Байырғы бат

0 188

 Ұлыбританияда оқып жүргенде, қолымыз қалт ете қалса ағылшындардың көне тарихи орындарын аралайтын едік. Сондай есте қаларлық саяхаттың бірі Солтүстік Сомерсет графтығындағы Бат (Bath – ағылш. монша) қаласына жасалып еді.

Империядан қалған игілік

Бағзыдан бізге жеткен тарихтағы Баттың іргесі алып та жойқын Рим империясы Британия аралын провинциясындай көріп, уысында ұстап тұрған кезде, шамамен б.з. 60-жылдары қалан­ған деседі. Алайда археологиялық деректер ыстық (термальды) бұлақ көзінің маңайындағы адамзат тіршілігінің іздері б.з.д. 8 мың жылдары да сайрап жатыр дегенді айтады. Ауызекі аңыз Баттың байырғы тарихын б.з.д. VIII ғасырда өмір сүрген (кейбір деректерде V ғасыр) король Людтың мұрагері – Блейдад ханзадамен байланыстырады: алапес ауруына шалдыққан жас мұрагер жұрттың пыш-пыш өсегінен жүре алмай, үйінен безіп, жақын маңайдағы қыстақтардың бірінде шошқа бағып кетіпті. Талпақ танаулар шалшықтан басқаны керек қылсын ба, батпақты қалың қорыстың арасына барып, қара балшыққа бауырларын былғап жатып алатын көрінеді. Күндердің күні торайларының сол буы бұрқыраған шалшыққа аунаса, айызы қанатынын байқаған ханзада да қызық көріп аунапты Сөйтіп, терісіндегі теңбіл ұшты-күйлі жоғалып, туған үйіне құлантаза сауығып оралып, мұратына жетіпті-міс. Алайда қисындылау тарихта Баттың қазіргі орны б.з. 40-жылдары жаулаушы римдіктерге ысырылып орын берген кельттердің қолына көшкен деседі. Қаланың атауын «Aquaе Sulis» деп өзгерткен де солар. Жалпы, Британия аралындағы римдіктер негізін қалауға қатысты дейтін қалалардың көпшілігі әскери форпасттар болған, арасындағы сәулеті шипажай әрі сауық орны ретінде жобаланған жалғыз қала – осы Бат. Монша Рим жаулау­шылары жергілікті жерге әкелген негізгі мәдени белгілердің бірі саналады. Жалпы, Августус билігі тұсында (б.з. 33 ж.) Рим империясының иелігіндегі жерлерде 170 монша болған. Одан кейінгі жүз жыл ішінде олардың саны мыңға жуықтаған («The History of Plumbing» – «Кәріздер мен ақлақтардың даму тарихы» кітабынан – авт). Алайда солардың ішінде негізгі үшеуі ерекше аталады. Олардың алғашқы екеуі – Римдегі Каракала (Caracalla) және Диоклетиан (Diocletian) моншалары әлі де сақталған, үшіншісі –2 мың метрге жуық тереңдіктен 46 градус температурамен атқылап жатқан ыстық шипалы суымен даңқы жайылған осы байырғы Бат.
Мүлгіген мүк тастар астында мыңдаған жылдар тарихын қойнына тығып жатқан қастерлі орынның танымалдылығы Бат 18-19-ғасырларда ағылшын ақсүйектері мен сорпа бетіне шығар бай-шонжарларының сауық құрып, саулық түзейтін бейресми астанасына айналғанында айрықша артыпты. 1688 жылы II Яковь патшаны тақтан түсіргеннен кейінгі жылдар бойғы діни-саяси алауыздық салдарынан бір-бірімен қырық пышақ боп қырылысқан ағылшын қоғамының бір тыншыған кезеңі еді. Ағылшын элитасы мен орта табы сондай мизами шақтың рахатына кенеліп, денсаулығына көбірек көңіл бөле бастайды. Бірте-бірте ақсүйектер мен дворяндар арасында шипажайларға бару сәнге айналады. Әуелі Лондонға жақын жердегі Кенттен коттедж жалдап, Танбридж минералды су көздерінен шипа іздеген іңкәр жұрттың аңсары уақыт өте келе Батқа ауа бастайды. Тіпті ағылшынның Джейн Остин, Чарльз Диккенс, Ричард Шеридан сияқты танымал қаламгерлерінің шығармаларында кейіпкерлердің тым құрығанда біреуі, әйтеуір, Баттың ыстық суына балтыр батырып көрген.

Мүлгіген мүйісті серпілткен мәдени менеджмент

Десек те, Баттың да сырттан келетіндердің аяғы саябырсып, біршама уақыт елеусіз қалған кезеңі болған. Мәселен, XIX ғасырдың орта шенінен басталған техникалық революцияның арқасында ағылшынның күйме жеккен күйлі жұрты Батты қойып, алып кемелермен ашық теңізде қыдыруға аңсары ауды. Оның үстіне, Бат Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында бомбалау астында қалды. Тек 1987 жылы ЮНЕСКО Батты «халықаралық дәрежеде мәдени құндылығы зор қалалардың» тізіміне қосқан кезде қаланың тіршілігіне қайта қан жүгірді. Одан кейінгі ілгерілеу бір кездері суынан бактерия тарауы мүмкін деген желеумен жауып тастаған бальнеологиялық курорттың 2000 жылдың басында «Thermae Bath Spa» болып қайта ашылуымен сәйкес келеді. Қазір жергілікті халық саны жүз мыңға жете қоймайтын аядай қалаға жылына орта есеппен 6,7 миллион турист келеді. Оның ішінде 2 миллиондай турист «Roman Bath» музей кешенін тамашаласа, 900 мыңдайы «overnight tourist», яғни кем дегенде 2-3 күн тоқтап, 200 фунт стерлинг тастап кететіндердің санатына жатады. Тек туризмнің арқасында қала соңғы онжылдықта 400 миллион фунттан астам кіріс көрді, он адамның бірі немесе 11 мыңға жуық тұрғын туризм саласында еңбек етеді. Әлбетте, бұл бір күнде келе қалған жетістік емес. «Тарихи-мәдени туризмнің мәселелері» деген жинақта Баттағы туристік-мәдени менеджмент туралы қызықты мәліметтер таптық. 2004-2005 жылдары жергілікті Сомерсет консулдығы «Roman Bath» тарихи орнын дамыту жоспарын жария талқылауға шығарып, ақыр соңында музейді түгел жапқаннан гөрі, жаңғыртуды біртіндеп жүзеге асырған жөн деген ұйғарымға келіпті. Сөйтіп, консервация бағытына бойынша әуелі тұзды тозаңның жабысуынан эрозияға ұшырай бастаған Рим дәуірінің құрылыстарына химия­лық тазалау жүргізіп, ауа ылғалдығын қамтамасыз ететін «климат-контроль» жүйесін орнатқан. Ал музейге келушілердің игілігі үшін мүгедек жандарға көшедегі сыртқы кіреберістен алты метр жер астына оңай түсіп-шығуға мүмкіндік беретін лифт, құлағы мүкіс еститіндерге сурдоаударма, көзі нашар көретіндерге тактильді түсіндірме құрылғылары сатып алынған.

Тұрақты да­му жоспарының үшінші тармағы – коммерциялық белсендіру бойынша мұражай-кешенге қарасты екі кәдесый дүкені күрделі жөндеуден өтіп, саяхатшылардың сұранысы бо­йынша қарама-қарсы беттегі шағын отбасылық кафе музей қарамағына өткен. Жалпы құны 5,5 млн фунт стерлингке бағаланған осынау инвестиция, түптеп келгенде, қала бюджетіне ондаған есе қайырымымен қайтты. Бұл жөнінде жергілікті «Bath Chronical» ақпараттық сайты «аталмыш инвестиция Ұлыбританияның туристік саласындағы көрсеткіштерінің әдеттегіден төмендеуіне әсер еткен 2000 жылдардағы экономикалық-әлеу­меттік факторларға ірге бере қоймай, керісінше, кіріс көзін ұлғайтуға септігін тигізді» деп жазады. Мұн­­дағы салаға салқынын тигізген фактор ішкі және сыртқы туризм балансының бұзылуы еді. Мәселен, 2008-2009 жылы Британия халқының арасында белең алған «stay-cation» құбылысы («үйден ұзап шықпай-ақ қыдыру» деген мағынаны береді – авт) үйреншікті 50/50 үлес салмағы бұзып, ішкі туризм 5 пайызға артып кеткен. Бұдан келетін залал – ел ішіндегі туристер сырттан келетін туристер сияқты қонақүй мен тамаққа шамадан тыс шығынданбайды, керісінше, ұйықтайтын төсегіне дейін салулы тіркемесін өздерімен бірге ала жүріп, қалта қағатын жердің бәрін айналып өтеді. Оның үстіне, бірнеше жылдан бері Лондон мэриясы музейлердің көбін тегін қылып қойды. Яғни іс жүзінде Лондонға келіп қонақтаған шетелдік турист 170 шақырымдық жол жүріп, «Roman Bath» сияқты мұражай-кешенге барғанша, Лондонның төңірегін шиырлаумен шектеледі. Осыған қарамастан, тұтынушы үшін талас та маркетингтік амалдардың түр-түрін пайдаланатын Ұлыбританияның тарихи туризм менеджментінің бүгінге тоқмейілсіп отырмай, «ертең көрерменімізді немен тартамыз, немен таңғалдырамыз» деген қаммен өмір сүретінінен біраз өнеге алуға болады. Мәселен, біз барған «Roman Bath» музей-кешені мен қалалық консулдықтың бірігіп жүзеге асырмақшы ендігі жобасы – «Archway centre». Музейге жақын жердегі Йорк көшесінің астынан XIX ғасырдың 80-жылдары жасалған тас туннельді кәдеге жаратып, Рим, Георг, Виктория дәуірлеріндегі сәулет құрылысы мен мәдениетін таныстыратын ағартушылық орталыққа айналдырмақ. Қазірдің өзінде музей әкімшілігі қаражат жинау үшін ұлттық лоторея арқылы жарнамалық науқан жүргізіп, арнайы қайырымдылық қорын ашып қойды. Оның үстіне, музей әкімшілігі тек қана билет пен кәдесый ғана сатумен шектелмей, тарихи орынның ғимараттарын түрлі шаралар өткізуге, фильм түсіруге жалға береді; латын тілін үйретіп, ашық террасада тай-чи қытай гимнастика секцияларын ұйымдас­тырады. Маркетингтің осындай түрлі амалдарын ұтымды пайдаланған музей менеджерлерінің іскерлігіне тәнті болғанымыз сондай, байырғы Батқа тарихы өте ұқсас ортағасырлық Отырар қаласы мен ондағы инженерлік құрылымы бірегей моншаны осындай қалыптағы мұражай-кешенге айналдырса ғой деген арман-қиялдың жетегінде оралдық.

Әділбек ЖАПАҚ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

7 − one =