Бағымызға біткен байтақ қала

0 131

Қалалардың да жаны бар. Олар да өсіп, кемеліне келеді. Қала тұрғындарының қажетіне қарай сәнді ғимараттар бой көтеріп, кешенді орталықтар мен жайлы баспаналар салынады. Қала толықсып, халық саны артқан сайын іргесіндегі аймақтар қалаға айналып кете барады. Міне, осындай ғажап құбылыс біздің Астанаға да тән.

Осыдан 15 жыл бұрын – Есілдің жаға­лауындағы кәдуілгі облыс орталығы ажарынан ай қымсынып, күн қорғалатындай әсем шаһар, абат мекенге айналады-ау деп ойладық па?!

1994 жылғы 6 шілдеде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қа­­былданды. Одан кейінгі екі жыл көші-қонның дайындығына кетті. 1997 жылдың желтоқсанында алғашқы астаналықтар Ақмолаға ат басын тіреді. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компа­ниясы президентінің кеңесшісі Фарит Га­лимов сол жылдары құрылған Қазақстан Рес­публикасының Жоғарғы және орталық мемлекеттiк органдарды Ақмола қаласына көшiру жөнiндегi комиссиясының төрағасы ретінде көш бастап келді. Сол кездері Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Фарит Хабибрахманұлы елорданың алғашқы кірпіштері қашан қа­ланып, қалай бой көтергені жайында әң­гімелеп берген еді.

– Сол жылдары көп сөз болатын Сары­ар­қаның суығы мен ызғарынан ыққан емеспін. Өзім Солтүстік Қазақ­станның тумасымын. Петропавл қала­сында туып-өстім, сонда білім алдым. Свердловск қаласында Орал по­ли­­тех­никалық институтын бітірдім. Елге оралып, мамандығыма сәйкес құрылыс саласында еңбек еттім.
Бұл өте күрделі кезең болатын. Есте­ріңізде болса, электр жарығы бірде болса, бірде болмай, коммуналды-шаруашылық қызметі тұралап, көше­лердегі қар да тазалаусыз қа­ла­тын. Жал­ақы мен зейнетақы төлеуді айлап кешіктіретін. Қоғамдық көлік қызметі ақсап, елде ішкі миграция судай сапырылысып жатты. Біз «ғажайыпқа» емес, өзіміздің кү­шімізге сендік, алға қойған мақсатқа жету үшін тек еңбек ету керек деп шештік.

Міне, кедергілерге қарайламай, алға қарай адым­дай берудің арқасында барлық қиын­шы­лықтар артта қалып, күрделі мәселелердің түйіні шешілді.

Көшіп-қонудың қиындығы өз алдына, комиссияның басты міндеті түрлі министр­ліктер мен ведомстволардың қызметін жолға қою болатын. Ол үшін Алматыдан келген қызметкерлерді тұрғын жаймен, кең­семен қамтамасыз ету қажеттігі туындады. Мәдени-тұр­мыстық, қызмет көрсету сала­сының да жұмысын жақсарту кешенді түрде жүргізілуі тиіс еді. Елдің алды қонып, қалыпты тір­ші­лі­гіне кіріскен сәтте қаланың бас жоспарына конкурс жарияланды. Оның қоры­тындысы бүгінде көз алдары­ңызда. Отандық сәулет­ші­лермен бірге мақұлданған жа­пон сәу­лет­шісі Кисё Курокаваның қолтаңбасы қаланы жасылдандыру, эколо­гиялық үндесу мұратымен ерек­шеленді. Ол да бүгінде жүзеге асып жатыр.

Қала салу оңай емес, оны мына екі қолы­мызбен атқардық. Енді 15 жылды артқа тас­тап қайырылып қарағанда, сол тынымсыз тірліктің толық келбетін көреміз. Бұл – тұрғын үйлер, кеңселер, сауда және демалыс орталықтары, жолдар, жылу тораптары, бұл – су құ­­быр­лары, әлеуметтік мекемелер… Бұл – гүлденген қала, жасыл желектер, Есілдің қос арнасының көркі, өзеннің екі жағасын жалғап тұрған көпірлер. Мұның бәрі көзге ыстық көрініп, көңілге мақтаныш ұялатады.

Қаланың экологиялық ахуалы, қор­шаған ортаның жайы бізді әрқа­шан ойландыратын. Бұл да күрделі мәсе­ле­­лердің бірі. Адам баласы бір жерді ме­кен етіп, қоныс тепкенде тұрмыс қамы, шаруа қыбымен ағаш кесілмей, су мен ауа ластанбай тұрмайды. Адам баласының басқан жерінде осындай із қалады. Бүгінгі қала­лықтардың міндеті – экологиялық ахуалды ушықтырмай, қалыпты жағдайда ұстап тұруға күш салу. Осы мақсатта бірқатар шаруа атқарылып жатыр. Қаланың жасыл белдеуі, көше бойларында отырғызылған ағаштар эко­логиялық жағдайды жақсарта түсуде.

Міне, біздер, алдыңғы толқын, ерік-жігеріміздің арқасында тың жерге түрен салғандай ұлы істі бастап, Арқа төсіндегі алқадай ажарлы қаланың іргесін көтердік. Ке­ңестер одағында мұндай тәжірибе бол­ған жоқ. Бірақ, Астана абат қала ретінде танылып, әлем­нің географиялық кар­тасынан өзіне ойып орын алды. Енді қаланың келешегі кейінгі ұрпаққа аманат болмақ.

Айгүл УАЙСОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =