Байқауда озған басқарма

0 88

Ұлыстың ұлы күнiне орайластырған мерекелiк шаралар легiнiң шымылдығы биыл Астанада «Армысың, Әз-Наурыз» атты қалалық байқаумен түрiлдi.
Екi аптадай уақыт бойы қаладағы тоқсаннан астам мекеме ұжымы қазақ халқының салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпын қастерлеу, ұлттық ұйысудың мейрамы саналатын Наурызды насихаттау мақсатымен халықтық мәнi зор шаралар ұйымдастырды.

Тiл басқармасы ұйымдастырған бұл бәсекенi елу адамнан тұратын қазылар алқасы жан-жақты сарапқа салған едi.
Қазылардың түйiндi сөзi бiр жерден шығып, осы байқауда Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы бас жүлденi талассыз иелендi.
Басқарма жұмысының негiзгi функциясы басқа басқа, қарапайым халық үшiн жақсы таныс болса керек. Қашанда халықтың арасынан табылатын басқарма бастығы Алма Алтыбаеваның жүзi де жұртқа жақсы таныс.
Жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейiн төмендету, кедейшiлiктi азайту, зейнеткерлердi, жұмыссыздарды, мүгедектердi, кәмелетке толмаған балалары бар, көп балалы отбасыларды және басқа да әлеуметтiк қолдауды қажет ететiн халықтың еңбекке жарамсыз топтарын қолдау, қаржылай, материалдық көмек көрсету – осы басқарманың еншiсiндегi шаруа.
Халықты тұрақты әрi нәтижелi жұмыспен қамтамасыз етудi көздейтiн «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын жүзеге асырудың басы-қасында жүрген де – осы мекеме. Осы бағдарлама аясында Астанада атқарылып жатқан шаруалар легiнiң өзге өңiрлерге үлгi етуге тұрарлық екенiн талай рет газетiмiзде жазып көрсеттiк.
Мәселен, былтыр Астана қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдар-ламалар басқармасына 14 855 жұмыссыз жан есепке тұрып, олар тиiсiнше кәсiби даярлау, қайта даярлау және бiлiктiлiгiн арттыру курстарынан өткен. Нәтижесiнде 9 600 адам жұмысқа орналастырылыпты. Осылайша, 2010 жылы елордадағы жұмыссыздық деңгейi 6,1 пайызды құраса, 2011 жылы 5,8 пайызға дейiн төмендеген. Ал, ағымдағы жылы 1733 адам оқы-тылады деп жоспарланып отыр.
Мiне, жұмысына деген жауапкершiлiктiң арқасында өзгелерге үлгi болып жүрген Жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасы өнерде де өзге басқармалардан оқ бойы озып шықты.
Сонымен, ұжымның ұйымдастырған мерекелiк бағдарламасының негiзгi ерекшелiгi неде болды?
Топ құрамына басқармаға қарасты бес мекеме бiрiктi. Бес саусақтай бiрiгiп, жұдырықтай жұмылған соң алынбайтын қамал бар ма? Осы мекемелердiң әрқайсысы «Көрiсу», «Селтеткiзер», «Ұйқыашар», «Наурыз жұмбақ», «Наурыз жыр», «Наурыз тiлек» секiлдi мерекенiң дәстүрлi жоралғыларын көрсеттi. Қарттар үйiнде мүгедек қолөнершiлердiң көрмесi, ұлттық ойындар ұйымдастырылды, Наурыздың терең тарихы танысты-рылды.
Төрешiлер алқасының ғимараттың iшкi және сыртқы безендiрiлуiне, киген киiм үлгiсiне, шығармашылық жұмыстарына байланысты сынынан да басқарма ұжымы сүрiнбей өттi.

Шынар ДОСАН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seven + eight =