Байқауалды басқосу

0 77

«EXPO-2017» көрме қалашығының үздік эскиз-нобайына жарияланған халықаралық байқауға қатысушы сәулетшілер Астанада жиналды.

18 ақпанда жарияланған байқауға қатысу үшін келісімшарт негізінде 30 қатысушы белгіленген еді. Олардың ішінде 15 елден (Ұлыбритания, Германия, Италия, Австрия, Қытай, АҚШ, Нидерланды, Корея, Ресей, Португалия, Норвегия, Түркия, Жапония, Франция) 26 шетелдік компания қатысқалы отыр. Араларында Астанада бұрын-соңды сәтті жобалау тәжірибесі бар Норман Фостер (Бейбітшілік және келісім сарайы, Хан шатыр), Манфреди Николлети («Қазақстан» ОКЗ), «Студия 44» (Оқушылар сарайы), «Сембол иншаат» (Түркия) компаниясының сәулетшілері бар. Сондай-ақ, EXPO кешендерін жобалаған Заха Хадид, Стефано Боери сияқты аты мәшһүр сәулетшілер де тапсырысты тастай қылып орындауға талаптанып отыр. Отандық сәулетші ұжымдарынан «KAZGOR» жобалау академиясы, Қазақстан қала салушылар одағы, Қазақстан дизайнерлер одағы және Сәкен Нарыновтың шеберханасы тіркеліпті.

Қаланың бас сәулетшісі Виталий Силецкий жо­­ба­­лау барысында қаланың нақты қажеттілігін қа­­перде ұстасын деген оймен меймандарға Астана қаласының сәулет ансамблін, инженерлік және көлік инфрақұрылымының макет-жоспарын таныстырды. Әсіресе, сәулетшілер мен жобалау компанияларының өкілдерін Астананың оң жағалауындағы ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салудың револьверлік принципке сүйенген бағдарламасы, Орынбор даңғылының бойындағы «Мыңжылдық аллеясы», мемлекет тапсырысымен Оңтүстік-Шығыс ауданда салынатын Cтуденттер қалашығы, ЛРТ, БРТ көлік инфрақұрылымы, жаңа теміржол вокзал құрылысы қызықтырды. Сондай-ақ, меймандарға «EXPO-2017» көрмесіне еншіленген жер көрсетілді.

– Көрме нысандарын халықаралық шара өткеннен кейін пайдалануға лайықталуы керек деген шарт қойып отырмыз. Барлығы 105 қатысушы тіркелді. Қай жеңгеніне 150 мың АҚШ доллар жүлде қоры тағайындалды. 2008 жылы Қазақстан Республикасы Президенті жанынан құрылған Елорданың архитектуралық кеңесі қазылық қылады. Байқау 18 шілдеде аяқталады, 1 қыркүйекте нәтижесі жарияланатын болады, – дейді Астананың бас сәулетшісі Виталий Силецкий.

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − 11 =