Байыпты бастама

0 146

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы тек Қазақстан халқына ғана емес, күллі ғаламшардағы қазақтардың жүрегіне үміт байлады. Соның ішінде латын қарпіне көшу мәселесі, Елбасы өзі атап өткендей қазақ тілінің жаңғыруына, кең қолданысқа түсуіне серпін берері даусыз. 

Мен өзім Қытай халық республикасында туғанмын, елге келгеніме де алты жылдың айналасы болды. Бастапқыда қазақстандық қоғамға үйлесуім түгіл, жазуын игерудің өзі қиынға соққанын жасырмаймын. Көп кедергілер кездесті. Менің басымдағы бұл жағдай Қытайдағы қазақтардың көпшілігінде әлі бар. Қиналады, білгісі келеді. Білейін десе жазуды оқу қиынға соғады. Сөйтіп, «кирил» деп аталатын осы дүниені меңгеруге тырысады.

Айтар болсақ, сонау Алаш арыстарының, Ахмет Байтұрсынұлының төте жазумен шығарған «Қазақ» газеті Қытай жеріндегі қазақтардың да қолына тиіп отырғаны жайлы қомақты деректер табылып жатыр. Сол заманда барша қазақтың тілегі бір болды. Рухы бір арнада тоғысты.
Ұлтты біріктіруші құрал – тіл, сол тілдің ортақ жазуы. Осы туралы Елбасының Жолдауда айтқаны Қытайдағы ғана емес, Еуропа қазақтарын да қуанышқа бөлеген байыпты бастама болғаны сөзсіз.

Біз артық дыбыстардан арылып, төл сөздерімізді қайта жаңғырту үшін болашақта қолданысқа түскелі отырған жазумызды Ахмет Байтұрысынұлының төте жазуындағы дыбыстармен қайта құрастырып шығуымыз керек, әрі пернетақта бетіне де 27 әріпіміз еркін жетіп тұр. Сонымен қатар, қазақ тілі дыбыстауындағы артық-кемі жоқ, Ахаң зерттеп, бекітіп кеткен жүйелі грамматика жұмыс жасауы қажет. Осы жазудың үлгісімен жаңа әліпбиімізді жасасақ ұтарымыз көп боларына сенімім кәміл. Бұл жағынан қытайдағы жас мамандар қомақты қызмет атқаруда. Kazakhsoft.com сайтында латын қарпінде қайта құрастырылып жасалған жаңа әліпбиміз тұр. Ахмет Байтұрсынұлына тікелей жүгінгені көрініп тұр. Біз ұлтты біріктіруде, рухын жаңғыртуда Ахмет Байтұрсынұлына жүгінбей тұра алмаймыз. Себебі, арысымыз ардақты еліміздің ақ арманы жолында аянбай еңбек етіп, өшпес өнеге қалдырған тұлға.

Елбасы бұл тарихты білмей отырған жоқ. Айтар уақыт енді жеткендей. Әр сөздің өз айтылар орны бар дегендей, бүгінде егемен елге айналып, енді іргелі жұрт болуды көздеп отырғанымыз осы жолғы Жолдаудан айқын байқалды.

Қабиден ҚУАНЫШБАЙҰЛЫ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × three =