Бағытын айқындаған басылым

0 53

Тарихты түзуге адамзаттың бәрі атсалысады, бірақ тарихты жазу әркімге бұйыра бермейді. Әлемге мәшһүр қаламгер Оскар Уайльдтың осы мазмұнда айтқан сөзі еске түсіп отыр. Дәл бүгін ширек ғасырлық межені бағындырып отырған «Астана ақшамы» басылымының ұжымы осындай мәртебелі миссияны абыроймен орындап, ұлт тарихын шежіре беттеріне түсіріп келеді.

Ал «Астана ақшамының» жауапкершілік жүгі тым ауыр. Себебі ел тарихына ықпал ететін келелі кеңестер, айтулы оқиғалардың басым көпшілігі елордада өтеді. Елдің болашаққа бағыт-бағдарын айқындайтын шешімдер осында қабылданады. Демек, елорданың тәулік бойы толас таппайтын тыныс-тіршілігін, рухани-мәдени өмірін тасқа басып қалдыру – ел тарихын екшеумен сабақтасады десек, артық айтқандық емес. Бұл – «Астана ақшамының» ең басты мақсаты.
Бүгінгі таңда мер­зімді басылымдарға қойылатын басты талаптардың бірі – заманауи ақпарат тарату тәсілдерін, бірінші кезекте ғаламторды кеңінен пайдалану. Бұл орайда, қалалық басылымның ғаламтордағы нұсқасы ашылған және ол сапалы контенттермен молынан қамтылған. Онда тек төлнұсқа, яғни, журналистердің немесе авторлардың өздері әзірлеген, басқа ешбір жерде жарияланбаған материалдары жарық көреді.
Елорданың бас газеті ретінде, басылымда жарияланатын материалдар қаланың әлеуметтік,
экономикалық, мәдени және саяси тыныс-тіршілігін үздіксіз насихаттайды. Басылым жарнамасы көп жалған «қаһармандарға» емес, шын мәнісінде үлгі тұтуға лайықты тұлғаларға газет бетінен орын береді.
«Астана ақшамы» қазір өз бет-бейнесі қалыптас­қан, оқырманға айтары мол айтулы басылымға айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Бұндай басылым бір күнде ғана пайда болған жоқ. Газет шыққан алғашқы жылдардан бастап күні бүгінге дейін дәстүр сабақтастығы сақталып келгені де жүрекке жылылық ұялатады. Бүгінгі мереке үстінде ұжымды әр жылдары басқарған бас редакторлар Кенже Жұмағұлов, Жұмагүл Саухат, Мағжан Садыханұлы, Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Зейін Әліпбек және қазіргі басшы Еркін Қыдыр секілді әріптестерімнің басылымды оқырманның алтынға айырбастамас рухани олжасына айналдырудағы шығармашылық ізденіс­тері мен ерен еңбектерін атап өткім келеді.
Астаналық мәртебеге сай болу үшін басылым бетінде жарияланатын материалдардың тақырып аясы кең, мазмұны бай болуға тиіс. Біздің шығармашылық ұжым мүшелері жанрлық жан-жақтылықты жақсы меңгерген. Кез келген құбылысты, кез келген оқиғаны оқырманға жедел және қарапайым тілмен жеткізеді. Десек те, осы тұрғыда қарабайырлыққа жол бермей, шытырма проблемадан қашқақтамайтын қайратты жастағы «Астана ақшамының» алар асуы әлі де алда деп білемін.

Аяған САНДЫБАЙ,
«Астана ақшамы» газетінің
Бас редакторы
(2015-2016
жылдар)

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × five =