Бәйгенің мақсаты – қазақ руханиятына аз да болса үлес қосу…

0 163

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қайрат ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, Әзірет Сұлтан мешітінің бас имамы

– Бүгін Астана қаласында «Тек­ті сөздің төресі – терме» бәй­ге­сінің қорытынды кеші өте­ді.­ Жалпы, бұл бәйгенің ерек­ше­лі­гі не?

– Осыдан алты ай бұрын Әзірет Сұлтан мешіті термеге бәйге жа­рия­­лаған болатын. Сол бәйге өз мә­ре­сіне жетіп, бүгінгі қорытынды кеште жүлдегерлер марапатталады. Бәйгенің ерекшелігі – тәуелсіздік алғалы алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бүгінде рухани тәрбие мен діни насихаттың құралы болған терме кейінгі кездері тоқырап қалғаны жасырын емес. Соңғы бір ғасырда 100 жаңа терме жазылмады десе де болады. Міне, осынау төл өнерімізді қайта жандандырып, дүниеге заманауи жаңа термелер тудыру мақсатында арнайы бәйге жарияладық. Яғни, негізгі мақсат – қазақ руханиятына аз да болса үлес­ қосу.

– Бәйге қоржынына қанша тер­ме келіп түсті?

– Барлығы 290 терме. Қа­ты­су­шы­лар арасында қарапайым адамдардан бастап, халыққа танымал ақын­дарымыз да бар. Жүлдеге ие болған үздік термелерді жинақтап, дискі шығаруды жоспарлап отырмыз.

– Түскен термелерді сараптап, бағасын берген қазылар алқасында кімдер болды?

– Бәйге жариялаған кезде қа­зы­лар алқасының аты-жөні жасырын ұсталып, оларға табысталатын жұмыстар да нөмірленіп беріледі деп ескерткен едік. Себебі, қазылардың кім екені белгілі болса, оларға да маза жоқ болар еді. Оның үстіне, қазақта рушылдық, жершілдік деген бар.

Ал, негізінен, қоржынға түскен термелерді сараптауға, үздіктерін анықтап, лайықты бағасын беруге көмектескен қазылардың арасында терменің майталман шеберлері, мақамды зерттеп жүрген ғалымдар, термешілер, сөздің парқын білетін ақындар болды. Терменің діни мазмұнын өзім қарадым.

– Жеңімпаздарға тігілген жүлде қорын айтып өтсеңіз?

– Бас жүлде алған жанға Sko­da­Oc­tavia маркалы автокөлік табыс етіледі. Жүлделі бірінші орын – 1 500 000 теңге, екінші орын – 750 000 теңгеден 2 адамға, үшінші орын – 500 000 теңгеден 3 адамға, ынталандыру сыйлықтары – 13 адам­ға умра қажылығы. Сондай-ақ, «Ең­ үздік мақам» және «Ең үздік орындаушы» номинациялары бойынша 6 адамға 150 мың теңгеден сыйақы бар. Сондай-ақ, «Ең жас ақын» деген де арнайы номинация қостық. Бұл номинация бойынша еліміздің ең жас ақыны Жамбыл Дүйсенов марапатталады.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 + 15 =