БАЙЛАНЫСШЫ БАҚЫТЫ

0 114

Жарты ғасыр ғұмырын бір ғана салада еңбек етуге арнаған адамдар бүгінде саусақпен санарлықтай. Сексеннің сеңгіріне шыққан Өтеген аға Әбілқасымов осындай жандардың қатарынан.

Өтекеңді астаналықтарға та­ныс­тырудың өзі артықтау. Өйткені, ол осы өңірде туып-өсіп, осы жерде есейді. Өмірінің елу жылын кешегі Ақмола, қазіргі Астана қаласының байланыс саласын дамытуға арнап, соңғы жиырма жылға жуық уақытта оның облыстық мекемесін басқарған белгілі азамат.

Бүгінде ел ішінде абырой-беделі бар сыйлы ақса­қалдың жүріп өткен жолына қыс­­қаша тоқталар болсақ, ол бір мың тоғыз жүз отыз үшінші жылдың екінші мамырында Ақ­мола облысы Қорғалжын ауданының Жұмай, қазіргі Коммуна ауылында ауылдық ке­ңес­тің төрағасы Әбілқасым ақсақалдың от­басында дүниеге келеді. Осыған дейін екі бірдей ұлынан айрылған әке солардың өтеуі болсын деп, жаңа туған шақалаққа Өтеген деп ат қояды.

Жасынан зерек, оқуға ынталы болса да, орысшаға шорқақтау еді. Соның салдарынан өзі таңдаған Алматыдағы тау-кен институтына түсе алмай, ауылға қайтып барғысы келмегендіктен, сол жердегі бүкіл­одақтық байланыс техникумына құжат тапсырып, сонда оқуға түседі. Оның үшінші курсын өте жақсы деген бағамен бітіріп, елге келгеннен кейін алғашқы еңбек жолын «Өркендеу» колхозында байланысшы болып бастайды. Ол тұста ұжымшар төрағасы Жармақ Оспанов деген азамат болатын. Сол жерге осы ауылға алғаш рет жүз нүктелік радио торап орнатқаны дәл кешегідей көз алдында. Халықтың да қуанышында шек жоқ. Одан кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен атқарып келеді. Ел ішінде «мұғалім бол, байланысшы деген не мамандық?» деп ақыл айтқандар көп болды. Бірақ, Өтекең алған бетінен қайтпады. Бастаған ісін аяғына дейін тындырмайынша тынбайтын ол 1957 жылы Қорғалжын аудандық байланыс бөлімі бастығының орынбасары, 1959 жылы бөлім бастығы болды. Осы қызметті 1966 жылға дейін атқарып, сол жылы Целиноград облыс­тық өндірістік-байланыс басқармасы бастығының орын­басарлығына тағайындалады. Міне, сол қыз­метті Өтекең 2001 жылға дейін атқарды.

Кеңестер одағы тараған тұста байланыс саласы электр байланыс бөлімі және пошта байланыс бөлімі болып екіге бөлінді. Сонда алпысқа келген жасына қарамай, жоғарыдағылар оны Ақмола облыстық пошта бөлімінің бастығы етіп тағайындайды. Сол қызметті 1998 жылға дейін абыроймен атқарған Өтекең алпыс бес жасында зейнеткерлік демалысқа шығады. Бірақ, байланыс министрлігі мен кәнігі жора-жолдастардың шақыртуымен қайтадан жұмысқа алынады. Сөйтіп, Ақмола облысының телекомына бас директордың кеңесшісі ретінде жұмысқа қабылданып, жетпіске келгенше сол міндетті атқарады.

Еліне сіңірген еңбегі ескерусіз қалмады. «Қазақ­станның еңбек сіңірген байланысшысы» атағын алды. Бірнеше медальмен марапатталды.

Ол кезде осы Ақмоланың басында қалалық, рес­пуб­ликалық 16 газет шығатын. Байланыс сала­сындағы жұмыстың жүйелілігінің арқасында шалғай ауылдардың өзіне сол басылымдар таңертеңгі сағат сегізде жеткізілетін.

– Қандай жағдайда болмасын хат-хабарсыз болмайды. Хат жазу деген қазіргі кезде ұмытылып барады. Әсіресе, жаңа жылдың қарсаңында сөткесіне бір жарым тонна құттықтау открыткалары жіберілетін. Қазір мүлдем азайды ғой. Дегенмен, негізінде хат-хабарды өз қолыңмен жазып, хабарласқаннан артық ештеңе жоқ, – дейді Ө.Әбілқасымов.

«Қазақстанның еңбек сіңірген байланысшысы», еңбек ардагері, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат Өтеген Әбілқасымұлын «Астана почтамты» ұжымы ерекше құрмет тұтатынын білеміз. Осындай айтулы күн аясында ұжым мүшелері – мерейтой иегерін қызу құттықтап, қуанышқа ортақтас. Өйткені, бұл мекемеде Өтеген ағаның айрықша ізі қалған.

Тәлім-тәрбиенің арқасында болар, кісілікке кір шалдырмай, адам деген ардақты атқа дақ түсірмей келеді. Ұрпағына да адал еңбек етуді үйретуден жалықпады. Соның арқасы шығар, көп жыл ұстаздық еткен София жеңгей екеуі өсіріп тәрбиелеген балапандары бүгінде әр саланың білікті мамандары атанып жүр. Үлкен қызы – кардиолог, республикалық ауруханада жоғары санатты дәрігер болса, одан кейінгі қыздары да ел ішінде адал еңбек етуде.

Өтекең – рухани бай адам. Жеке кітапханасында қазақтың ғана емес, орыстың, тіпті, шетел әде­биетінің шығармалары да бар. Діни сауатты. Баюды ойлаған адам емес. Балаларына көлденең келген табыс­тың абырой әпермейтінін жиі айтып отырады. Қазір­гілердің кітап оқымайтынына, газет қарамай­тынына қынжылады.

«Осы жасыма келгенше мен басқа бір салада қызмет істеген адам емеспін. Елу бір жыл үзіліссіз бір ғана салада қызмет атқардым. Мен әрқашан қыз­меткерлеріме де халыққа мәдениеттілікпен, білім­­ділікпен, өз қабілеттеріңмен, жақсылап қызмет етіңдер деп айтып отыратынмын. Өйткені, Адамның басты байлығы – халқына істеген еңбегі» дейді Ө.Әбілқасымов.

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

17 + 2 =