгенде, тұңғышын туатындар – 20-25 жас аралығындағы жас келіншектер. Көзі ашық, бір оқуды бітірген, тым құрығанда интернеттен хабары бар жандар.
Олардың қалыпты жағдайды қабылдай алмауының тағы бір себебі – өзгені көп тыңдауында да жатыр. Өзінің пікірі бекіп, толық мәлімет болмағаннан кейін өзгелерді көп тыңдап кетеді. Бөтеннің тәжірибесін өзіне қабылдап алады. Ата-ана­ларының шексіз қамқорлығы, орынсыз өбектегені де болашақ ананы ойға салады. Содан өзін қауқарсыз ауру сезініп, ауырлана бастайды. Осының бәрін жолға қою керек.
Бір қызығы, дәрігердің айтқан нұсқауымен емес, тәжірибесі бар жасы үлкен абысындарын тыңдауға құлықты келеді. Бұл жерде тағы айтпағым, осы жайтқа әйелдің мүлдем саналы келмеуі, жүктіліктің не екенін толық түсінбеуі – алғашқы ақ­паратты бөтеннен емес, маман-дәрігерден алып көңілге тоқуына кедергі келтіреді.

ТОЛҒАҚ – ҰМЫТШАҚ АУРУ

Әйелдердің босанар алдында үрейі басым болады. Әдетте, айы-күні жақындаған сайын айналасындағылар өздерінің басынан өткенін айтып үркіте бастайды. Оны аяғы ауырлап отырған жан өзіне жақын қабылдайды. Тоғыз ай тоғыз күн дегенде бауыр еті баласы жарық дүние есігін ашатынын сезініп, сондай сәтіне іштей дайындығы берік, бөпесін аман-есен дүниеге алып келем деген ана толғақтан қорықпас еді.
Тағы бір қынжылтатын жайт бар. Тіркеуде тұрған емханада босануға даярлық мектебі жұмыс істейді. Оның алты-жеті сабағында баланың әрбір мүшесі – көзі, құлағы, аяғы мен тырнағына дейін қай кезеңде қалай дамиды, толық дамуы үшін не жеп, не қоюы керек деген сұрақтардың жауабын түсіндіреді. Босануға қатысты жаттығулар, одан кейінгі кезең­дегі кеңестерді осы жерден алуға болады. Сабақ уақытында бара қалсақ, бар-жоғы бір-екі әйел отырады. Ал босанар сәт­те, тіпті қалай тыныс алуды білмей көздері жәутеңдегендерге сабаққа қатыстыңыз ба деп сұ­расақ, «баруға қолым тимеді» деп жауап береді.

ШІЛДЕХАНА, ҚАЛЖА…

Жалпы, анаға жүктілік ке­зеңінен гөрі, босанғаннан кейінгі кездерінде көп көмек қажет. Бізде қалай? Бала туылды, туыстары топырлап келіп перзентханадан шығарып алады. Шілдехана, қалжасын беріп, той тойланады. Осымен ағайынның қатысы аяқталады. Қонақтың аяғынан шаршаған анаға сәбиін ұстатып, қамқорлық шегі осымен тәмам. Жас ана үшін күрделі кез енді басталып, көбі босанудан кейінгі депрессияға түсіп кетеді. Алғашқы айларында білінбесе де, түн ұйқысы төртке бөлінген ана уақыт өте баласымен қосылып жылайтын болады. Әйел депрессияға түссе, оның салдары алысқа кетеді. Оның жаманы әйел екінші баласын көтеруге көңілі соқпайды. Ұйқысыз күндердің көлеңкесі көңілінде қалып қойып, келесі бөпесін тууды кейінге қалдырып, ақыр аяғында уақытын жіберіп алады. Бұрындары толғақты ұмыт­шақ ауру десек, қазір одан кәдімгідей үркетін кеселге айналып келеді. Бұлай жалғаса берсе, жастарымыз бала туудан қалатын сияқты.

Шұғылажан ЕСІМБАЕВА,
Астана қаласы
№2 перинаталдық орталық
бас дәрігерінің орынбасары

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 + three =