БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

0 104

5 маусым – Бүкіләлемдік қоршаған орта күніне орай «Жастар жетістіктері» қоғамдық қоры мен «Шеврон» компаниясы «Экология бойынша балалар бизнес-жобалары» атты VIІІ республикалық байқаудың үздік жобаларының жәрмеңке-көрмесін өткізді.

Сегіз жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан байқауға биыл еліміздің барлық аймақтарынан 200-ге жуық жоба ұсынылды. «Шеврон» корпорациясының үкіметпен және қоғаммен байланыс департаменті директорының орынбасары Жанболат Үсенов, Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары вице-министрі Бектас Мұхамеджанов олардың ең таңдаулыларын арнайы дипломдармен және мақтау қағаздарымен марапаттады. Ал, экологиялық идеяларын өмірде жүзеге асыру үшін 13 бала жалпы көлемі 1 800 000 теңге ақшалай гранттарға ие болды.

Оқушылардың назарын экология мәселелеріне және табиғи байлықты рационалды пайдалануға аудару арқылы әлеуметтік жауапкершілікті, өзекті экологиялық мәселелерді шешудің практикалық дағдыларын дамыту мақсатында ұйымдастырылған шара барысында астаналық Мөлдір Оңласын мен Ерзат Майданов күнделікті тұрмыста пайдалану үшін ақ жусаннан бөлініп алынған эфир майын қосып, қой майы немесе сиырдың іш майы арқылы дайындалған сабынды таныстырса, елордадағы №48 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Александра Шибинская мектептегі ауызсуды тазарту және оның сапасын жақсарту мақсатында цеолитті сүзгі жасап шығарған.

«Сүзгінің осы түрін пайдалану арқылы ауызсудың сапасы жақсаратын болады. Мектепті сумен қамтамасыз етуге жұмсалатын қаржы үнемделеді. Цеолитті сүзгі арқылы тазаланған ауызсуының қаттылығы төмен, ол ұрықтардың дамуына жақсы әсер етеді және бір клеткалы балдырлардың даму жылдамдығын азайтады. Сондықтан, бұл суды алдын ала тұндырмастан мектептегі бөлме өсімдіктерін суғару үшін пайдалануға болады» дейді А.Шибинская.

Жеңімпаздар енді өз жобаларын жүзеге асыруға кіріседі.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

9 − 1 =