Бағланованы майданда тыңдады

0 38

Ұлы Отан соғысында минометші, барлау­шы болған Мысалы Махамбетұлы сұрапыл соғысқа 18 жасында аттаныпты.Биыл 95 жасқа толған майдангер 1925 жылы қаңтарда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Коммунар ауылында дүниеге келген. Қарапайым отбасында қазақы тәрбиенің қаймағына қанып өскен ол тәртіпшең, батыл болып ержетіпті. Ол кісінің осы бір қасиеттері соғыста да көп пайдасы тиген көрінеді.
1943 жылы мамыр ­айында әскерге шақырылған Мысалы Махамбетұлы алдымен Амурск-Слабоводск қаласында минометші болып жаттығудан өтсе, соңынан Мәскеу қаласында 4-инженер-саперлік бөлімшесінде барлаушылыққа дайындалыпты. Ленинград майданында барлаушылықпен қатар, мина тазалау жұмысына да атсалысқан ол Кеңес әскерінің жеңісті соғыс жүргізуіне бір кісілік үлесін қосыпты. Эстония, Латвия жерінде болған ұрыстарда да барлаушылық жасап, жау армиясының нақты жағда­йынан дер кезінде мәліметтер жеткізіп тұрғандықтан, қызыл армияның талай реткі шабуылдан үйлесімді қорғануына мүмкіндік жасапты.
– Ленинград түбінде сұрапыл соғыс жүріп жатқан кез еді. Жан-жағымыз ит тұмсығы өтпейтін орман, бір жағымызда Ладога көлі, кісіге өткел бермейтін құй батпақ тағы бар. Немістер сол орманмен көлдің арғы жағындағы тау-тастың арасында бекініс құрып, Ленинградқа ешкімді жақындатпауға күш салды. Бір күні командир маған шұғыл тапсырма беріп, жау әскерінің бекініс­терін толық анықтап келуді тапсырды. Алайда орман ішіндегі шөптің сынған сыбдырына дейін аңдып отырған немістердің көзіне түспей тапсырманы табысты орындау оңай емес еді. Сәтіне басқанда, сол күні Роза Бағланова біз тұрған жерге келіп концерт берді. Түнгі сағат 12 мөлшерінде Роза Бағланова «Ах, Самара-городок» деп ән салғанда, оған солдаттар қосылып, бүкіл орман іші жаңғырып тұрды. Мен сол сәтті пайдаланып, жаудың бекінісін анықтап келдім, ертесі сол мәлімет бойынша жауынгерлер 2 бағытпен шабуылға өтті, – деп еске алды Мысалы ата.Жеңіс хабарын Берлинге 60 шақырым қалғанда естіген майдангер соғыс біткеннен кейін де 5 жыл әскерде болып, өскен ел, туған жеріне 1950 жылы оралыпты. Елге оралғаннан кейін 1951 жылы Алматыда кинотехникумға түсіп, оны тәмамдағаннан кейін кино саласында 25 жыл қызмет істесе, кейін «Автобаза» мекемесінде есепші болып 15 жыл жұмыс жасапты.
Соғыста көрсеткен еңбегі үшін Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған майдангер 2009 жылдан бері астанада тұрады. 8 ұл-қыз өсіріп, 24 немере, 2 шөбере сүйген ақсақалдың денсаулығы да жақсы.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

three × 4 =