Бала – Алланың аманаты

0 570

Рашид АЛПЫСБАЕВ, Астана қаласы С.Ғылмани қажы мешітінің найб-имамы

Бүгінгі қоғамда бауыр еті – баласына алимент төлемей, жауапкершіліктен жалта­рып жүрген әкелер бар. Әрине, бәзбіреудің отбасылық мәсе­лесіне араласуға құқығы­мыз жоқ. Алайда, осы күні жұқ­­палы аурудай тез тарап жатқан ажырасу, оның ішінде туған баласына бір тиын бермей жүрген әкелер туралы тіс жармай отыра алмаймыз. Әкелер алименттен неге қашады?  Ұл-қызына нәпақа бермегені үшін заңмен һәм шариғат бойынша жаза тартатынын білмейді ме? Білсе неге бермейді?  Бұл сұрақ барша қоғамды толғандырып отырғаны анық. Осыған қа­­тысты ислам дінінде не ай­тылған? Осы сұрақтың жауабын білу үшін С.Ғылмани қажы атындағы мешіттің найб-имамы Рашид Алпысбаевты әңгімеге тарттық. 

– Ер азаматтың баласына алимент төлемеуі туралы ислам дінінде не айтылған?
– Бүгінгі күні баласына алимент төлемеу дегеніміз, заманауи тілмен айтсақ, қылмыс. Ал, шариғат тілімен айтсақ, ол – күнә. Өйткені, әкенің балаларына көмектесуі, әкенің ұл-қыздарына қандай жағдайда болсын Алланың берген нәпақасын жеткізіп отыруы шариғат тілінде – уәжіп. Ажырасу мәселесі қазір көп етек алып жатыр ғой. Соның ішінде балаларының нәпақасын беруден қашып жүрген ерлер де бар. Әрі олар аз емес, көп. Сондықтан оны орындамаса күнәһар болады. Өсіп келе жатқан балаларға ата-анасы айырылысып кеткен жағдайда, кәмелетке толғанға дейін нәпақа беріп тұру – міндет. Олардың нәпақасы әкесіне тиесілі болады. Сол себепті алимент әкеден сұралады. Жаратқан иеміз баланы ата-анаға аманат етіп берген. Ал аманатқа қиянат жасау жоқ. Хазірет Айша (р.а.) анамыздан жеткен хадисте: «Әбу-Суфияның әйелі Алланың елшісіне (с.а.с.) келіп: «Иә, Пайғамбарым (с.а.с.), Әбу-Суфия өте сараң адам. Ма­ған да, бала-шағасына да нәпақа бергісі келмейді. Оның дүниесінен айтпай алсақ күнә бола ма?»,– деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с): Оның дүниесінен өзіңе және бала-шағаңа жететіндей етіп алуға болады», – дейді. Әкенің өз балаларына қамқорлық жасауының шариғатта көрсетілген шарттары бар.

– Ол қандай шарттар?
– Біріншісі, ұлы балиғат жасына жетпеуі қажет. Балиғат жасына жеткен, бірақ мүгедек немесе науқас болса, нәпақасын үлестіріп беріп отыруы керек. Екінші шарты – ұлы кедей болып, жағдайы болмаған жағдайда. Үшінші шарты – әке ұлына қарауға шамасы жетуі керек. Бұл әкенің бай немесе нәпақа табуға шамасы келген жағдайда орындалады.
Әке-шешенің жағдайы болып жатса, туған баласынан ештеңе аямайды. Қашатындар ол емес. Алимент төлемеу баласын жек көргеннен немесе мойындамағаннан туындайтын мәселе емес. Мәселе нәпақа төлеуге шамасы келмегендіктен туындап жатады.

– Солай ғой. Бірақ, алименттен қашқан әкелердің арасында мемлекеттік қызметкерлер, тіпті бірен-саран кәсіпкерлер де бар деп естідік. Дәл осылардың жағдайы келмейді деп айта алмаймыз ғой…
– «Пайғамбарымыз (с.а.с.) өте балажанды болған. Хасан мен Хусейн атты екі немересі болған. Сол немерелерін өте жақсы көрген. Сонда бір сахабаны бір елге имам етіп жұмысқа жіберейін деп бұйрық шығарып жатқанда, екі немересі жүгіріп келіп соларды құшақтап жатады. Қасында тұрған сахаба: «Я, расулаллах, сіз балаларды өте жақсы көреді деп естідік. Менің он балам бар. Бірақ, біреуін де былайша жақсы көрмеймін»,– депті. Сол кезде Пайғамбарымыз (с.а.с.) бұйрықты алып, жыртып жатып: «Сені ол жұмысқа жібере алмаймын. Өз баласына мейірімі болмаған адам, ертең барған жерін қанап қоя ма деп қауіптенемін. Сенің жүрегіңе Алла мейірім салмаса қайтейін»,– депті. Сол секілді жағдайы бола тұра, баласына мейірімі болмай тұрса қайтеміз? Алла олардың жүрегіне балаға деген махаббат берсін деп дұға етеміз. Біздің рухани дүниеміз әлсірегенінен осындай дертке шалдығып жатырмыз.

– Енді ол рухани дертке дауаны қайдан табамыз? Не істеуіміз керек?
– Дұрыс айтасыз, адамның денесіне жара шықса, оны дәрімен емдейді. Ал оның рухына жара шықса, қалай емдейді? Бұл ауруды көзбен көріп, қолмен ұстай алмаймыз. Жүректегі дертті Аллаһ жіберген Құранмен, сүннетпен ғана емдей аламыз. Біз мешітке келген жастармен осындай жұмыс істеп жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 1 =