Байдың қашқан қадірін қашан қайтарамыз?

0 474

Егер бай мен кәсіпкердің қадір-құрметі бүкіл қоғамда мойындалса, онда ата-ана ұрпағына «ақша бәрін шешпейді, бірақ ақшасыз ештеңе шешілмейді» деп баласын сауда істеп, адал еңбек етіп бай болуға баулитын «бай әкенің» тәрбиесін береді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, пәленің басы – байлықта емес, кедейлікте.

Жаңылмасам, белгілі абайтанушы ғалым Омар Жәлелұлының әйгілі тележурналист, марқұм Нұртілеу Иманғалиұлына берген сұхбатында «Қазақ – қадірі қашқан ұлт. Қазақ өз тілін өзі құрметтеуі үшін алдымен қазақтың қадірін қайтару керек!» деген еді. Айтып-айтпай не керек, біз «бай» мен «саудагер» деген мәртебелі, қадірлі ұғымды санамыздан әлдеқашан өшіріп алған елміз.

Отаршылдық саясат пен жетпіс жылдық коммунистік жүйе үстемдігі ұлтымыздың мінез-құлқын, көзқарасын, тілін, ділін көп өзгеріске ұшыратты. Соның салдарынан ұлтымыз тегінде өзі жақсы көретін дүниені жек көретін, өзі ұнатпайтын нәрсені керісінше жақсы көретін «ғажайып» мінез-құлықты қалыптастырды. Бұл бізді өз құндылығымыздан жерітіп, дербес, тәуелсіз ойлау бағытымыздан айырды.
Тәуелсіздік алған соң, етек-жеңімізді жинап, өз-өзімізді тани бастадық. Бірақ өзгерген мінезіміз, шұбарланған тіліміз, дәстүрлі дініміз, ұлттық құндылығымыз өз орнына түгел қайтып келе қойған жоқ. Ақын Көдек Маралбайұлы «1932» деген өлеңінде:
«Большевик шу дегенде
байды құртты,
Байлардан мініп тұрған
тайды құртты.
Кедейді де, басқаны да
кәмпескелеп,
Қытайдан келіп тұрған шайды құртты, – деп сол кездегі жағдайды айнытпай жырлаған еді. Көдек ақынның бұл өлеңі сол кездегі нағыз шындық болатын. Қызыл коммунистер байлардың бүкіл малын тартып алып, өздерін атып, одан қалғанын итжеккенге айдап, тентіретіп жіберді. Сонымен бірге, «байлардан тай мініп тұрған» кедей-кепшіктің ұрпақтарына бай мен саудагерді «құбыжық» етіп көрсетіп, бұрынғы «бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы» дейтін жарасымды, берекелі қоғамдық құндылықтың тас-талқанын шығарды. Сөйтіп кейінгі ұрпаққа бай мен саудагердің сол кездегі қазақтың ақсүйектері мен нағыз интеллигенті, елдің құрметке лайық ұйытқысы екенін мүлдем ұмыттырып жіберді.
Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы құлап, қазақ өз тәуелсіздігін алғаннан бастап елдің басынан ұшқан бақ құсы қайта қона бастады. Бір бөлім азаматтарының «өрісі малға, қамбасы дәнге» толды. Қайтадан жаңа байлар пайда болды. Қоғам бай мен кедей деп екіге бөлініп, қазақ халқы қайтадан нағыз диалектикалы шынайы қоғамға аяқ басты. Алайда сол бай мен саудагер деген атауды естісек, оларды құрметтеудің орнына, жиіркене қарайтын пролетарлық санадан әлі құтыла алмай келеміз. Бұл – бізге үш ұрпақ бойы сіңірілген баяғы коммунистік идеяның әсері. Керек десеңіз, ел экономикасы тұралап, халықтың әл-ауқаты төмендеген тұста, еліміздегі бай мен кедейдің арасын алшақтатып, бір-біріне айдап салатындар тіптен көбейді. Жалпы ақпаратта бай мен саудагерді «құбыжық», «қансорғыш» етіп көрсету етек алды.
Әрине, мұндай ауқымның қалыптасуының да өзіндік негізі бар. Ол – тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде мемлекеттік биліктегі мүмкіндіктерінен пайдаланып, кейбір адамдардың мемлекеттің активтерін басып қалып, аяқастынан байып шыға келгендігі. Ал екінші бір топ заңсыз қарақшылықпен бай болды. Одан қала берді жемқорлықпен байып, кейін кәсіпкер болып кетті. Бұл жағдайды көзімен көргендердің бай мен саудагерге құрмет сезімінің болмауы – түсінікті жағдай.
Бірақ қандай жолмен байыса да, олар өзінің іскерлігімен отыз жылдық аумалы-төкпелі заманда мейірімсіз нарықтың толқынына батып кетпей, өзіне берілген мүмкіндікті жақсы пайдалана білді. Міне, қазір олар неше мың адамды жұмыспен қамтыған, мемлекетке миллиондап салық тапсырған ұлттық буржуазия болып жетілді. Анығырақ айтсақ, олар басқарған өндірістер мемлекет экономикасындағы жетекші кәсіпорындарға айналды. Олардың арасында таза, адал еңбекпен, маңдай терімен ақшасын тиындап құрап, бірді екеу етіп, саудасын дөңгелетіп байыған ауқаттыларымыз да аз емес. Ендігі жерде бай мен саудагерді большевиктерше БАҚ-та «құбыжық» етіп көрсетіп, олардың жағымсыз образын қалыптастыру енді кімге керек? Бұдан не ұтамыз? Керісінше, ұтыламыз. Кедейленгеннің үстіне кедейленеміз.
Мен қоғамдық ақпаратта еліміздің байларын жағымсыз тұлға етіп көрсетіп, олардың сары ізіне шөп салудың мынадай бірнеше түрлі зияны барын айтқым келеді:
Бірінші, бұл үрдіс байларды еліміздің болашағына сенімсіздік танытуға жетелейді. Сонымен, олардың ішкі нарыққа салуға тиісті қаржысы сыртқа ағылады.
Екінші, байларды ізгілікке жетелеуге, қоғамдық қайырымдылыққа шақыру тиімсіз. Қазақ – «жаным десе, жан семіреді» деп бірін-бірі қолпаштаған халық. Егер байларымызға шынымен мемлекет деңгейінде құрмет көрсетіліп, ақпаратта олардың ізгі істері айтылып жатса, кез келген ет жүректі пенде қуанады. Жасаған қайырымдылығының қайырын көріп, елдің болашағына сеніммен қарап, ізгілік жасауды өзінің борышы деп есептейді.
Бұрынғы қазақтың «жетімін жылатпай, жесірін қаңғырт­пауы» сол замандағы өз ауылынан қаңғырған жесір мен жылаған жетімнің көз жасын көруден арланатын қазақ байларының арқасы емес пе еді?! Енді сол дәстүрлі байларымызды қайта тірілту үшін ең алдымен ұрпақтың санасына бай мен саудагердің дұрыс образын қалыптастыру қажет.
Үшінші, ұрпақ тәрбиесінде ата-аналарды теріс бағытқа бұрады. Бұл ата-ананың ұрпағын бай болуға баулымай, керісінше, «ақша – қолдың кірі» деп, «кедей әкенің» тәрбиесін беріп, тек мансап қууға, шүкіршілік етуге жетектейді. Бұл – мына ғасырда аса қауіпті қателік.
Егер бай мен саудагердің қадір-құрметі бүкіл қоғамда мо­йындалса, онда ата-ана ұрпағына «ақша бәрін шешпейді, бірақ ақшасыз ештеңе шешілмейді» деп баласын сауда істеп, адал еңбек етіп бай болуға баулитын «бай әкенің» тәрбиесін береді. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, пәленің басы – байлықта емес, кедейлікте.
Жасыратыны жоқ, ақпараттық кеңістігімізде, бір қырынан қарағанда, күнде думан, күнде той жасайтын кеңестік жүйе­нің мәдениет-көркемөнер саласына басымдық беретін дәстүр әлі жалғасып келе жатыр. Сол арқылы халықтың мұң-мұқтажын ұмыттыруға тырысатындай әлдекімдер. Қазіргі телеарналарымызда шоу-­бағдарламалардың көптігінен көз сүрінеді. Сонымен бірге, мәдениет саласы мереке-мейрам сайын ақын-жазушы мен әнші-күйшілерге арзан атақтар мен медальдарды топ-тобымен таратып, марапаттап жатады. Ал экономика-сауда саласында күні-түні аянбай еңбек етіп, мемлекетке салығын тапсырып, қаншама адамды жұмыспен қамтып, мемлекеттің гүлденуіне талмай еңбек етіп келе жатқан кәсіпкерлерімізді олар өздері үшін байып жатыр деген пікір үстем.
Қазір кәсіпкерлікке байланысты беріліп келе жатқан марапат мүлдем жоқ емес, бар. Бірақ жеткіліксіз, мардымсыз.
Президент Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Шағын және орта бизнестің ахуалы қандай болса – халықтың жағдайы да сондай» деп ашып айтты. Негізі, қолдау-қуаттау, рухани шабыт беру алпауыт компанияларға ғана емес, іс жүзінде енді өсіп келе жатқан шағын-орта кәсіпорындарға көбірек керек.
Мен он адамнан артық жұмыскері бар немесе жылына бес миллион теңгеден жоғары салық тапсыратын шағын-­орта кәсіпорын иелерін байлар қатарына қосар едім. Олар – болашақта елдің экономикасын алға сүйрейтін жетекші күш. Сондықтан әр жердің эконо­мика-саудаға жауапты ведомстволары өз аумағындағы осындай орта-шағын кәсіпорындарымен тығыз қатынаста болып, олардың тыныс-тіршілігімен танысып, мемлекеттің тиімді саясаттарын таныстырып, өсіп-өркендеуіне қолғабыс етіп, жылдың соңында заң талаптарын берік сақтаған кәсіпорын иелерін лайықты марапаттап отырса жақсы болар еді. Ол марапат кәсіпорын мен кәсіпкердің мемлекеттік гранттар мен мемлекеттік тендерлерге қатысуына да өз септігін тигізетін тетік қалыптастырған жөн. Бұл – кәсіпкерге мемлекет тарапынан жасалған үлкен құрмет.
Мемлекеттің бай болуы, біріншіден, мемлекеттің тыныш ынтымағының кепілі. Екіншіден, басқа елдермен терезесін теңестірудің кепілі. Әлемде бір елдің екінші елмен терезесі тең болуы үшін ең алдымен оның экономикасы тең болуы қажет. Сол кезде ғана тепе-тең түрде өзара құрметпен қарайтын дипломатиялық қарым-қатынас жасауға болады. Әйтпегенде экономикасы нашар ел экономикасы күшті елдің қабағына қарағаны қараған.
Қысқасы, бай мен саудагер – мемлекет экономикасының қозғаушы күші. Мемлекеттің қуаттылығы мемлекеттегі байлардың байлығымен өлшенеді. Халықтың жұмыспен қамтылып, мамыражай тірлік етуі және сол байлардың шаруашылығының шалқуына байланысты. Сондықтан мемлекет және бүкіл ел болып «бай» және «кәсіпкер» деген ұғымға дұрыс көзқарас қалыптастырып, ұрпақты арзан күлкі мен мәнсіз ойын-сауық, мансап қууға емес, бай болуға тәрбиелеу – бүгіннің талабы, болашақтың кепілі.

Ербосын НҰРМҰХАНҰЛЫ, кәсіпкер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

five − four =