Байлар көбейгенмен, кедейшілік кемімей отыр

0 32

Үстіміздегі жылдың басында Forbes әлемнің жетпіс елінде 2755 миллиардер барын жария етті. Былтыр олардың саны 2095 болған екен. Бұлардың жартысына жуығы – АҚШ (724) және Қытайдың (626) байлары. Соңғы он жылда миллиардерлердің саны екі есеге артыпты. Мысалы, 2017 және 2018 жылдары әрбір екі күн сайын әлемде жаңадан миллиардер пайда болған екен. Жер шарының бай-бағландарының ұшар басында тұрған 26-сының дәулеті күн сайын 2,5 миллиардқа, жыл сайын $900 млрд-қа тасып жатады екен. Ең бай деген жаңағы 26 миллиардердің дәулеті 3,8 млрд адамның тапқан табысымен тең түседі екен.Осыдан бірер жыл бұрын жоқ-жітіктің жыртысын жыртып жүрген Oxfam халықаралық қауымдастығы бар мен жоқтың есебін шығарып берді. Бұл ұйым – әлемнің 90-нан астам еліндегі 17 ұйымнан тұратын беделді қауымдастық. Мақсаты – әлемдегі кедейлік пен соған байланысты әділетсіздік мәселелерін шешу. Адамдарға өз құқықтары мен мүмкіндіктерін жүзеге асыруға, жеке өмірін жетістікке жетіп, атқарған жұмысы үшін лайықты жалақы алуға және игіліктерге жетуге мүмкіндік беруге атсалысып жүр. Ғаламдағы 3,4 млрд адам кедейліктің шегінде күніне 5,5 долларды қанағат етуде. Медициналық қызметтің қолжетімсіздігінен күніне 10 мың адам қынадай қырылып жатыр. Дамып келе жатқан кедей отбасының бес жасқа дейінгі балалары ауқатты отбасыларымен салыстырғанда екі есе көп өлетіні де сондықтан болар. Аспаннан құрым жауса да, құлға ұлтан тимейтініндей осылайша бай мен кедейдің арасы алшақтап барады.
Бұл үрдіс елімізде де белең алып келеді. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, елде кедейлер саны да артқан. Табысы ең төменгі күнкөрістен де (34 мың теңге шамасы) төмен азаматтар саны 20 пайызға өсіпті. 2020 жылдың төртінші тоқсанында табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де аз үй шаруашылықтарының саны 140,6 мыңға жеткен. Ондай үй шаруашылықтарында 5 және одан да көп адам бар. Дүниежүзілік банк былтыр жыл соңында Қазақстандағы кедейлер саны 1,5 млн адамға жетуі мүмкін деп болжам жасады.

Ең дәулетті адам кім?

Әлемдегі ең бай адам – Amazon компаниясы иесі Джефф Безостың дәулеті бір деректерде 112 млрд доллар болса, Forbes бойынша 140 млрд доллар. Салыстырып қарасақ, 105 миллион халқы бар Эфиопияның денсаулық сақтау саласының бюджеті осы соманың 1 пайызын ғана құрайды. Мұны Oxfam мамандары есептеп отыр. Мол байлық біткен Джефф Безос – Amazon-мен бірге Blue Origin аэроғарыштық компаниясының, The Washington Post баспа үйі­нің иесі. Ол 1994 жылы Amazon компаниясының негізін қалап, 2017 жылы ғаламшардың ең бай адамына айналып шыға келді. Аз уақытта онлайн-кітап дүкенінен басталған Amazon әлемдегі интернет-сауда саласы гүлдене келіп, «cloud computing» – «бұлтты есептеу» бойынша ұлтаралық технологиялық компанияға айналады. «Сloud computing» интернет арқылы есептеу ресурстарымен қамтамасыз ету, серверлер, сақтау жүйелері, деректер желілері, бағдарламалық жасақтама, платформалық қызметтерді қамтиды.
Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтсті бәріміз білеміз. Оның дәулеті 106 млрд долларды құрайды. Осы уақытқа дейін 31 млрд долларын қайырымдылыққа жұмсапты. О дүниелігін ойлаған миллиардер «өлерімде балаларымның бас-басына 10 млн доллар, қалған байлығымның 99,96 пайызын халыққа таратып беремін» деп шешіпті.
Француз Бернар Арноның 94,4 млрд доллар капиталы бар, Louis Vuitton Moët Hennessy компания­сының президенті. 80-жылдардан бастап әсемдік пен әдемілік әлеміндегі атақты компаниялар мен брендттерді сатып ала бастайды. Dior, Givenchy, Lacroix, Kenzo, TAG Heuer сағаттар бренді, Hennessy коньягі мен Moёt&Chandon, Dom Perignon шампан ішімдіктері өндірісі осы миллиардердің иелігінде.
79,1 млрд доллары бар Уоррен Баффетт алғашқы акциясын 11 жасында сатып алады. 13 жасында ол өзінің алғашқы салық декларациясын тапсырып, одан велосипед пен қол сағатының құнын шегеретіндігін мәлімдейді. Өйткені олар газет сатумен айналысу үшін қажет болған екен. Содан бері байлығы тасығанмен, астамшылығы аз байлардың бірі. Соның белгісі әлі күнге дейін 1957 жылы сатып алған үйінде тұрады және қайырымдылық жасаудан алдына жан салмайды.

IT саласындағылар ауқатты

Марк Цукерберг 71,7 млрд доллар жинапты. Facebook желісінің ойлап тапқан ақылымен дәулетін тасытқан (self-made billionaire) 23 жасында миллиардер атанған. Ондыққа кіретін Амансио Ортеганың капиталы – 62,7 млрд доллар, Inditex компаниясының басшысы. Алғашында әйелі екеуі үйінде отырып дизайнерлік киімдердің үлгісімен көйлек тігіп, оны сатып кәсібін бастаған. 1963 жылы тігін фабрикасын ашады. 1975 жылы киім сататын дүкен ашып, оны Zara деп атайды. Қазір Inditex корпорациясы Zara, Massimo Dutti, Stradivarius, Pull and Bear, Bershka, Oysho, Zara Home, Kiddy’s Class, Tempe брендтерінен құралған атақты киім-кешек компаниясы бар. Көбіміз осы брендтің көйлегін киіп жүргеніміз де рас.
Ондықтың соңын Ларри Эллисон – 58 млрд доллар, Ларри Пейдж – 57,4 млрд доллар, Сергей Брин – 55,8 млрд доллармен тұйықтайды. Бұлардың үшеуі де Google-дің арқасында бағы жанып, байлығын асырғандар деуге болады. Жаңалықтарымен заманның озуына, халықтың қолайына қарай іс бітіргендерді жаман атқа қимайсыз. Байдың бақытын берсін дегеннен басқа айтарымыз жоқ.

Бәрі бірдей бай болып туған жоқ

Миллиардерлердің барлығы бұ дүниеге байлығымен бірге келген жоқ. Кейбірінде әкесінен қалған мұрасы да болмаған. Алайда тынымсыз еңбегі мен асқан зеректігі, қажырлығына талабы қосылып мұратына жеткендер жоқ емес.
3,4 млрд доллар қаржысы бар Джон Пол Деджориа кезінде жататын жері болмай көлікте түнепті. Тоғыз жасында ағасымен бірге отбасын асырау үшін газет сатып күнелтеді. Анасы балаларын аяққа тұрғыза алмайтынына көзі жеткенде бөтен отбасына асырауға береді. Ол үйге де сыймай, бұзықтыққа үйір болады, алайда математика мұғалімі «сенен түк шықпайды, жолың болмайтын сормаңдайсың» деген күннен бастап өмірін күрт өзгертіпті. Содан қалтасында 700 доллары бар Деджориа John Paul Mitchell Systems компаниясын құрып, алдымен үй аралап шампунь сатады. Осы кезеңде екінші рет далада қалады. Үй жалдауға қаражаты болмай, ескі көлігінде тұрып жатыпты. Кейінірек текила шығаратын The Patrón Spirits компаниясын ашып, ішімдіктің арқасында байлығын асырыпты.
Жеке басында 6,3 млрд доллары бар Ральф Лорен жасынан бай және атақты болуды армандаған екен. Ол мектепте оқып жүргенде арманын қағазға түсіріп, «Мил­лионер болғым келеді» деп шығарма жазыпты. Ағасынан қалған ескіні кигісі келмеген ол «өзімнің киімім болуы керек!» деп күндіз мектепте оқып, түнде жұмыс істеп жүріп тапқан ақшасын тірнектеп жинап, 12 жасында су жаңа костюм сатып алып киеді.
Бір кездері бизнесмен Шахид Хан сағатына 1,2 доллар алып ыдыс жуған екен. Қазіргі капиталы – 7,2 млрд доллар. Пәкістаннан АҚШ-қа ата-анасымен бірге көшіп келген Хан – автомобильдердің қосалқы заттарын шығаратын ірі компаниялардың, атақты футбол командаларының иесі. Атақты трейдер Джордж Сорос Ұлыбританияға отбасымен босқын болып келген бетінде даяшы, жүк тасушы болып жұмыс істеген. Капиталы – 8 млрд доллар.
Бүгінде 18,5 млрд доллар капиталы бар WhatsApp негізін қалаған Ян Кум дүкеннің еденін жуған. Кум Киевте еврей отбасында дүниеге келген. 1992 жылы анасы және әжесі үшеуі Калифорнияға келіп, мемлекеттен үй алып, университетке түседі. Сонда Брайан Эктонмен кездесіп, Yahoo компаниясына жұмысқа кіреді. Тіпті жұмысқа кедергі келтірген соң оқуын тас­тауға мәжбүр болады.
Қазақстанға келіп қарық болған миллиардер Миттал Калькуттада туған. Өз бизнесін Индонезияда бастаған.

Қазақтың да басына біткен байлары бар

Қазақстандық миллиардерлердің көшін жалпы тізімде 622-орынды алып, 4,6 млрд доллар дәулетімен Владимир Ким бастап тұр. Індет көптеген байлардың дәулетін бір шайқап өтсе де, В.Ким мығым отыр. Былтырғы 3,7 млрд-ына тағы да 900 млн доллар қосыпты.
Болат Өтемұратов жалпы тізімде 891-орынды иемденіпті. Дәулетіне бір жылда 700 млн доллар қосылып, 2,7 млрд-тан 3,4 млрд долларға өсіпті. Оған Glencore Plc ұлтаралық компанияның 1,16 пайызы тиесілі.
Ақша карталары әр қазақтың қалтасында жүрген Kaspi.kz екі бірдей азаматтың бағын ашып, байлығын өрге сүйретіп тұр. Вячеслав Кимде 3,3 млрд доллар бар. Ол әлемдік тізімде 925-орынды иеленді. Оның Kaspi.kz үлесі 25 пайызды, ал тағы бір деректе 36 пайызды құрайды дейді. «Алсеко» АҚ 90 пайызы осы корей бауырымызда. Сөздің ретінде айта кетелік, Оңтүстік Кореяда 36 миллиардер бар. Жиғандары, әрине, АҚШ доллары. Олардың көбі салық төлемегені үшін сотталып, парамен ұсталып, заңды белшесінен басып жүрсе де, бизнесін кедергісіз жүргізе береді екен. Кәрістердің ең байшыкеші Ли Гон Хи – Samsung Group концернінің басшысы. Отыз алтыншы болып Nike аяқ киімін шығарушы – Пак Ен Ча тұр.
Вячеслав Кимнің әріптесі Михаил Ломтадзенің дәулеті 2,3 млрд долларды құрайды. Оның Kaspi.kz үлесі 23 пайызды құрайды. Ломтадзе – Грузия азаматы. Бірақ оның капиталы қазақстандық қаражаттан тұратын себепті әлемдік Forbes тізімінде Қазақстан кәсіпкері деп жазылып тұр.
Қазақтың ірі байларының бес­тігіне енетін Тимур мен Динара Құлыбаевтардың дәулетіне де соңғы жыл өзгеріс әкелмеді. Әрқайсысында 2,8 млрд доллардан сол күйінде, мұрты қисаймаған күйінде тұр.
Әлемдік тізімге Тимур Турлов 2,2 млрд доллар капиталымен алғаш рет еніп тұр. Оның Freedom Holding Corp инвестициялық компаниясы бар. Компанияның нарықтық капитализациясы 6 сәуірде 3,29 млрд долларды құрады. Ал бір акциясының құны – 56,61 доллар.
Forbes өткен жылы Александр Машкевич, Алиджан Ибрагимов және Патох Шодиевті миллиардерлер тізімінен түсіп қалды деп жазды. Бұл үштік 2005 жылдан бері ғаламат тізімнің тізгінін ешкімге бермеп еді. «Еуразиялық үштік» деп аталатын бұл үшеуінің байлығының негізі Eurasian Resources Group компаниясына біріктірілген. Бұл хром құрамы бойынша жоғары көміртекті феррохром өндірісіндегі әлемдік көшбасшы және Еуразия аймағында темір рудасы мен алюминий өнімдерін жеткізушілердің бірі болып табылады. Бұл – жоғары сапалы алюминийдің Қазақстандағы жалғыз өндірушісі. Топ сонымен қатар мыс және кобальт жеткізушілерінің қатарына кіреді. Және Қазақстан Республикасының тау-кен металлургиялық кешенінің үштен бірін қамтиды. Сонымен қатар электр энергиясының негізгі жеткізушілерінің бірі және Орталық Азиядағы ірі теміржол операторы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − fifteen =