Байлыққа жол – қазақы бол!

0 29

Ана тілінен ажыраған адам тұтас тамырынан айырылған терекпен тең. Әрі қарай өспейді, өнім бермейді. Халқымыздың асыл перзенті Шерхан Мұртаза «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» депті. Тіл – біздің жанымыз, бүгініміз де ертеңіміз. Сондықтан тілінен айырылған елдің өзі де бірте-бірте жойылатынын әрбір қазақ түсінгені дұрыс болар еді.Қазіргі таңда тіл үйрететін курстар көп. Бірақ қазақ тілін үйрететін курстар жоқтың қасы. «Неге?» деген сұрағымызға көбісі «сұраныс жоқ» деп жауап береді. Дегенмен сұраныстың бар екенін көзімізбен көріп жүрміз. Рухы мықты, тамырынан ажырағысы келмейтін, ұлт болашағына шынымен де жанашыр азаматтар ана тілімен қайта қауышуға асығып жүр. Солардың бірі танымал дизайнер – Аида Қауменова. Жұрт оны орыс тілді деп ойлағанмен, ол өз тілін менсінбейтін кейбір азаматтардан оқ бойы озық шықты. Жақында дизайнер әлеуметтік желіде қазақ тілін үйренгісі келетінін ашық айтты. «Мен осы уақытқа дейін қаншама табысқа жеттім, сән әлеміне өзіндік қолтаңбамды қалдырдым. Қазақтың ұлттық киімдерін тігіп, әлемге танытып жүрсем де, ана тілімді білмегеніме іштей қысыламын. Қайда баратынымды, кімнен қалай үйренетінімді де білмеймін» деді Аида Қауменова.
Иә, қазір ауладағы ойнап жүрген балаларға қарасаң да, қазақ мектебінде оқитын оқушыларды көрсең де бәрі көрші елдің тілінде шүлдірлеп жүр. Өйткені ұрпақ тәрбиелейтін аналарымыз қазақша сөйлемей, қазақ – қазақ болмайды. Аида Қауменованың ынтасына орай үйретем деген ниет­тілер де табыла кетті. «Осыдан 8 жыл бұрын тіл туралы телехабарға Аида Қауменова екеуміз қатысыппыз. Менің тіл туралы айтқан сөздерім Аиданың жүрегіне жетіп, сол бағдарламадан су болып терлеп шығыпты. Жақында «Шешендік өнер» мектебінің негізін қалаушы⠀Гүлжайна Айменованың ұйытқысымен тағы да кездесіп қалдық. Сол жерде өткен-кеткенді айтып отырып, Аида қаншама жетістікке жетіп, ұлттық киімдеріміздің брендін әлемге танытса да, қазақша үйрене алмай жүргеніне өзін кінәлі сезінетінін айтты. Мен «Ынтаң болса – үйретеміз. Осы уақытқа дейін небәрі екі сөзімді тыңдап, осындай ой түйгеніңнің өзі қаншалық» дедім. Іштен шыққан жау жаман. Қоғамымызда Аида сияқты өз тілін үйренгісі келіп жүрген жандар көп. Біз соларға Аиданы үлгі ете отырып, тілімізді насихаттамақпыз» деді қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы.
«Байлыққа жол – қазақы бол!» шеберлік сабақтары 27 сәуірден 1 мамырға дейін өтеді. Марафон спикерлері – тәжірибелі эксперт мамандар. Бірінші күні тіл жанашыры Оразкүл Асанғазықызы қатысушыларға тіліміздің құндылықтарын түсіндіріп, қатысушылардың тіл үйренуге деген ынтасын оятса, дизайнер Аида Қауменова не үшін қазақ тілін үйренгісі келгенін айтады. Одан кейін «Qaz Orator» одағының төрайымы Гүлжайна Айменова қатысушыларға қазақ тілін меңгерудің тиімді жолдарын үйретеді. Шеберлік сабақта қатысушыларға арнайы тапсырмалар беріліп, кері байланыс та жасалады.

Көктем ҚАРҚЫН

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen − four =