Бағдарлама көмегімен бизнесін бастады

0 9

«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өткен жылы 1212 елорда тұрғыны грант алды. Соның ішінде жастар – 858, көпбалалы отбасылар – 6, мүгедектер – 59, АӘК алушылар – 33 адам өз бизнесін бастады.Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағ­дылар мен біліктілік алу­дың тиімді жүйесін құруға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауды қоса алғанда, еңбек делдалдығының тиімді моделін құруға бағытталған.
Аталмыш бағдарлама негізінде кәсібін дөңгелеткен адамдардың бірі – Артем Арешкин. Ол өткен жылдың сәуірінде Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгініп, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік грант бағдарламасына қатысуға шешім қабылдады. Осылайша, «Электротехникалық және монтаждау жұмыстары» бизнес-идеясын ұсынып, 252500 теңге көлемінде грант алды. Бүгінгі күні жас кәсіпкердің Retro Light қызметтері нарықта сұранысқа ие.
Бағдарлама бағыттары бойынша жоғары оқу орнын бітірген жастарға да қолдау көрсетіледі. Екі жыл бұрын Айнұр Мұқашова С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін сәулет мамандығы бойынша тәмамдаған.
– Мен өткен жылдың 4 ақпанында Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтініш білдірген күні «Группа компаний Табыс Плюс» ЖШС-ке жастар тәжірибесіне жіберілдім. Қазір, міне, сәулетші ретінде жұмыс істеп жатырмын. Сол үшін алғыс білдіремін, өйткені осы бағдарлама тәжірибе алуға және кейіннен мамандығым бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік берді, – дейді ол.
Бұған қоса, «Еңбек» бағ­дарламасы аясында болашақ кәсіпкерлерге шағын несие беріледі. «Мен университетті бітірген соң отбасылық бизнесті одан әрі дамытуды шештім. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы туралы білгеннен кейін кәсіпкерлік қызмет негіздеріне оқыту курсына жазылдым. Автобөлшектерді сату нарығын зерделей отырып, өз ісімді кеңейтуді ұйғардым. Осылайша, сауда жасау үшін шағын несие алдым. Қазіргі уақытта қала бойынша 3 сауда нүктеміз жұмыс істейді. Бизнесім тұрақты табыс әкеледі. Автобөлшектерге деген сұраныс артуда» дейді Б.Қажымұқан.
Айта кетсек, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына жаңа толықтырулар күшіне енді. Қазіргі кезде кәсіптік оқыту оқытылған адамдарды жұмысқа орналастыруға кепілдік беретін жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ, көпбалалы және табысы аз отбасы мүшелерін кәсіпкерлікке тарту үшін оларға микронесиелер жылдық 4 пайыз­дан аспайтын пайыздық мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге берілетін болады. Жаңа ережеге сай, халықтың барлық санаттары үшін бірыңғай мемлекеттік гранттардың мөлшері 200 АЕК-ті құрады. Сонымен бірге көпбалалы және табысы аз отбасылардың мүшелері алдын ала оқытусыз грант алуға құқылы.
Осы жылдан бастап жас­тар тәжірибесіне «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» жобалары енгізілді. Бірінші жоба бойынша 29 жастан аспаған, оның ішінде NEET санатындағы азаматтарға, жұмыс тәжірибесі жоқ, білім беру ұйымдарының түлектеріне, еңбекке жарамды мүгедектерге бірінші жұмыс орнына жұмысқа орналасуға мүмкіндік бе­ріледі. Екінші жоба зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыс істейтін қызметкерді кейіннен ауыстыра отырып, жұмысқа орналас­тыруды көздейді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды