Байқоңыр «ортақ өгіз» болып қала береді

0 132

Өткен апталарда Байқоңыр ғарыш айлағына байланысты Ресей мен Қазақстан арасында мәселелер туындағаны жөнінде ақпарат тараған. Осыған орай, жуырда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев пікір білдірді. 

«Ең әуелі біздің елдер арасындағы бай­­ла­ныс стратегиялық әріптестік, тату көршілік, одақ­тастық және достық рухында дамып келе жат­қанын айта кеткім келеді. 2012 жылдың 19 желтоқсанында Мәскеуде ЕурАзЭҚ мем­­лекетаралық кеңесінің отырысы мен ҰҚ­ШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сес­­сиясында екі­жақ­ты әріптестіктің өзекті мәселелері, оның ішінде Байқоңыр кешенін бұдан әрі­ бірлесіп пайдалану мәселесі де тал­­қы­­лан­ды. Мемлекеттер басшылары ғарыш са­ла­­сындағы әріптестіктің көп­­жыл­­дық тә­жірибесіне ризашылық біл­діре отырып, Бай­қоңыр кешенін бірлесе пайдаланудың құқық­тық-норма­тив­тік базасын жетілдіру жө­нін­де­гі келісімге келді. Сонымен қатар, екі елдің ғарыштық ведомствасына ға­рыш ай­лағын бірлесіп пайдаланудың, оның ғы­лы­ми-техникалық әлеуетін дамы­ту­дың, бірлескен зымыран кешенін құ­рудың, кадр даяр­лау мен қазақстандық мамандардың ұшы­ру қызметтеріне қатысу тәртібін рег­ла­менттеуді тұтас қамтитын екіжақты ке­лі­сі­мін әзірлеу тапсырылды. Өздеріңізге белгілі, Қазақ­станның Байқоңырға қатысты ресми ұстанымын 2012 жылдың желтоқсан айында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан­ Ыдыры­сов­ та баяндады», – деді А. Әбибул­лаев.­­

Айта кету керек, еліміздегі кейбір ақпарат құралдары Қазғарыш агент­тігі­нің басшысы Талғат Мұсабаевтың ҚР Парламентінде жасаған мәлімдемесіне түсініктеме беруді сұрап, Ресей үкіметі Қазақстан Үкіметіне ресми нота жолдағанын жазған. Ақпарат негізі Ресей басылымдарынан алынған еді.

Осыған байланысты, 11 қаңтар күні ҚР Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасады. Tengrinews.kz –тің ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып таратқан ақпаратына қарағанда, СІМ баспасөз хатшысы Ілияс Омаров: «Қазақстан, бұдан бұрын да айтқаны­мыз­дай, «Байқоңыр» айлағының ғарыш жұмыстарына өзінің қатысу үлесін ұлғайтуды, өзінің ғарыш әлеуетін дамытуды қалайды. Осыған орай, өз ғарыш айлағымызда Ресей сияқты ғарыш державасымен бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін жіберіп алу біз үшін үлкен қателік болар еді. Ғарыш саласында бірлесіп жұмыс істеу Қазақстан үшін де, Ресей үшін де жемісті, әрі нәтижелі болады деп ойлаймыз. 19 жел­тоқ­сан күні Мәскеуде Қазақстан мен Ресей президенттері тегіннен тегін кездес­кен жоқ, олар осы саладағы екі жақты қа­рым-қатынастың маңыздылығына тағы бір­ қайтара тоқталып, «Байқоңырды» екі­ жақты жемісті қарым-қатынастардың сим­волы ретінде қарастырды»,– деп мәлім­де­ген.

P.S. Екі елдің ынтымақтастығы мен серіктестігіне қылау түсіретін ештеңе жоқ. Байқоңыр Қазақстан мен Ресейдің  бірлесіп пайдаланар ортақ өгізі болып қала береді.

Нәзира САЙЛАУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 + twenty =