БАХРЕЙНМЕН ЫНТЫМАҒЫМЫЗ НЫҒАЯ ТҮСТІ

0 104

Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Бахрейн королдігінің шейхы Хамад бен Иса әл Халифаны қабылдады. Кездесу барысында қос елдің басшылары экономикалық қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға арналған бірнеше құжаттарға қол қойып, Қазақстан мен Бахрейн арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі жалғаса беретініне сенім білдірді.

Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев: «Жоғары мәртебелі Бахрейн королі шейх Хамад бен Иса әл Халифа мырза, сіздің тұңғыш рет Қазақстанға, Астанаға келуіңізге орай қадамыңызға нұр жаусын дегіміз келеді. Біз екі ел арасындағы қарым-қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін жұмыс істейміз.
Өзіңізбен бірге осында кең ауқымды делегация алып келдіңіз, ол Қазақстанға деген сіздің көңіліңіздің, жүрегіңіздің үлкен сенімі бар екенін көрсетеді. Қазақстан Бахрейн Корольдігін өзінің араб еліндегі маңызды әріптестерінің бірі деп санайды. Бахрейннің тәуелсіздік күні де, Қазақстанның тәуелсіздік күні де 16 желтоқсанға келеді» деді.

Жерімізге тұңғыш рет ат басын бұрған құрметті қонақпен бірге сол елдің үкімет басындағы бірнеше лауазымды тұлғалары ере келді. Екі ел басшысының елордадағы кездесуі халықаралық және аумақтық қауіпсіз­­дік­ті күшейту, халықаралық қатынас­тарда тең құқық қағидаларын, серік­тес­тік пен диалогты нығайту мақсатында ұлттар арасындағы достық пен бауыр­мал­дықты барынша дамытудағы талпы­ныс­тың айқын көрінісі болды. Келіс­сөз­дер аясында саяси, экономикалық және гуманитарлық салалардағы өзара ынтымақтастық мәселелелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар егемендікті құрметтеу, шекаралық тұтастық пен мемлекетаралық қаты­нас­тарда ішкі істерге қол сұқпаудың халықаралық қауіпсіздік жолындағы қажеттілік екенін қуаттады.

«Қазақстан да сіздің ел сияқты тәуел­сіз­дік алғаннан бері үлкен қарқынмен дамып келеді. 1992 жылы біздің жалпы­ өнім 2,5 млрд долларды құраса, 2013 жылы 220 млрд долларға жетті. Енді 2050 жылға дейін бағдарлама қабылдап, қазір индустриялық стратегияны жүзе­ге асырып жатырмыз» деді Елбасы.

Бахрейн Корольдігі дінаралық және өркениетаралық диалогты дамытудағы Қазақстанның бағытын дұрыс санап, Қазақстан басшысының әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасына қол­дау көрсетті. Жергілікті билік те мамыр айында Бахрейн жерінде өтетін Өркениет және мәдениет арасындағы диалог конференциясына қатысуға өз ниеттерінің бар екенін білдірді.

Бахрейн королі Хамад бен Иса әл Халифа да Қазақстанға жасаған сапары­ның зор маңызға ие екенін айта келе,­ «Жоғары мәртебелі президент мырза, бауырлас қазақ еліне сапарлап келуімді қалағаныңыз үшін және көр­сетіп жатқан қонақжайлығыңыз үшін шексіз алғысымды білдіре отырып, болашақта екі жақты қарым-қаты­нас­тарды дамытудың алғашқы қадамы болады деп сенемін. Жеке кезде­су­де айтқанымыздай, біз екі ел ара­сындағы қатынастарды өте тығыз дамытуға мүдделіміз. Ол – біздің ортақ мақсатымыз» деді.

Нұрсұлтан Назарбаев және Хамад бен Иса әл Халифа екі ел арасындағы инвес­тиция, сауда, ауыл шаруашылығы және банк салаларына басты назар аударуға келісті. Сонымен қатар, Қазақстан және Бахрейн кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум өткізу мен қос ел кәсіпкерлерінің іскерлік кеңесін құру жөніндегі бастаманың негізі қаланды.

Кездесу барысында Ислам бан­кин­гін­дегі Бахрейн елінің мол тәжі­ри­бесі ес­ке­ріліп, сол жүйенің Қазақс­тан­­да­ғы дамуы сөз болды. Құрметті қонақ Астанада өтетін «ЕХРО-2017» халық­ара­лық көрмесіне белсене қаты­су­­­ға ниетті екенін айтса, қос тарап өкілдері алдағы жылдары­ Қазақ­стан­ның Бах­рейн­дегі және Бахрейн­нің Қазақ­стан­дағы жылдарын өткізуге келісті.

Екі ел өкілдерінің өзара келісімінің нәтижесінде өнеркәсіп, инвестиция мен шағын және орта кәсіпорындарды дамыту және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы екіжақты консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

16 + 18 =