БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ БАСТАЛДЫ

0 111

IMG_9831

Кеше «Дәулет» спорт сарайында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, Спорттық жекпе-жек­ және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы­, Қазақстан күрес федерациясы, Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен грек-рим күресінен Қазақстан Респуб­ли­касы Президентінің Кубогының кезекті жарысы өз жалауын көтерді.

Ресей, Беларусь, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Мысыр, Нигерия және Қазақстанның спортшылары екі күн бойы боз кілемде шын мықтыны анықтайды.

Халықаралық санаттағы бұл сайыстың өткізіліп отырғанына биыл – төртінші жыл. 2010 жылы командалық жарыс ретінде бас­тау алған турнирде жалпы есеп бойынша біздің ұлттық құрамамыз қатарынан екі мәрте бірінші орыннан көрінген болатын. Ал, алдыңғы жылы ұйымдастырылған Президент Кубогы тұңғыш рет жеке есепте өтіп, Қазақстан құрамасы 4 күміс және 5 қолаға қол жеткізді.

Биылғы турнирге тігілген жүлде қоры әдеттегісінше, жеті салмақ бойынша тігіледі. Бірінші орын иеленгендер – 5000, ал екінші, үшінші орыннан көрінгендер 3000, 1500 АҚШ долларын алады.

Ұлттық құрамамыздың сапында, ел чемпиондары мен бейресми халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын есептемегенде, әлемнің үш дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы Нұрмахан Тінәлиев, Бакуде өткен соңғы Голден Гран-При жарысының чемпионы Нұрсұлтан Қалмырзаев, жастар арасында әлемнің нөмірі біріншісі болып үлгерген Артур Үмбетқалиев және Азия чемпионы Ербол Қоңыратов бар.

Алаң иесі болғандықтан Қазақстан құрамасы толық құрамда өнер көрсетеді. Яғни, жеті салмақ бойынша 59 спортшымыз белдесуге шығады. Бір айта кетерлігі, биылғы Президент Кубогы аталмыш күрестің ережесі өзгергеннен кейін бірінші рет өтіп отыр. Жарыс желтоқсанның 12 күні мәресіне жетеді.

 

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − nine =