«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Бала бақылаусыз қалмасын

0 238

Сарыарқа ауданының әкімі Павел Кулагиннің төр­ағалығымен кәмелетке тол­мағандардың құқығы мен қылмысына қатысты жиын өтті. Оған жергілікті полиция қызметі мен прокуратура өкілдері, кәсіпкерлер және қала тұрғындары қатысты. 

Іс-шара барысында Сарыарқа ауданы прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық сала­­дағы заңдылықты бақылау жөнін­дегі бөлім прокуроры Ғалы Бексұлтанов баяндама жасап, балалар арасындағы суи­цид мәселесіне тоқталды. «Бүгінде Қазақстан осы проблема бойынша әлем елдерінің тізімінде алғашқы орында тұр. Мұның өзі – қынжылтарлық дерек. Әйткенмен, жыл сайын суицид көрсеткіші азайып келеді. Мәселен, 2013 жылы 21 факті тіркелсе, 2014 жылы 6 бала өз-өзіне қол жұмсауға әре­кеттенген. Бірақ 2015 жылы бұл цифр 20-ға дейін жетті. Оның ішінде 2 жағдай өлім­мен аяқталды. Ал биыл әзірге 5 оқиға белгілі. Аталған індет­тің алдын алу үшін тиісті жұ­мыс­тарды атқарып жатырмыз. Мектеп психологтарымен бірлесіп, оқушылармен ашық әңгіме жүргізудеміз. Әлеу­меттік желідегі күдікті парақ­шаларды бақылап, біздің бүлдір­шіндерімізге теріс әсер етпеуін қадағалаудамыз» деді ол. Осы тұста аудан әкімі Павел Кулагин суицидке мүмкіндік беретін жолдардың бәрін жауып, әсіресе, көпқабатты үйлердің шатырына шығатын есіктерді мықтап бекіту керектігін айтты.
Бұдан соң, Ішкі істер бас­қар­масына қарасты Сарыарқа аудан­дық ювеналды полиция бөлі­мінің басшысы, полиция майоры Әлия Қолышпаева сөз алып, кәмелетке толмаған­дардың ұрынатын қылмысы жайлы мәлім­деді. «Жыл басынан бері балалар мен жасөс­пірімдер тарапынан 196 қыл­мыс жасалған. Көбінесе, ұялы телефон мен ақша ұрлығы жиі кездеседі» дей келе тәртіп сақшысы тәрбиенің рөлін шегелей жеткізді. Ювеналды поли­цияның ұйымдастыруымен балалар қылмысының алдын алуға бағытталған акциялар, жедел іс-шаралар, салауатты өмір салтын насихаттайтын эстафеталар тұрақты түрде өткізіліп отырады екен. Сонымен қоса, полиция майоры балаларға алкогольді ішімдік пен темекі өнімдерінің сатылуы турасында да әңгіме қозғады. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл мұндай фактілер едәуір азайған.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды