Бағдарлама бағыты айқын

0 96

Сәуле ҚҰРМАНОВА,  Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының бірінші орынбасары:

Қазақстан халқының салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында қабылданған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының қабылданғанына екі жылдың жүзі болды. Әлбетте, мем­лекет қаржыландырып отырған бағ­дарлама ретінде оның орындалу барысы баршаға қызықты болар. Осы орайда Денсаулық сақтау басқармасына бірер сауалымызды жолдап едік.

– Бүгінгі әңгімеге арқау болып отырған бағдарлама 2011-2015 жылдарға арналғаны көпшілікке бел­гілі. Елордада екі жыл ішінде орындалған бағдар­ламаның көрсеткіші жаман емес. Алдымен «Саламатты Қазақ­стан» бағдарламасының көз­деген мақсаты не деген сұраққа жауап берейін. Қысқаша айтсақ, оның міндеті – медициналық қызметтің сапасы мен оған халықтың қолжетімділігін арт­тыру, арнаулы медициналық әлеуметтік қызмет­терді енгізу және денсаулық
сақтау жүйесін заманауи және нарықтық талаптарға бейімдеу.
– Бағдарламаның орындалу барысындағы нақ­ты көрсеткіштер қандай? Бір-екі мысал келтіре кетсеңіз…
– Алдымен айтайын дегенім, біз денсаулық сақтау саласының әр тармағына жеке-жеке талдау жасап отырамыз. Бағдарламаны жүзеге асырудың қазіргі көрсеткіші мынадай: адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып, бүгінгі таңда 73,3 жасты құрады, нәрестелердің шетінеуі – 11%, ана өлімі – 77,5% , әлеуметтік аурулар мен жалпы өлім-жітім төмендеді. Сондай-ақ, туберкулезбен ауыру көрсеткіші 19,1% және соның салдарынан болатын өлім көрсеткіші 22,8% кеміді. Тағы бір талдау қатерлі ісікке алғаш рет шалдығу көрсеткіші – 3,2%, қан айналым жүйесі ауруларынан өлім көрсеткіші – 22,6%-ға төмендеді, ал жедел миокард инфарктісінен өлім көрсеткіші
49%-ға азайғанын көрсетті.
– Айтыңызшы, бағдарлама шеңберінде қанша елордалық тұрғын тексеруден өтті? Жалпы, халықтың белсенділігі қандай?
– Түсінген адамға бұл бағдарламаның тиімді тұс­тары көп. Мысалы, Астананың әрбір тұрғыны дәрігерді, емхана мен аурухананы өз еркімен таңдау құқына ие болды. Жүрек және қан тамыры ауруларын оперативті жолмен емдеу, жамбас және тізе буындарын протездеуді Астанадағы республикалық медициналық орталықтарымен қоса қалалық ден­саулық мекемелері де атқара алады. Әлеу­меттік қызметкерлер инсти­тутын енгізу арқылы тұр­ғындардың арасында(та­­залық, дұрыс тамақтану, аурудың алдын алу) оң­тайлы жолға қойылды.

Ұлттық скринингтік бағдарлама аясында әлеуметтік ауруларды және олардың қатерлі факторларын ерте анықтау мақсатында қала тұрғындары арасында 11 түрлі скринингтік зерттеулер жүргізіліп, міндетті профилактикалық бақылау енгізілді. Мәселен, тек 2012 жылы 417 926 адам скринингтік тексеруден өтті. Олардың 4173-і қатерлі ісік алды ауруына, ал тағы 39-ы қатерлі ісік дертіне шалдыққаны анықталды.

Айнұр ШОШАЕВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve − three =