БАҒЗЫДАН БАСТАУ АЛҒАН «МӘҢГІЛІК ЕЛ»

0 760

күлтегін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты 2015 жылға арналған Қазақстан халқына Жолдауында: «Мәңгілік ел» идеясының бастауы тым тереңде жатыр. Осыдан 13 ғасыр бұрын Тоныкөк абыз «Tүркі жұртының мұраты – Мәңгілік ел» деп өсиет қалдырған. Бұл біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алатынын көрсетеді» деп қадап айтты.

Ұлттық идея мәселесі бүгін­де бар­лық посткеңестік мемле­кет­тер үшін маңызды болып отыр. Бүгінде қоғамымызда «мем­ле­ке­ті­міздің болашақ даму ба­ғы­ты­на қатысты ұлттық идея мен мем­лекеттік идеология қан­дай болуы тиіс?» деген пікірталас жүріп жатқандығын аңғаруға болады. Бұл туралы Қазақс­тан Республикасының Тұңғыш Президенті, ұлт лидері Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идея­сы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүр­мін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – «Мәңгілік ел» идеясы» деген едi.

Жалпы, «Мәңгілік ел» идеясы­ның үш негізден немесе үш тұғыр­дан тұрғаны анық. Біріншісі – Түр­кі қағанаты билеушілерінің (Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк ескерткіште­рін­де) саяси акт – «ма­ни­фест» ре­тінде әзірлеп, тарих сахнасына шығаруы; екіншісі – әл-Фарабидің философиялық шығармасында идея­ның теория­лық-философиялық тұр­ғы­дан не­гіз­делуі және үшінші – Жү­сіп Бала­сағұнның «Құтты білік» дидак­тикалық дастанында құқықтық мемлекеттің негізгі қа­ғи­даларының, яғни, Ата заң іргетасының қалануы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы мен интеграциялық үдерістерін ны­ғай­ту жолында көптеген идеялық және практикалық іс-шаралардың ұйыт­қысы болып, бірталай маңызды істерді жүзеге асырғаны мәлім. Ал, «Мәңгілік ел» мұраты – бар­лық түркілердің бір тарихи кезең – VII ғасырда, бір шаңырақ ас­тында тұрғанда қабылданған және жарияланған идея еді. Енде­ше, та­рих сынынан өткен бұл идея бүкіл Түркі дүниесі үшін ортақ және осы идея төңірегіне бірігу қазіргі жаһандану заманындағы түркі тектес халықтардың мұраты болары анық.

Көне түркі жазба ескерткіш­теріндегі саяси тұжырымдар, Əбу Насыр əл-Фарабидің «Қайы­рым­ды қала тұрғындарының көз­қа­растары» мен тағы бас­қа əйгілі туын­дыларының ой-идеялары, «Құт­ты білік» дас­та­нын­дағы  философиялық түйіндер, сая­си-әлеу­меттік болжамдар бір мəде­ниет­тің, бір өркениеттің, за­ман мен əлеуметтік жағдайдың ғана емес, біртектес ел-жұрт тіршілігі тұ­тастырған бір дүниетанымның же­містері. Тарихи кезең мен мем­лекетшілдік сипаттарын білдіретін ұғымдар Күлтегін жырларында да, әл-Фарабидің философиялық шығар­маларында да және Жүсіп Баласағұн дастанында да бірдей кездесіп оты­рады.

Алғаш рет «Мәңгі ел» идеясы Шығыс Түрік қағанаты әскерінің бас қолбасшысы Күлтегінге  бағышталған бітіктаста түркі еліне жария етіл­ген. Күлтегін ескерткішіндегі жазу­дың сол жақ бетінде: «Өтікен жынысын­да отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең» деп айтылған. Тура осы сөздер Білге қаған ескерткішінің оң жақ бетінде қайталанған.

Ескерткіште «мәңгі ел» Өтікен­де, яғни, түркі мемлекетінің бас ордасымен бірге айтылған. «Қа­ған», «қан», «хан» атауларының бір-бірімен тығыз байланысты екеніне кәсіби мамандар ерекше көңіл бөледі. В.Бангтың пікірінше: «йетікан» (жұл­дыз атауы) сөзіндегі «кан» және «мәңгілік елдің» сақ­талуын Түркі қағанатының аста­насы – «Өтікенмен байла­ныстырған Күлтегін мен Білге қаған ескерткіштеріндегі («Өтікен қойнауында отырсаң мәңгі ел тұтып отырар ең») сөздің соңғы буыны  «кен» ~ «кан» да осы. «Қан» сөзі батыс ғұндарда да болғанын таза, пәк патшайым есімді әйелі болғанынан байқауға болады. Атилланы Арықан (Арығ қан) деп те атаған. Атақты ақ ғұн әміршілерінің бірі Византия деректерінде Күн хан (V ғ. екінші жар­тысы) деп көрсетіледі және «хан» сөзінің ғұндар дәуірінің өзін­­де «ел» терминімен қатар қолда­нылғаны мәлім болып отыр. Асылы, түрікше екені бел­гілі және кей жер атауларында кез­десетін (мысалы, Хан­балық, Хазар астанасы) бұл тер­мин түріктер исламды қабылдаған соң да қолданыстан түскен жоқ. Сөздің ауқымды географиялық аймақта әр­түрлі мағынада қолданылғаны мәлім.

Белгілі бір дәрежеде «мәңгі» сөзі мен «ел» атауының мән-мағы­насында да сәйкестік бар. Мысалы, қазақта ескіден қалған, қазірде айтылып жүрген «Ел болайын де­сең…» деген аталы сөз бар. Бұл сөзді тереңінен ой­лап қараса: «тұрақты» немесе «мәң­гіге» ел-жұрт болайын десең… деген түсінікті аңғаруға бо­лады. Мысалы, Күлтегінмен заман­дас үш қағанның ақылшысы, кей жорықтарда қолбасшы да болған Тоныкөк бітіктасында «ел де ел бол­ды» деген тіркесінде «ел» сөзінің қайталануы елдің мәңгілік болуын мегзейді. Шыңғыс хан құрған им­перия да «мәңгі ел» атауын алды деген шындыққа жа­қын көзқарастар бар. Шынында да, Шыңғыс хан құрған империяның негізін түбі бір түркі және моңғол ру-тайпалары құрғаны мәлім. Шың­ғыс хан мемлекетінің астанасы етіп VIII ғасырдың басында Шығыс Түрік қағанатын «Мәңгі ел» деп жариялаған Күлтегін кесенесінің маңайындағы Қарақорымды (1220-1264)  таңдауы да кездейсоқ емес. Бұл өңірді ертеде ғұндар, кейіннен түркілер мекендеген. 1206 жылы осы Қарақорымда өткен құ­рыл­­тай­да Шыңғыс хан ежелгі түр­кі­лер­дің «Мәңгі ел» мемлекетін қал­­пына келтіру мақсатын көздеуі  қи­сын­ға келеді. Кей ғалымдардың «моңғол» этнос атауы емес, ол «мәң­гі ел» сөзінен пайда болды де­ген тұжырымының жаны бар. Осы сөздер қазіргі моңғол (ойрат) тілінде де сақталған. «Мөнх – мәңгі болу»  делінген онда.

Сонымен, жоғарыда айтылған­дарды қорыта келгенде, «қаған», «хан», «ел», «мәңгі» сөздері ба­ба­лар тарихында бір-бірімен тығыз байланысты, тіпті, кейде синоним ре­тінде қолданылғанын көруге болады.

Л.Н.Гумилев өзінің Орхон-Енисей ескерткіштеріне талдау жа­­сағанда руникалық жазулар эпи­тафиялық емес, елге үндеу, яғни, манифестік си­патта еке­нін айтып: «Ұлы Дала бұл ес­керткіштерде Қытаймен бірге емес, өзімен-өзі болуды манифест тү­рінде жариялады» деп, тың пікірді білдірген болатын. «Үш жазудың мә­тіндері де түркілердің барлық қо­ғам мүшелеріне үндеу тұрғысында айтылған, оның өзін­де ештеңемен бүркемелемей, ха­лықты сендіргісі ке­леді. Ендеше, жазу – үндеу, ондағы берілген материал таңдап алынған. Мұндай жанрдың болуының өзі сөз­дің түркі қоғамында нақты күш екендігін көрсетеді. Олай болса, да­мыған қоғам және қоғамдық пі­кір де бар». О.Сүлейменов те пуб­ли­цистиканы әлемдік тарихқа ес­керт­кіштің кірі­гуінің кезеңі ретінде, соны­мен қатар, бұқаралық санаға ке­ңінен тартылуы тұрғысынан қа­растырады. Ендеше, бұдан шы­ғатын қорытынды: «Мәңгі ел» көне түркі жазба ескерткіштерінде Ұлы Түркі қағанаты мемлекетінің манифесі ре­тінде жария етілген.

Ежелгі түркілердің «Мәңгілік ел» идеясын теориялық-фило­софиялық тұрғыдан негізін салып берген түр­кілердің көрнекті ойшылы, фи­лософы Әбу Насыр әл-Фараби (870-950) болды.

Әл-Фараби ежелгі грек фило­со­фиясы мен Шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түр­кі дүниесінің реалийлеріне сәй­кес «Мәңгі ел» идеясының саяси-фи­лософиясының теориялық не­гізде­месін «Қайырымды қала тұр­­­ғын­да­рының көзқарастары ту­ра­лы», «Азаматтық саясат», «Мем­ле­кет билеушінің нақыл сөз­дері» шығар­маларында баян­дайды… Сон­дықтан, бұл­ардың бәрі қазіргі таңда түркі тілдес мемлекеттердің ұлттық құн­дылықтары ретінде саналуы тиіс.

Әл-Фараби заманында түркі жұр­тының қала-мемлекеттері басым болды.

Сондықтан Әл-Фарабидің «қала»  түсінігін  «мемлекет» тү­сі­­ні­гі­мен сәй­кес қарастыру орын­ды. Өзінің «қайырымды» және «қайы­рымсыз» қалалардың әр­түрлі сипатын са­ралай келе, Әл-Фараби қо­ғам­ның жетілдірілген әлеуметтік құ­р­ылымын қайта жасады. Ол қала-мемлекеттің қоғамдық тұрмысының толық мінездемесін береді.

Орта ғасырда  ұлан-ғайыр өл­кені алып жатқан Қарахан әуле­ті­нің басқару тәртібін бел­гілей­тін ережелер, сондай-ақ, қо­ғам мүшелерінің құқылары мен міндет­терін айқындайтын тиісті заңдар жоқ еді. Міне, елдегі осы олқылықтың орнын толтыру мақ­сатымен Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» дастанын  жазды. Демек,  дастан белгілі бір мағынада елдегі Конституция қыз­метін ат­қарған. Шығармада ел бас­қару­дың, экономикалық-əлеу­мет­­­тік, тұр­мысты, əс­кери істі, т.б. ұйым­дастырудың,  мемлекеттің əл-ау­­қа­тын жақ­сар­тудың ерекшеліктері су­рет­керлік-философиялық әдіппен баяндалады.

Шығармада елдегі, қоғамдағы  ішкі тәртіпті халық мүддесіне, заңдылыққа негіздеп құру идеясы айқын көрініс береді. Осы идеялар негізінде бүгінгі Қазақстан өзінің ал­дына қойған стра­тегиялық, конс­титуциялық мін­­дет­терін, яғни, «Қазақстан Рес­пуб­­­ликасы өзін демократиялық, зайыр­­­лы, құқықтық және әлеуметтік мем­­­­лекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген қағиданы ойдағыдай жүзеге асыра алады. Өйткені, әрбір этностың өзіндік төл саяси ой-санасы, саяси міндеті мен мүддесі болады. Мемлекеттік саяси құрылыста осы рухани фактор іске қосылса, билік пен халық арасында жа­расымды қарым-қатынас қа­лып­­тасады. Билік пен халық ел тағ­ды­ры шешілер сәттерде өздеріне ор­тақ саяси құндылықтарды пайда­лана білсе, басқару жүйесінің жұ­мысы тиім­ді бола түседі, халықтың мемлекетшілдігі күшейеді. Себебі, Конституцияда көрсетілгендей: «Мем­ле­кеттік биліктің бірден-бір бас­тауы – халық».

Ж.Баласағұн халықты үш әлеу­меттік топқа бөле отыра бай­лар­дың, орташалардың, кедей­лердің ерекшеліктерін атап көр­сетеді. Ха­лықтың күштісі, белдісі – байлар, одан кейінгі топ – орташалар. Мем­лекет тірегі, міне, осы орта топ. Сондықтан орта топтың көбеюіне, баюына мемлекет үнемі қамқорлық етуі қажет. Ал, кедейлерге сүйеу керек, қамқорлық керек. Сонда би­лік көмегімен кедейлер орташаға өтеді. Орта топ байыса – еліңнің байығаны деген ойды айшықтайды. «Құтты білік» мемлекеттік билікті заңмен реттеудің нақты қолданбалы жолдарын көрсетіп береді. Оның осы тұрғыдағы пікірлері мен ұсы­ныстарының маңызы мен құндылығы қазірде төмендеген жоқ. Әсіресе, Ж.Баласағұн еңбегіндегі елдегі заң­дардың бүкіл халыққа қызмет етуі және орта топтың мемлекеттің әлеу­меттік тірегіне айналуы туралы идеялары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін өте маңызды. Бұл бағыт – қазіргі таңда «Мәңгілік ел» идеясын ұлттық идея ретінде жариялап отырған Елбасымыз Н.Назарбаевтың да   ұста­нып отырған стратегиялық саясаты.

  1. S.

Сонымен, бағзы заманалардан бастау алған ұлттық идеямыз қазірде тарихи сабақтастықты бастан кешіріп, тәуелсіз мем­ле­кетіміздің рухани тұр­ғыдан тұрақты даму ресурсына айналып отыр. Оны Елбасы  кеше ғана жария еткен  2015 жылға арналған Жолдауында айқын көрсетіп берді: «Біз Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын Нұрлы Жолға айналдырдық. Mәңгілік Ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан 2050» стратегиясының ғана емес, XXI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры» деді ол.

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

 профессор, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы Этносаралық қатынастар және ҚХА толеранттығы орталығының директоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 4 =