©2020 Астана Ақшамы
БАЛА АСЫРАП АЛУҒА НИЕТТІ ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАП ҚАНДАЙ БОЛУЫ ШАРТ?
Еліміз бойынша ата-анасының қамқорлығынан айырылған 35 мыңға жуық бала бар. Соңғы он төрт жыл ішінде олардың 47 мың 421-і өзге отбасының асырауына берілген. Нақты айтқанда, 38 мың баланы отандастарымыз, 547-сін – шетелдік туыстары, 8 мың 806 баланы шетелдіктер асырап алыпты.
Бала асырап алуға ниетті 1871 жан кезекте тұрған көрінеді.
Гүлнәр ҚҰЛЫШЕВА,
Астана қаласының мамандандырылған сәбилер үйінің
бас дәрігері:
– Ең алдымен, шетелдіктердің қарамағына қандай балалар беріледі деген сауалға жауап берейін. Мәселен, мен басқаратын балалар үйінде дене бітімінде туабітті кемшілігі бар бірнеше бала тәрбиеленуде. Бала асырап алуға келген қазақстандықтардың арасынан науқасқа шалдыққан осындай балаларды алуға ниет білдірген бір де біреуін кездестіріп көрген жоқпын. Олар, ең алдымен, баланың аяқ-қолы сау, келбеті сүйкімді болуын талап ететін. Міне, өзге түгілі өзімізге керексіз болып қалған осындай сәбилерді ғана біз шетелдіктерге көрсетуге құқымыз бар. Міне, сондықтан, «бала сатылып жатыр» деген даурықпа әңгімені қою керек. Бала сатылмайды, қамқор болуға ниетті жандардың асырап алуына беріледі.
Қазақстандық сәбилерді асырап алатын жандар бізбен бұған дейін жеке тұлғалар арқылы байланыс орнататын. Ондай жандардың жұмысын тиісті органдар қадағалап отырды. Алайда, мұндай жандар арнайы тіркелмегендіктен, кейбір келеңсіздіктердің орын алғаны рас. Бұдан былай бұл жұмыспен әр қаладағы тіркеуден өткен арнаулы агенттіктер айналыспақшы. Сондай-ақ, бала асырап алуға келген жандардың баламен тіл табысып, үйренісуіне берілетін уақыт та 4 аптаға ұзартылды.
Менің білуімше, бұдан былай арнаулы комиссия құрылып, оларға бала асырап алған отбасылардың әрқайсысына арнайы барып, баланың жай-күйін білуге мүмкіндік беріледі. Біз, өзін таңдаған жандарға баруға қарсылық танытқан балаларды қинамаймыз. Егер ата-ананың мінез-құлқы, тұрмыс жағдайы көңілімізден шықпаса, баланы беруге біз де келіспеуге құқылымыз. Әрине, сәбилеріміздің шетел асып жатқаны өкінішті-ақ. Бірақ, баланың амандығы мен болашағының жарқын болуын тілесек, мүмкін, қамқор болар ата-анасын тапқаны дұрыс та шығар.
Бақыт ӘЛІБАЕВА,
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
– Халықаралық бала асырап алу саласындағы ынтымақтастық және балаларды қорғау конвенциясы, ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексі қабылданбай тұрғанда, елімізден бала асырап алу процесі еркін жүретін. Яғни, өзге елдің азаматы интернет арқылы байланысып, не болмаса, басқа да жолдармен келіп, баланы көретін, оның тәрбиеленіп жатқан жерімен танысатын. Егер бәрі көңілінен шығып жатса, баланы өздерімен бірге алып кететін.
ҚР «Неке және отбасы туралы» кодексі қабылданғаннан соң еліміздегі барлық нормативтік-құқықтық актілер сәйкестендіріліп, он қаулы қабылданды. Осы қаулылардың алтауы бала асырап алу процесімен тікелей байланысты.
Құжаттағы ең басты жаңалық – Қазақстаннан бала асырап аламын деушілер енді бұдан былай бізде тіркелген шетелдік агенттіктер арқылы өтініш береді. Бұрын ондай агенттіктер жоқ болатын. Шетелдік агенттіктерді тіркеу былтыр басталып, биылғы 18 қаңтарда аяқталды. Ал, мұндай агенттіктер бізге алғашқы үш жылда жыл сайын екі рет, одан кейінгі жылдары бала кәмелеттік жасқа толғанша жылына бір рет есеп беріп отырады. Яғни, баланың қалай өмір сүріп жатқандығын дәлелдейтін бейне, фото деректермен қоса, басқа да біз талап еткен мәліметтерді жіберуге тиісті.
Шынар ДОСАН