Бала анасының тілінде сөйлейді

0 52

Қазақ – ежелден тәубешіл халық. Тәртіпке, билердің, отағасының айтқан сөздеріне иіліп мойынсұнатын жұрт болдық. Ерте заманнан әдет-ғұрпымыз, салт-санамыз, тіліміз, діліміз мызғымас ел едік.

Қазақ қоғамының шырқы кеңес заманынан бері бұзылды. «Ура, ура, қызыл, кеңес, партия» деп ұрандап өскен ұрпақ өткен тарихымызды мансұқтады, «эмансипация» деген желеумен әйел еркекке бағынбай кетті. Соның бір парасы – аралас немесе ұлтаралық неке деген салт шықты. Әрине, өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарымен алғашында Алаш серкелері (Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы) басқа ұлт өкіліне үйленуге мәжбүр болды. Мұны тағы бір себебі сол тұстағы ақжағалыларға (интеллигенция) еуропаша оқыған, өздерімен пікірлесе алатын қыздар керек еді. Ұлы Мұхтар Әуезовтің де Валентина Николаевнаға үйленгені осы себептен. Одан бетер осы дәстүр жалғасын тауып, екінші жаһандық соғыс, соғыстан кейінгі жылдары тіпті өршіп кетті.
Кейінгі 10 жылғы санақ бойынша қазақтың 41000 ер-азаматы, 30000 әйел заты өзге ұлт өкілдеріне үйленген. Солардың ішінде 70-і қытаймен (бұл цифрды пысықтау керек, өйткені шын мәнінде одан көп шығар?), 1100-і ресейлікпен тұрмыс құрған. Былтыр ғана Қазақстанда 144 мың жас жұбай шаңырақ көтерген, олардың 8300-і – аралас.
Кейінгі санақтарға жүгінсек, елімізде 20 пайыз ұлтаралық некелесу белең алып отыр. Бұл көрсеткіш арта беретіні сөзсіз. Мәселен, Ахаңның жары атын мұсылманшаға Бадрисафа деп өзгертіп, намазға жығылған, балалары қазақ тілінде тәлім алған. Ал қазір бөтен елдік келіндер мен күйеу балалардың көбісі қазақ болғысы келіп тұрған жоқ. Біраз ұлтаралық отбасылар шет елдерге көшіп кеткен.
Сонымен не істеу керек?
Алдымен отбасылық институт дәрежесін көтерген жөн. Көпбалалы отбасыларды құрметтеп марапаттауымыз керек. Бала санына қарай жәрдемақы мөлшерін мейлінше арттырса жөн болар еді. Келін институтын жандандыру қажет, әйтпесе қалаларда тікбақай келіндер қаптап кетті. Бәрі анаға байланысты. Мен былтыр Алматы шаһарында бір отбасының салтанатына қатысқамын. Сонда деймін-ау, үлкендерінен бастап отбасы мүшелерінің түгелге жуығы орысша шүлдірлеп жүрді (енді кеңестік кезеңдегі жағдай, сол тұстағы астанамыз Алматыда жалғыз-ақ мектеп болды ғой, соның өзі малшылардың балаларына арналған еді). Содан бір мезет құлақ салып едім, бір 2 жастағы қыз бала қазақша сайрап кеткені. Сондай қуанғаным-ай, десеңізші! Сөйтсем, әлгі сәбидің анасы қазақы тәрбие көрген шығысқазақстандық келін екен. Сондықтан баланың тәрбиесі – анасынан. Мың жерден қазақ балабақшасына берсек те, үйде тәрбиені ең алдымен анасынан алады.
Қытайдан, Моңғолиядан, Қарақалпақстаннан келетін қазақ санын көбейткен дұрыс. Олар өз тарихи отанына көшіп келіп, біздің дүбәра боп кеткен жеткіншектерді қазақшылыққа бет бұрғызып түзейді. Мына нәубет болған індеттен құтылсақ, келер жылы шетелден көшіп келетін квотаны артырсақ құба-құп.
Лайым, қазағымның саны көбейіп, аспанымыз жарқырай түссін! Әумин!

Бақыжан ТОБАЯҚ,
ҚР Мәдениет қайраткері,
Ә.Бөкейхан атындағы
сыйлықтың лауреаты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 11 =