«Байқоңырдағы» абаттанған аулалар

0 39

Бас қалада биыл абаттандыру жұмыстарына ерекше назар аударылып отыр. Аудандарда тұрғын алаптар көркейіп, қоғамдық кеңістіктер заманауи талаптарға сай жасақталуда.

Мәселен, «Өндіріс» тұрғын алабының өзінде Ақбидай, Кеншілер, Тайбурыл көшелерінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Осы мақсатта тұрғындардың талап-тілектері ескерілді.
Ақбидай көшесінде салынған қоғамдық кеңістікте тұрғындарға арналған арнайы демалыс орны, жасөспірімдерге арналған көп функционалды жаттығатын жабдықтар мен воркаутқа арналған арнайы спорттық алаңдар, бүлдіршіндер ойнайтын қондырғылар орнатылып, сондай-ақ футбол алаңы салынды. Тұрғындардың сұранысы бойынша салынып жатқан баскетбол алаңы аяқталуға жақын. Сонымен қатар «Өндіріс» тұрғын алабында жарық диодты шамдар қою жұмыстары да қарқынды жүргізілуде.
Байқоңыр ауданының тұрғыны Татьяна Каргапулова жаңғырған аулалар көптің көңілінен шығатынын айтады. «Бұл алаңдар біз үшін саябақ. Күнде осында келіп, тынығамыз. Кешке қарай келсеңіз, ауданның жастар, балаларын осы жерден кезіктіресіз. Негізі, бұған дейін ойнайтын, жаттығатын жер болмайтын. Шынымды айтсам, мұндай ойын алаңдарын қаладан кездестірмедім. Бір ғана кемшін тұсы бар. Ересектерге арналған әткеншектер орнатылған. Алайда оған ешкім отырмайды, арасында біреуі құлап, сынып жатыр. Өйткені дұрыс бекітілмеген, жалғанған жерлер өте әлсіз. Адам отыруға қорқады. Дұрыс жасалмаған, қалғанына көңіліміз толады. Әкімдікке алғыс білдіреміз» деді ол.
Мектеп оқушысы Ақболат ­Райымқұл да уақытының көп бөлігі жаттығу алаңында өтетінін айтты. Індетке байланысты қашықтан білім алып жатқандықтан көп уақытын спортқа арнайды. «Қазір үйде отырып, білім алудамыз. Күні бойы үйде отыра беруден жалығасың… Сыныптастарымызбен бұрын мектепте кездесетін едік, қазір осы спорт алаңында жиналамыз. Бір жыл бұрын қаланың балалары секілді үйіміздің алдында жаттығу құралдары болса ғой деп армандағаным есімде. Биыл міне арманым орындалды. Індетке дейін бокс үйірмесіне баратын едім. Қазір тоқтап тұр. Өте игі іс деп есептеймін. Негізі менің үйіме алыстау, бірақ осыған да ризамын» деді жеткіншек.
Нұр-Сұлтан қаласы «Байқоңыр» ауданы абаттандыру бөлімінің басшысы Нұрбол Айтбеков биыл ауданда 11 жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылатынын айтты. «2020 жылғы құрылыс маусымында ауданымызда ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жалпы, «Байқоңыр» ауданында 236 аула бар. Барлығында түрлі ойын алаңдары, футбол, стритбол алаңдары жасақталып, көп функционалды жаттығу құрылғылары орнатылып жатыр. Бүгінгі күні аудандағы 53 аулада абаттандыру жұмыстары толығымен аяқталды. Соның ішінде биылғы жоспар аясында «Жастар» мөлтек ауданының 17 ауласы абаттандырылып, тұрғындардың пайдалануына берілді. Сондай-ақ 22 аулада жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Айта кетерлігі, биылғы жылы ауданда 11 жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылады» деп түсіндірді Н.Айтбеков.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eleven + 4 =