Байден және АҚШ-тың болашақ беталысы

0 99

3 қарашадан бері әлемдік қызық тақырыпқа айналған АҚШ-тағы сайлаудың да қорытындысы шығуға жақындады. Сайлауда жеңілгенін мойындаудан бас тартып келген АҚШ президенті Дональд Трамп Джо Байден командасына билікті тапсыруға келісті. «Мемлекеттің мүддесі үшін Эмили (жалпы қызмет әкімшілігінің жетекшісі) және оның командасына бастапқы протоколға сәйкес атқарылуға тиіс шараларды жүзеге асыруға келісім беремін» деп жазды Трамп twitter желісінде. Дегенмен ол сайлау нәтижесі үшін күресті әлі де жалғастыратынын ескертті.

Даудан ештеңе өнген жоқ

Осыған дейін Трамптың сайлау қорытындысын мойындамауы және билікті тапсырудан бас тартуына байланысты республикашылдар билікті тапсыру процесін кешіктірудің мемлекеттің коронавирус індетімен күресуіне және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін қамтамасыз етуге теріс ықпал ететінін айтып, қысым көрсеткен еді. Алайда «біз жеңдік» деген ұстанымнан танбаған Трамптың бірнеше штатта дауысты қайта санатып, соттың төрелігіне жүгінгенінен де ештеңе шықпады. Мәселен, Пенсильвания округтік соты штаттың президент сайлауы кезіндегі дауыс беру нәтижесін қайта қарауға негіз боларлық ешқандай дәлел таппаған. Трамп үшін бұл штаттағы соттың үкімі маңызды еді, себебі бұл өңірде жеңіске жеткен адам 20 электораттың дауысына ие болады. Бірақ сот үкімінен кейін жергілікті билік Джо Байденге берілген 80 мыңнан астам дауысты куәландырып, демократ кандидатқа берді. Ал Джорджия штатында дауысты қолмен санауда да Джо Байден жеңіп, сайлаушылар алқасының 16 дауысын иемденді. Сонымен Байден 306 дауыспен Трамптан (232 дауыс) көш бойы озып кетті.
Джо Байден АҚШ-тың 46 президенті ретінде келер жылы 20 қаңтарда қызметіне кіріседі. Биыл 77 жасқа келген ол АҚШ тарихындағы ең қарт президент атанса, 74 жастағы Трамп үлкен Буштан кейін бір-ақ рет сайланған АҚШ билеушісі ретінде тарихта қалмақ. Алайда бұл жолы есесі кеткеніне ашынған Трамп 2024 жылы қайта сайлауға түсуі де мүмкін. Дегенмен, келер кезекті сайлауда республикашылдар Трамптың қайта сайлауға түсуіне мүмкіндік бере ме, жоқ па оны уақыт көрсетеді.

АҚШ саясатының бағыты өзгере ме?

Саясатқа «Барлығы америкалықтар үшін» деген ұранмен келген Трамп АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің саясатына ықпал жасады. Иранмен, Ресеймен жасаған кейбір келісімдерден шығып, АҚШ-тың экономикалық мүдделеріне тиімсіз деп санаған «Транс тынық мұхиты серіктестігі» сияқты ұйымдардан бас тартатын жарлықтарға қол қойды. Әсіресе, Қытайға қатаң саясат ұстанған ол Қытаймен сауда соғысын жүргізіп, бүкіл әлемдік экономикаға әсер етті. Трамп билікті тапсыруға келіскеннен кейін Байден «АҚШ халықаралық қауымдастықтан оқшауланбай, керісінше әлемдік көшбасшылыққа дайын болуы керек» деп мәлімдеме жасады. Сарапшылар бұл Байденнің Трамптың «бірінші кезекте Америка» деген саясатына өзгеріс енгізудің бірінші қадамы деп бағалады.
Ендеше, алдағы 4 жылда Байден қандай саясат ұстануы мүмкін, анығын айтқанда, Байден мен Трамптың саясаты бір-біріне мүлде кереғар деп айтуға болады. Трамп Қытайға қырғидай тигенімен, Ресейге тым қатаң қабақ танытқан жоқ. Ал Байден болса, «АҚШ-тың басты жауы – Ресей, Қытай – бәсекелес» деп сайлауалды бағдарламасында ашық айтты. Демек, Байден Ресейге қатаң саясат ұстанатыны анық. Әсіресе, Украина мен Грузияның жағдайына байланысты Ресейді қыспаққа алуы әбден мүмкін. Ал Қытаймен қалыпты сауда қатынасын сақтап, Обама кезіндегі арбаны сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін саясатқа қайта көшуі ықтимал.
Қазірге дейін сайлаудың қорытындысы ашық жарияланбаса да, көп ел басшылары Байденді жеңісімен құттықтап үлгірді. Қазақстанның бұрынғы және кейінгі президенттері де ел қатарынан қалмай құтты болсын айтқанда, көршіміз Ресейдің президенті Путин ақсақтың аялына бағып, әлі үнсіз жатыр. «Байден жеңді» деген хабар таралғанда ешқандай реакция білдірмеген Қытай да 13 қарашада аяқ астынан құттықтау жеделхатын жолдады. 2016 жылдың соңындағы сайлауда Трамп жеңіске жеткенде алдымен құттықтаған әлем көшбасшыларының бірі болған Путиннің бұл жолы құттықтамауының себебін оның өкілі Дмитрий Песков сайлау қорытындысы ресми жарияланбағанымен түсіндірді. Демек, Қытай құрама штаттар өзіне тегеурінін батырмаса, Байден билігін Қытай жалдай жүріп, бір жағы Ресейден үстем түсуге тырысса, екінші жақтан, 2024 жылға дейін қазіргі дипломатиялық қыспақтан шығып алуға әрекет жасайды. Өйткені келер кезекті сайлауда АҚШ-та Майк Помпео сияқты Қытайға тіс-тырнағымен қарсы адамдар президент болса, Қытайды оңдырмайтынын Қытай билігі де әбден біледі. Сондықтан Қытай алдағы 4 жылда Орта Азияға ықпалын кеңейтуге, Ресейдің «Евразиялық одақты» желеу етіп Қытайдың экономикалық жақтан ірге кеңейтуіне жасаған тосқауылын жұмсақ күші арқылы бұзып өтуге барын салады.

«Қос қанды» Харрис

Байденнің сыртқы саясатында оның қасындағы екі адам маңызды роль атқарады. Оның бірі – вице-президент болып тағайындалған Камала Деви Харрис болса, екіншісі – Байден мемлекеттік хатшы лауазымына ұсынатын Энтони Блинкен. Биыл 55 жастағы заңгер әрі саясатшы Камала Деви Харрис – АҚШ тарихындағы вице-президенттікке сайланған тұңғыш әйел, сондай-ақ тұңғыш қара нәсілді әрі бойында азиялық қаны бар саясаткер. Оның анасы үндістандық болса, әкесі – Ямайкадан көшіп келген қара нәсілді азамат.
Харрис дәстүрлі афро­америкалық деп саналатын Ховард университетін бітірген. Кейін Калифорния университетінде заңгер дәрежесін алды. Бастапқыда аудан прокуроры болып сайланған ол бірнеше жылдан кейін Калифорнияның бас прокуроры лауазымын иеленген алғашқы әйел және алғашқы афроамерикалық атанды. Саясатта белсенді және өршіл Харристі қазірдің өзінде демократиялық партияның өсіп келе жатқан жұлдызы деп атауға болады. Өткен жылдың соңында ол да президенттік сайысқа қатысатындығын мәлімдеген еді, бірақ 2020 жылдың басында ол ойынан қайтып, Джо Байденнің кандидатурасын қолдап, «Оның АҚШ-тың келесі президенті болуына көмектесуге барымды саламын» деп мәлімдеді. Сарапшылардың кейбірі сексеннің сеңгіріне жақындаған Байденнен гөрі, осы адуын әйелге көп үміт артатынын жасырмайды. Тіпті, қалған 4 жылда Құрама штаттардың билігі қарттық алқымдаған Байденде емес, осы әйелдің қолында болады деп тұспал жасап отырғандар да жоқ емес. Ал Трамп болса, «Харрис барып тұрған суайт, ол әскери қаражаттарды қысқартуды қуаттап, тақтатас мұнайын өндіруге тіс-тырнағымен қарсы. Оның билікке келуі – АҚШ экономикасына үлкен соққы» деп баға берген болатын.
Ал АҚШ сенаты Байден ұсынған Блинкен кандидатурасын мақұлдаса, ол Дональд Трамптың төрт жыл бойы «бірінші кезекте Америка» саясатын өзгертіп, АҚШ-тың одақтастары мен бәсекелес­терімен қарым-қатынастағы «түйткілдерді» шешіп, қалпына келтірумен айналыспақ. Оның қатарында Қытаймен ушыққан қатынасты сабасына түсіру де бар.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × one =