Байбосынов биігі

0 225

Орда бұзар отызында Жастар одағы сыйлығын иеленді. Бұл – қазіргі «Дарынға» барабар сыйлық. Қамал алар жасында халық әртісі атанды. Ердің жасына келгенде Мемлекеттік сыйлықты қанжығасына байлады. Асқаралы алпысында туған елі құрметтеп, Қарағанды қаласындағы Жұлдыздар аллеясына есімі жазылған белгі қойды. Енді, міне, жетпіс жастың жотасына шығып отыр.«БАЛА БІРЖАН»

Әңгіме кешегі қазақ даласын әнге бөлеген сал-серілердің сарқыты, атамұра өнерді өзгеше өрнегімен, бедерлі бояуымен байытқан Қайрат Байбосынов жайлы болып отыр. ХІХ ғасырда Жаңаарқа жерінде емшілігімен, тәуіптігімен аты шыққан Кернебай Сүт­емгенұлы өмір сүрген. Ерекше қасиеті үшін жұрт оны «Бала Бақсы» атап кеткен. Сол атымен тарихта қалды.
Қаршадайынан қолына домбыра алып, асқақтата шырқаған Қайратты да жерлестері «Бала Біржан» атады. Бағы шығар, «болар баланың» бойындағы өнерін сол уақыттарда елге келген белгілі азаматтар да байқады. Алғашқы мүшелінде Кеңес Одағы Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланған академик Шапық Шөкиннің алдында ән салып, ғалымды тәнті етті. Кейіннен Жоғары Кеңес төрағасының орынбасары, ҚазКСР Ғылым академиясының президенті болған Шапық Шөкіұлы Жаңаарқа ауданының басшылығына Қайратқа қамқорлық танытуға, отбасына қарайласуға пәрмен береді.
Ал қара ормандай қазақ жұрты есімін он бес жасынан біле бастайды. Жаздың жаймашуақ күнінің бірінде Манақа жайлауында өткен шопандар тойында Біржан салдың «Адасқақ» әнінен бастап, әрі қарай «Әлі есімде», «Қызылорда вальсі» секілді сол кездің тамаша туындыларын шырқаған жетінші сынып оқушысы Қайрат Байбосынов жазушы, журналист Әмен Әзиевтің көзіне түседі. Қаламгер концерт аяқталған соң дарынды баланың орындауында «Ғазиздің әнін», Мәдидің «Қарқаралысын», Сәкеннің «Тау ішіндесін», Зеберше Оспанованың «Сүйгенім менің қалада», Шәмшінің «Бақыт құшағында» әндерін тыңдап, магнитофон лентасына жазып алады.
Арада көп уақыт өтпей, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1965 жылғы 6 тамыздағы санында жазушының «Қайрат – әнші бала» мақаласы жарық көреді. Автор мұны: «Қайрат – шын мәнісінде жаңа ғана гүл атқан дарын иесі. Ол – жас шынар… Біздің елде шын дарынға бөгет жоқ. Бүгін құлыншақ, бүгін тұлпар нәсілі – ертеңгі Құлагер. Ол сөзсіз мақсат нысанасына жетеді. Ойлаған тұғырға қонады» деп түйіндейді көрегендікпен.

ТІЛЕНДИЕВ ТІЛЕГІ

Сол 1965 жылы Қайраттың әншілік тағдырына әсер еткен бір оқиға болады. Абай атындағы опера және балет театры Қарағандыға гастрольдік сапармен келіп, Әмен ­Әзиев Жаңаарқада өзі көрген дарынды баланы атақты өнерпаздарға көрсету ниеті­мен облыс орталығына алдырады. Қайрат Нұрғиса Тілендиев­тің «Жан сәулем» әнін шырқайды. Фортепианомен аса көрнек­ті композитордың өзі сү­йемелдейді. Оның өнеріне әбден риза болған Нұрағасы көтеріп алып «Маған бала боласың ба?» дейді. «Боламын» деп жауап береді бала Қайрат саспастан. Содан бастап әкелі-балалы адамдардай екеуінің қарым-қатынасы композитор өмірден өткенше үзілмейді. Қазақ киносының классикасына айналған «Қыз Жібек» көркем фильмінде Нұрғисаның ықпалымен Қайраттың ән салуының өзі неге тұрады!
Ал опера театрының Қарағандыға сапары кезінде театр директоры Жексенбек Еркінбеков Қайратты Алматыға оқуға шақырады. Өнерпаз бала шақыруды қабыл алып, онжылдықты бітірген соң Алатау алабына аттанады. Жолы болып, дәл сол уақытта эстрада-цирк училищесінде ашылып жатқан ән жүйрігі Жүсіпбек Елебековтің сыныбына қабылданады.

ЕЛЕБЕКОВ ЕЛЕУІШІ

Олай дейтін себебіміз, конкурсқа жүз елу бала қатысады. Училище директоры Гүлжиһан Ғалиева, атақты музыкатанушы, композитор Ахмет Жұбанов, Жүсіпбек Елебековтің өзі оларды үш күн тыңдап, ақыры бес баланы ғана қабылдайды. Алдында өнерімен өзін тәнті еткен Жәнібек Кәрменов конкурссыз-ақ өтіп кетеді. Ал қалған бесеудің қатарында Жамбыл облысынан Берген Елубаев, Талдықорған облысынан Алма Кенже­баева, Алматы облысынан Әкімхан Базаргелдиев, Көкшетау облысынан Кенжеғали Тәшкенов және Қарағанды облысынан Қайрат Байбосынов болады. Соның ішінде Жүсекең Жәнібек пен Қайратты «Телқоңырым» деп атап, өзге шәкірттерінен ерек көреді.
«Кейде ойлаймын: «Қайрат пен Жәнібек болмаса, Жүсіпбектерден кейінгі халқымыздың әншілік дәстүрін елестету қиын-ау» деп. Бұл екеуі – ерекше жаралған талантты жандар. Тек қадіріне жетсе шіркін!.. Қайрат – әншілік өнердің дыбыс құдіретін, шабыт қуатын білдірсе, Жәнібек терең ой, ыстық сезіммен халықтың философиялық танымын аша түседі» деп жазады Жүсекеңнің жары Хабиба Елебекова «Ән-аманат» атты кітабында.
Шынында да, Жүсіпбек Елебеков шәкірттеріне асыл мұра болып саналатын халық әндерінен бастап, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естай, Мәди, Шашубай, т. б. халық композиторларының әндерін үйретіп, аманаттап кетті. Алғашқы оқу жылының өзінде Қайратқа жүз отыз жеті ән үйретті. Олардың көбісі көптен айтылмай, ұмытыла бастаған туындылар еді. Ал негізінен Елебековтің репертуарында үш жүздей ән болғаны айтылады. Соның бәрін алдынан дәріс алған өнерпаздарға сарқып беруге тырысты.

ПАҢ ПАРИЖДЕ

Қайрат Байбосынов эстрада-цирк училищесін аяқтаған соң, оқу орны жанынан құрылған «Гүлдер» ансамбліне жұмысқа қабылданды. Іле-шала бір топ өнер қайраткерімен бірге паң Париж қаласына гастрольдік сапармен барды. Қазақ әнінің құдіретін әлемге танытқан Әміре Қашаубаевтың бұл шаһарға сапарынан кейін арада жарты ғасырға жуық уақыт өткен.
Байбосынов алдымен Ақан серінің «Алтыбасарына» басты. Берікбол Көпенұлының «Ағаш аяқ» әнін шырқағанда, Әміре әні құлағында қалған қарт еуропалықтар сөздерін түсінбесе де, жадыраған болар. Айтқандай, бұл ән тосыннан «Ой, пәлі-ай» деп аяқталып, тыңдарманды селт еткізеді. Осы туындыны Қайраттың орындауында қанша тыңдасақ та, әсеріміз кеміген емес. Басқа әншілерден естігенде, орындаушыны біртүрлі менсінбей қалатынымыз бар.
Қайрат Байбосынов әншілік ғұмырында Еуропа мен Азияның талай елін аралап, Америка мен Африкаға дейін барды. Соның бәрінде жұрт үлкен қошеметпен қарсы алды. Әнші шетелдіктердің ән тыңдағандағы көңіл күйін де тап баса білді. Соған сай африкалықтардың алдында «Ағаш аяқ» секілді ойнақы әндерді шырқаса, Еуропаға барғанда кең тынысты, байсалды туындыларды салды.

ҰСТАЗДЫҚҚА БЕТ БҰРҒАНДА

Қырық жасқа жақындағанда, әншілікпен қатар, ұстаздыққа бет бұрды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория­сында Жәнібек Кәрменов және Алмас Алматовпен бірге «Халық әні» кафедрасының ашылуына мұрындық болды. Жиырма жылға жуық осы кафедраның меңгерушісі қызметін атқарды. Бір кезде өзі оқыған Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін басқарды. Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның арнайы шақыруымен 2009 жылы елордаға келіп, «Дәстүрлі ән» кафедрасының негізін қалады.
Қазір ұстаздық еңбек өтіліне де отыз жылдан асты. Осы аралықта қаншама шәкірт тәрбиелеп шығарды. Тізбелей бастасақ, марқұм Жақсылық Мырқаев, белгілі әншілер – Рамазан Стамғазиев, Айтбек Нығызбаев, Нұрай Танабаев, Гүлмира Сарина, Ержан Базарбеков, Баян Нұрмышева, Сырым Мұхамеджанов болып жалғасып кете береді. Біз білмейтін шәкірттері де баршылық болуы керек.
Ұстазының репертуарында үш жүздей ән болса, Қайрат шырқайтын әндер бес жүзден асады. Осыдан бес жылдай бұрын шәкірті Айтбек Нығызбаев пен күйші Қайрат Айтбаевпен бірге солардың бәрін топтастырып, «Сыр сандық» атты қазақ әндерінің антологиясын шығарды. Кітапқа халық әндері, халық композиторлары мен Қазақстан композиторларының туындылары енгізілді.

БІР ҚАСИЕТІ – ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Қайрат Байбосынов бала кезінде суретші болуды ойлады. Алайда әнге әуестігі жеңіп кетті. Арманын ұлы Мұхтар жалғады. Ол – Қазақстанның Суретшілер, Дизайнерлер және Еуразия дизайнерлері сияқты бірнеше одақтың мүшесі, доцент, өнертанушы.
Жалпы, қан жібермейді екен. Қайраттың әкесі Әукен домбырашы, қобызшы, қолөнер шебері болса, әншінің өзі домбырасының қақпағын ашып жөндей береді. Ал інісі Ахат – белгілі күйші. Бұл өнер бабасы Сайдалы Сары Тоқадан дарыған болуы керек. Қайрат та күйшіліктен құралақан емес. Музыка мамандары оның ән айтқандағы қағыс­тарынан Тотаңның, Ықыластың, Дайрабайдың, Мағауия Хамзин күйлерінің тарауларын танып жатады.
Қайраттың бір қасиеті – қарапайымдылық. Байбосынов қандай биікке шықса да, бетегеден биік, жусаннан аласа қалпынан айнымайды. «Таланттар қазір көп. Олар азайған жоқ. Дәріптейтін, жұртқа танытатын небір жақсы әншілер бар. Бірақ насихат жетіспей жатыр. Дипломын алған соң да олар қайда барарын білмейді» дейді әнші. Хас тұлпар жас тұлпарлар болашағына осылай алаңдайды. Біздің бір білеріміз, Қайрат қалыптастырған ән мектебінен кейін дәстүрлі өнер өлмейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + five =