Бағдары бөлек байқау

0 34

Кеше «Әмен» анимациялық фильмдер кинофестивалі басталды. Онлайн форматта 2 күн бойы өткізілетін бұл шараға Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Татарстан және Башқұртстан өкілдері қатысты.

Биыл екінші мәрте ұйым­дастырылған фес­тивальді «OzgeEpic» заманауи өнер кеңістігі мен Қазақстан анимациялық киностудиялар қауымдас­тығы өткізуде. Қауымдастықтың басшысы Жәнібек Нұрбекұлының айтуынша, биылғы фестивальге 40-тан аса жұмыс ұсынылып, 37 фильм іріктеуден өткен.
Шараның ашылу салтанатында әр елдің мамандары анимациялық фильмдерді дамытудың, фильмдерді жасауда түркі тілдес халықтар арасындағы ынымақтастықты күшейту мәселелерін талқыласа, қазақстандық мамандар елімізде қазақтілді анимациялық фильмдерді көбейтудің қажеттілігіне тоқталды.
Шара аясында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қатысуымен «Қазақ анимациясының көкейкесті мәселелері» және «Түркітілдес елдердің анимациялық кино­өнерінің бүгіні мен ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстел және «Қазақстан: табиғат және адам» атты комикстер көрмесі ұйымдас­тырылды.
Бұдан бөлек, «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен қазақ анимациялық фильмдері ретроспективасы, яғни 1967-2020 жылдар аралығында жарық көрген «Ақсақ құлан», «Қаңбақ шал», «Тігінші мен ай» сияқты ең таңдаулы 13 мультфильмнің және «Керей мен Жәнібек», «Мұзбалақ», «Күлтегін» толықметражды фильмдерінің көрсетілімі болады. Сондай-ақ режиссер Қасиет Сақиолланың «Махамбет» мультфильмі тұңғыш рет халықаралық деңгейде көпшілік назарына ұсынылса, түркиялық режиссер-аниматор Исмаил Фиданның «Рафадан Тайфа жерасты хикаялары» атты анимациялық фильмінің Қазақстандағы тұсаукесері өтеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

8 − 3 =