©2020 Астана Ақшамы
Бағдарды байыптаған жинақ
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия ғылымдарының докторы, Еуропа жаратылыстану ғылымдары академиясының және Оксфорд академиялық одағының академигі Досмұхамет Нұр-Ахметтің «Мемлекет және Ұлт» атты ғылыми монографиясының таныстырылымы болды. Бұл жинақ Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арналған. Жиын тізгінін ұстаған белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлы бұл шараның «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай арнайы өтіп отырғандығын айта келіп: «Жалпы, мемлекет және ұлт деген тақырыпқа қызықпайтын адам жоқ. Сондықтан бұл мәселе ешқашан назардан тыс қалып көрген емес. Кешегі алаш арыстары да осы ойды тереңірек қаузады. Ғасыр өткеннен кейін ол қайта жаңғырып отыр. Елге жаңаша пайыммен осындай іргелі еңбек ұсынып отырған Досмұхамет Нұр-Ахмет ағамызға ризашылығымызды білдіреміз» деп, алғашқы сөзді алыстан ат терлетіп келген, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы президентінің кеңесшісі Араша Болаевқа берді.
Ол кеш иесіне ізгі лебізін білдіріп, ғалымның кеудесіне жаратылыстану ғылымдары академиясының медалін тақты. Одан кейін Шоқан
Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың құттықтауы оқылды. Шараны Дихан ағамыз әзілмен әрлеп отырды. «Халықтың арасында мынадай сөз бар. Бұрынғы ғалымдарды оқытқан әл-Фараби, кейінгі ғалымдарды оқытқан Орақ Жалмырзаұлы деген» деп жұртты ду күлдіріп, келесі сөзді «Тұран-Астана» университетінің Экономика және инновациялық бизнес кафедрасының профессоры Орақ Әлиевке ұсынды.
«Досекең екеуміз Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде қатар оқыдық. Оның жазған ғылыми еңбектерімен жақсы таныспын. Нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысады. Ал бүгінгі толымды туындысы жайында көп дүние айтуға болады. Ғылыми жинақтың біраз артықшылығы бар. «Біз қайдан келдік, қайда барамыз?» деген ойларды қозғайды. Көп нәрсені астармен, емеурінмен жеткізеді» десе, профессор Тілеуғали Бөрібаев: «Монографияны бастан-аяқ оқып шықтым. Көп нәрсе жұмбақтап айтылған. Текстің астарындағы ойды оқып отырып, соның жетегімен кете бересіз. Жинақтың оқырманды түрлі күйге бөлейтін сәттері бар. Адамды бейжай қалдырмайды. Маған автордың ойының ашықтығы, шынайы позициясы ұнады. Еңбектен тағы бір ерекшелікті байқадым. Біз монография дегенде көз алдымызға том-том дүниелер елестейді. Ал оны осылай ықшам әрі нақты жазуға болады деген түсінік келеді» деді ол. Жиын барысында тағы басқа да ғалымдар сөйлеп, тың туынды жайындағы ойларымен бөлісті.
Шараны жаңа монографияның авторы Досмұхамет Нұр-Ахметтің өзі қорытындылады. Ол кісі орыс тілінде басылған кітаптың Мәскеуде жарық көргендігі мен жазылу барысынан сыр шерте келіп, жиында сөйлеген азаматтарға ризашылығын білдірді.
Азамат ЕСЕНЖОЛ