«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Байқоңырдан ұшқан зымыран апатқа ұшырады

0 251

Өткен бейсенбі күні Байқоңыр ғарыш айлағының ­Гагарин старт алаңынан ұшып шыққан «Союз МС-10» кемесі әуеге көтерілген соң санаулы уақыттан кейін апатқа ұшырады.

Әуе кемесінің бортында Рос­космос ғарышкері Алексей Овчинин мен NASA астронавты Ник Хейг болған. Ғарышкерлер дін аман, жағдайлары жақсы, медициналық көмекке жүгінген жоқ.
– Зымыран әуеге көтерілген соң шамамен 11-секундында бірінші сатысы ажырағаннан кейін штаттан тыс жағдай болды. Соның салдарынан экипаж мүшелері ғарыш кемесінен капсуламен бөлініп шығу туралы шешім қабылдаған. Капсула Жезқазған қаласынан 25 шақырым тысқары жерге штаттық режимде қонды, – деді ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер.
Оның айтуынша, жуырда қазақстандық және ресейлік тарап өкілдерінің қатысуымен арнайы үкіметтік комиссия құрылады. Оның құрамына мүдделі мемлекеттік органдар кіреді. Оқиға тексеріліп, нәтижесі шығарылады.
«Союз МС-10» Ресейде жасалған. Ол – «Союз ТМА»-ның жетілдірілген нұсқасы. Бұл ғарыш кемесі алғаш рет 2016 жылы ұшырылған. Оның салмағы 7 тоннадан асады, ал қонатын аппаратының салмағы – 2900 келі. Экипажы 3 адамға арнап әзірленген. Сондай-ақ оның ұшу ресурсы 200 тәулікке арналған. Ал жерге қону жылдамдығы – 6,8 м/с.

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды