БАҒЗЫДАН СЫР АУЛАҒАН БӘДІЗ БҰЙЫМ

0 238

фарфор

Қыруар иірім, сан қатпары бар, жария жайларының өзі құпияға бергісіз қытай мәдениетінің қадым заманалардан бетке ұстап, төбесіне көтерер бір тарамы – фарфор өндірісі екені әмбеге аян. Саз илеп, балшық бәдіздеу кәсібінің шығу тегі мен даму легі сөз болған сәтте ата-тарихтың өзі тап басып нақты датасын айта алмай, аздап шатасады: кейбір дереккөздер қытай фарфорының пайда болуын Хань әулеті билеген тұсқа (б.з. 206-221 ж.) ұзатса, енді біреулер оны Үшпатшалық дәуіріне (б.з. 220-280 ж.), ал келесілері Алты әулет (б.з. 220-589 ж.) пен Таң боғдыхандары (б.з. 618-906 ж.) басқарған кезеңге апарып жығады.

Әйтеуір, бұлың-бұлың заманалардан бері қытай императоры мен оның сарайының сән-салтанат  нышаны ретінде саздай илеп, қыштай күйдіретін фарфор бұйымдар мен ыдыстарды орта ғасырлық саяхатшылар Гао-Линь тауынан қазып алынатын жалқын сары саз балшығына бола «каолин» деп атаған. Оны Еуропаға Азия төсін шарлап қайтқан Марко Поло 1290 жылдар шамасында алғаш алып барды…

Ал, жер жаралып, су аққалы бері Аспанасты елімен бірде алысып, бірде берісіп, іргелесе күн кешулі біздің ата-балаларымызға «қытайдың қу шынысы» аса таңсық болмағанына ел аумағы, жер қойнауындағы көне қалалардың табанынан – Ұлы жібек жолының сорабынан табылып жататын археологиялық олжалар айғақ. Әйтсе де, тумысынан жылтырағанға қызықпаған, жылдырмаға елікпеген текті түркі – ілкі қазақ  «алтын, күміс – тас екен, арпа-бидай – ас екен» деп, қытайлар құнан өгізге балаған атасы қыш фарфорды да   мелдектей қымыз сіміріп,  тәлімси сорпа сораптар қайың көзе, күміс зерең қатарына қойды ма, кім білсін!?. Бір анығы – ханзу шеберінің қолынан шыққан фарфорлардың кез  келгенін Еуропа бекзадалары алтыннан артық бағалаған.

Қытай бәдізшілері   Цзянси провинциясынан қазып алынатын жасыл-сұр саз балшықты (каолин), дала шпаты мен кварцты пайдаланғанымен, өнімді дайындау технологиясын жеті қат жер астына жасырғандай аса құпия жағдайда ұстаған. Шеберлік сырын сыртқа шашып, машық көмбесін ашып қойғысы келетіндерді өлім жазасына кескен. Міне, сондықтан, 1710 жылы саксониялық алхимик Иоганн Фридрих Бёттгер (1682-1719) мен Эренфрид Вальтер фон Чирнхауз (1651-1708) фарфор дайындау құпиясының кілтін тауып, атақты Мейсен мануфактурасын құруға мұрындық болғандарымен, бәрібір, «чайнаның» (china – ағылшынша «фарфор» деген мағынаны білдіреді) шеберлік шыңына шыға алмады. Иә, әлі күнге дейін колориті мен бәдіздеу ерекшелігі жағынан алуан түрге бөлініп, тарихи (таң, хань, мин, цин және т.б.) кезеңдері мен жасалған (юес, яочжоу және т.б.) жеріне қарай сараланатын қытай фарфоры қаде тұтып, пайдаға жаратар тұрмыстық бұйым ғана емес,  болаттай беріктік пен гүлдей нәзіктікті бойына жинақтаған, алуан бояу, ашық реңкімен көз тартып, көңіл баурайтын жауһар өнер туындысы есебінде өз өресін төмендетпей келеді.

Бағзы заманалардан бері ұлттық нақышын жоғалтпай, жылдар өткен сайын кәсіби-технологиялық, стильдік -рәміздік тұрғыдан жетілдіріліп, ханзу халқының мақтанышына айналған осынау жәдігерлерді құлқы ұңғыт қытай басшылары қашан да көлкештеп, көлденең көк аттының сұғынан аулақ ұстауға тырысады. Тіпті, Қытай халық республикасының Қазақстандағы мәдениет күндері аясында Ұлттық музейде 25 қыркүйек күні Фарфор, керамика бұйымдар мен аспанасты ел табиғатын бейнелейтін фотосуреттер көрмесін ашу барысында да ҚХР мәдениет министрінің орынбасары Сян Чжауолунь:

– Фарфор – қытай мәдениетінің айнымас бөлігі.  Қазақстандықтардың назарына еліміздегі  ең танымал авторлардың 70-тен аса еңбегі ұсынылды. Көрмені арнайы Қазақстан үшін ғана ұйымдастырып отырмыз. Басқа елдердің мұражайларына апару ойымызда жоқ,- деп ашығын айтты.

Әріптесінің сөзін қуаттаған ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да:

– Біз егер алдыңғы жылдары екі елдің өнерімен тек жалпылама танысып жатсақ, қазір басқа деңгейге көштік. Қытайдың Қазақстандағы мәдениет күндерін  ұйымдастырар алдында  келіссөздер жүргіздік. Біз Қытайдың фарфор өнерін Қазақстанға әкелу жөнінде ұсыныс айтып едік. Оның қолдау тапқанына алғысымызды білдіреміз, – деп, елордалықтардың көзайымына айналып отырған көрменің оңғақтан орайы келе салар кезекті бір іс-шараның сойы емес екенін аңғартты.

Иә, «мың естігеннен бір көрген артық» демей ме?!. Ұлттық музей залына қазанның 14-іне дейін жайғасатын осынау көрмеге келіп, бағзы заманалар қойнауынан шым-шымдап сыр аулаған, қылдай нәзік қалыбымен, айдай әсем әдібімен жан баураған бәдіз бұйымдар түрін тамашалап, талғам безбеніне тартқанға не жетсін, шіркін…

 Зина ШАДАЕВА,

ҚР Ұлттық музейі ақпараттық-имидждік жұмыстар орталығының редакторы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 + 10 =