Бағдат ҚОЖАМБАЕВ, Қазақстанның мәдениет қайраткері: «ҚАРАТОРҒАЙДЫ» ҚЫТАЙДА ҚАЛЫҚТАТТЫҚ

0 138

Елордадағы мемлекеттік филармонияның камералық хоры аспан асты елінде өткен ІХ халықаралық хор фестивалінде алтын медальді қанжығалап қайтты. Бұл – бас қаладағы өнерге деген қамқорлықтың нәтижесі. Сүйіншілі оқиғадан кейін, араға көп уақыт салмай хор әртісі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Бағдат Қожамбаевты бірер сауалымен мазалаған еді тілшіміз. Шағын сұхбатты оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 Бағдат Қуатұлы, жеңістеріңіз құтты болсын! Жүлдеге алған алтындарыңыздың салмағы қаншалықты?

– Расын айтсам, бұл жеңіс хор мүшелерінің бірінің де түсіне кірген жоқ болатын. Үшінші орынды бағындырсақ та, қанағат тұтып, қуанып қайтар едік. Бірақ, біз жергілікті ұлт «Дүниежүзілік хор саммиті» атап кеткен өнер додасының биігін бағындырдық!

Шара жөнінде, сахнадағы бәсекелестіріңіз туралы тағы кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– Екі жылда бір рет Бейжіңде өтетін музыкалық форумға бұл жолы 67 елден және Қытай провинцияларынан 167 хор ұжымы қатысты. Ұжымдар кәсіби және әуесқой, ерлер, әйелдер, студенттер, балалар хоры бойынша сынға түсті. Бақталастарымыз да осал емес.

Бір айта кетерлігі, фестиваль басқа елдердегі әріптестерімізбен танысып, қызықты жобаларға қатысуға мүмкіндік берді. Әсіресе, Америка, Ресей, Индонезия, Моңғолия елдерінен келген ұжымдардың, Хэнань провинциясындағы балалар хорының өнері есте қалды.

Халықаралық додада қазақтың қандай шығармаларын орындадыңыздар?

– Қытайлықтар музыкаға өте құмар және сезімтал халық қой. Олар біз өнер көрсетердің алдындағы әзірлік кезінде қызғушылықпен ынта көрсетті, біздермен бірге суретке түсті. Ал хор Еңбек Ері, белгілі композитор Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсынан трагедиялық үзінді орындады. Көрермендер орындарынан тұрып тыңдады. Сонымен қатар біздер аспан асты елінің Ұлы Қытай қорғаны, Тыйым салынған қала, Аспан храмы сияқты көрнекті орындарында болдық. Қытайдың ежелгі мәдениетімен етене таныстық. Қытай қорғанында біздің хор ұжымы Қазақстанның Әнұранын орындағанда, қытайлықтар ду қол шапалақтады, сосын би ырғағында «Қараторғайды» шырқадық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 1 =